Білімге құштар өрен

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-23 11:20:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 201


Білімге құштар өрен


 

Түркістан облысы бойынша 1093 мектепте биылғы оқы жылында 553 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның 33 мыңнан астамы 11-сыныпты бітіруде. 27 мыңнан астамы ҰБТ тапсырады. Облыста 5 тестілеу пункті жұмыс істеп тұр.

Өңірде өнер-білімге құштар өрендер қатары жыл артқан сайын көбейіп келеді. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан орта білім беруді дамытудағы реформалардың жемісі деуге толық негіз бар. Сондай өреннің бірі ордабасылық –Жәнібек Әбілхан.

Ол биыл мектепті бітіруші жас түлек. Жақында Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 ұпай жинады. Білімі сарапқа салынған сынақта рекорд жасаған өреңді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Бұл шараға Жәнібек білім алған Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Исанова мен сынып жетекшісі Гүлзира Бортаева да қатысты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан жас түлекке ноутбук тарту етілді. Білімге құштар өреңнің талабын шыңдаған ұстаздарға да құрмет көрсетілді. Елімізде педагог кәсібінің беделін арттыруда мұндай қолдау қуаттаулар жиі ұйымдастырылады. Мақтаныш етер шәкірті көп ұстаз қоғамда үлкен құрметке ие.

–Зияткер оқушымызды білім нәрімен сусындатып, тәрбие берген ұстаздарға алғысымыз мол. Бұл бір күндік жұмыс емес. Жылдарға ұласқан еңбектің нәтижесі. Жәнібек секілді елді білімімен мойындататын шәкірттеріңіз көбейсін. Кәсібиліктеріңізді оқушылар арқылы дәлелдейсіздер. Жәнібек соның жарқын көрінісі. Білім ұясымен таныспыз. Мектептің маңдай алды түлегі ең мықты университетке оқуға түсуіне тілектеспіз. Таңдаған салаңыздың шыңына шығып, мемлекетімізде сұранысқа ие мамандардың бірегейіне айналыңыз. Ата-анаңыз, ұстаздарыңыз бен облыстың үмітін әрдайым ақтайды деп сенеміз. Биік белестерді бағындырыңыз!, - деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.

Еліміз бойынша ең жоғарғы ұпай санына алғашқылардың бірі болып ие болған Жәнібек Асқарұлы мамандық таңдауда информатика пәніне тоқтам жасаған. Көпбалалы отбасында өскен өрең бала күнінен-ақ зерек, оқуда ізденімпаз екен.

Жәнібек оқыған Темірландағы мектепте 1500 оқушы бар. Оның 100-і биыл мектеп бюітіреді. Ғимараты 1986 жылы салынған білім ордасының тозығы жеткені де рас. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы реновация тізіміне енгізілгенін мәлімдеді. Биыл нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Балалар жаңа оқу жылында жаңғыртылған мектепке барады. Бұл да болса Жәнібектей өреңнің білім бәйгесінде озып шығуының шарапаты болса керек.

 

 


Пікір қалдырыңыз: