Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-24 15:42:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 193
31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
31-мамыр – өткен ғасыр басында елімізде орын алған ашаршылық кезінде қырылған, жөнсіз қуғын көріп, шетелдерге босқан, атылған, жер аударылған, лагерьлерде азап шеккен миллиондарды еске алып, рухына тағзым ету күні. Біз ол кездің оқиғалары туралы біліп жүруіміз керек. Осы мақсатпен Шымкенттегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейіне барып, аралап көрген едік. Бізді онда қойылған жәдігерлермен музейдің экскурсия жетекшісі Дариға Дали (cуретте) таныстырды.
Су сұрап ішіп, жан тапсырған
Дариға бізді музеймен таныстыруды бір өзгеше суретті көрсетуден бастады. Сол, 1932-жылдары Қазақстанға әкесімен бірге жер аударылып келген Татьяна Невадовская есімді 19 жастағы қыз елде болып жатқан жайлар жөнінде күнделік жазған екен. Оның өзімен бірге алып жүретін фотоаппараты болыпты. Бірде, көктемгі уақыт болса керек, ол жанындағы адамдармен бірге келе жатып, жолда аштықтан қауқары кетіп, әлсіреп отырған қазақты көреді. Дыбысы шығар-шықпас болып әзер сөйлеген әлгі азамат жанына келген адамдардан су мен нан сұрайды. Татьяна фотоаппаратын жанындағы адамға ұстата салып, су әкелуге жүгіріп кетеді. Ол су әкелгенде әлгі адам тіпті де діңкәлап қалған екен, қолдары дірілдей төгіп-шашып, әзер ішеді. Жанындағы жолдастарының бірі оны осы кезде суретке түсіріпті, онда Татьяна да түсіп қалады. Бірақ оның өзі бұл жайында кейіннен біледі.
Татьяна аш адамға су беріп болғасын енді нан мен қант әкеле қояйын деп су сұрап алған үйге қарай қайтадан асығады. Қайтып оралғанында аш адамның өліп қалғанын көреді. Т.Невадовская кейін өзінің күнделігі мен суреттерін архивке табыстапты.
Аштықтан адам етін жеген...
«1917-жылы Қазақстандағы халық саны шамамен 6 миллион адамды құраған, ал 1930-жылға қарай кем дегенде 8 миллионға жетуі керек деп болжаныпты. Бірақ ашаршылық пен репрессияның салдарынан өсу орнына көп кеміген. 1939-жылы адам саны небәрі 2 миллион 500 мыңға дейін төмендеген. Яғни 3 миллионға жуық адам аштықтан, аурудан өлген, 1 миллионы көрші елдерге бас сауғалап, көшіп кетуге мәжбүр болған. Бұл экспозиция бөлімі толықтай ашаршылық оқиғаларына арналған. Орналастырылған құжаттарды оқып қарасаңыз, қорқынышты жайлар, тіпті адам етін жеген жағдайлар жөнінде айтылады», – деді Д.Дали бізге кезекті бөлімді таныстырып.
Біз сол жылдары жоғарыға берілген арнайы мәліметтердің бірқатарын оқып көрдік. Соның бірінде Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласында болған бір оқиға жөнінде былай делініпті: «...Адам етін жеу, адамды азық ету үшін өлтіру туралы... 11-16-ақпан аралығында бұған қатысты бірнеше оқиға тіркелді. Базарда дорбасында пісірілген адам еті бар әйел ұсталды. Сот-медициналық экспертизасы дене мүшелерінің 6-7 жасар балаға тиесілі болғанын анықтады. Мазараттан қапшығында бөлшектеліп, пісірілген адам еті бар, жанына бала ерткен қазақ ұсталды. Сондай-ақ сол маңайдан өлтірілген 22 жастағы қазақ әйелінің қар үстінде жатқан бөлшектелген денесі (сан еті кесілген, қолдары жоқ) табылды. Қарақала еңбекпен түзеу колониясында қамауда жүрген Шеженовтің камерасына азық ретінде адам еті апарылған. Қарақала қаласындағы азамат С.-ның пәтерінде белгісіз әйелдің мәйіті сақталған. Тергеу жүргізіліп жатыр...».
372 ірі көтеріліс болған
Қазақстандағы алапат аштықтың орын алуына 1928-жылы жүргізілген ірі байларды тәркілеу, жұртты отырықшылыққа ұжымдастыру, КСРО-ның басқа аумақтарына шамадан тыс азық-түлік жинау кезінде орын алған зорлық саясаттың аса көп зияны тигені белгілі. Сол кездері жүздеген мың қазақ баласы тұл жетімдікке душар болған. Музейдегі экспозицияның келесі бір бөлімі осы тақырыпқа арналыпты.
«Ашаршылық жылдарында жетім балалардың саны күрт артқан. Себебі ата-ана өздері аш болса да тапқанын көп жағдайда баласына апарып береді. Сол кездері 9 жасқа дейінгі балалар арасында өлім көрсеткіші 60 пайызға дейін жеткен. Мұның бәрі айтылмайтын болған, құпия сақтауға тырысқан. Ал бұл жайлардың соңы елде үлкен көтерілістердің шығуына апарып соққан. 1929 – 1931-жылдар аралығында 372 ірі көтеріліс болған. Ең ірісі – Оңтүстік Қазақстан өңірінде орын алған «Созақ көтерілісі».
Көріп отырғаныңыздай, көтерілісті басуға барған әскердің жарақталуы жақсы. Әскерилердің саны бар-жоғы 250 адамды құраған. Ал көтеріліске қатысқан адамдардың қарулануы нашар, олардың саны шамамен 30 мың адамдай болған. Тек 70-ке жуығында ғана аңшы мылтығы болыпты. Басқаларының қаруы нашар, көбі айыр, балта сияқты тұрмыстық заттармен қаруланған. Көтеріліс жеңіліспен аяқталған. 400-дей адам атылып, 300-дейі тұтқынға алынған, көтеріліс басшылары істері сотқа жіберілмей-ақ бірден ату жазасына кесілген», – деді Дариға бізге Созақ көтерілісіне қатысты қойылған панораманы көрсетіп. Онда Қаратау баурайындағы ескі Созақ көрінісі, снаряд тиіп, өртеніп жатқан үйлер, сол жақ бетінде шабуылға шыққан атты әскер, оқ жаудырып жатқан зеңбірекші, пулеметшілер, ал оң жағында қолына түскенмен қаруланған аттылы-жаяулы көтерілісшілер бейнеленіпті. Панорама сыртында сол кездері түсірілген архивтік суреттер қойылыпты, қаза болған, тұтқынға алынған адамдардың тізімі тұр. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда болған Адай көтерілісі басшыларының суреттері де бар. Бұл көтеріліске қатысқандардың да көбі атылған, жер аударылған, сол кездері Қазақстанда көптеп салына бастаған еңбекпен түзеу лагерьлеріне жіберілген.
130 мың адам сотталып, 25 мыңы атылған
Музей ғимаратының дәл ортасына репрессия жылдарында азап көрген адамдарды бейнелейтін ескерткіш қойылған. Оны айнала қазақтың болашағы үшін күресіп, сол жолда жан қиған Алаш арыстарының суреттері тұр, өмірбаяндары жазылған. Олардың басым көбінің ғұмыры 1937-1938-жылдары үзілген.
«Қазақстан бойынша 130 мыңға жуық адам репрессияға ұшыраған, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Оңтүстік өңірінен репрессияға ұшыраған 7 мыңға жуық адамның 2500-дейі атылған деп көрсетіледі. Көпшілігі сауатты, білімді, қызмет атқарып жүрген жандар болған. Мысалы, Дүйсенбай Алтынбеков – оқыған, жауапты қызмет атқарған адам. Ол өзінің қызметін тастап, туған жері Отырар ауданына барып еңбек еткен, сонда аудандық атқару комитетін басқарған. Ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін су жеткізетін канал салдырған. Сол үшін мемлекетке қаржылай шығын әкелген деп айып тағылған, «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген», – дейді Дариға.
«Албастысай» ақиқаты
«Дендросаябаққа қарсы бетте орналасқан «Қасірет» мемориалы тұрған аумақта жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарында ең жоғарғы жазаға кесілген 2,5 мыңға жуық адамның 90 пайыздайы атылған. Олар сонда жерленген, бірақ нақты кімнің қай жерде жатқаны белгісіз. Сол азаматтардың көбінің атылған жері құжаттарда «Лисья балка», яғни «Түлкілі сай» деп көрсетілген. Кейіннен ол аумақ ел арасында «Албастысай» деп аталып кеткен. Себебі атылған адамдардың кейбірі бірден жан тапсырмаған болуы мүмкін, қансырап, айқайлап, ыңырсып жатады, сондықтан маңайдағы ауыл тұрғындары ол жақта жын-шайтан мекендейді деп қорқып, бармайтын болған. Кейін сол аумақта «Қасірет» мемориалы ашылды, онда жұртшылық жыл сайын жиылып, жазықсыз опат болғандарды еске алады, рухына құран бағыштайды.
Атылғандардың көбі ер азаматтар. Арасында әйелдер де кездеседі. Мысалы, Мунавар Ысқақова мамандығы бойынша журналист болған. Ашаршылық кезінде Голощекиннің саясатын сынап мақалалар жазған. Сол үшін «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген. Оның күйеуі Махмұт та репрессияға ұшыраған, ату жазасына кесілген. Артында ұрпақ қалмаған.
Мына кісі – Тәңірберген Отарбаев, Бауыржан Момышұлының ұстазы болған адам. Қаламыздағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектептің негізін қалап, тұңғыш директоры қызметін атқарған. Ол кісі де «халық жауы» деп айыпталып, ату жазасына кесілген.
Кеңес өкіметі дін өкілдерін де қатаң қудалаған. Солардың бірі – қазіргі Шаян ауылындағы ірі мешіт-медресенің негізін қалаған Аппақ ишан. Ол Өзбекстандағы діни оқу орындарымен бәсекелесе алатын сол мешіт-медресені салу үшін губернатордың өзінен рұқсат алған адам. Аппақ ишан бес ұлымен бірге репрессияға ұшыраған, өзі айдауда жүріп, Павлодар түрмесінде қайтыс болған», – дейді экскурсия жетекшісі.
Осы тұста репрессияға ұшыраған адамнан қатаң жауап алу сәтін бейнелейтін көрініс қойылыпты. Сол кездері тағылған айыпты мойындату үшін азаптап-қинаудың 50-ден астам түрі қолданылған екен.
«ҚарЛаг», «АЛЖИР» қасіреті
Музейдегі бір бөлім Қазақстанда «еңбекпен түзеу лагерьлері» деген атпен ашылған лагерьлерге арналған. Соның ең алғашқысы әрі ең ірісі - «ҚарЛаг»-тағы көмір шахталарын игеру үшін онда 52 мың отбасыны көшірген екен. Көмір, металл өндірген, теміржолда, басқа да нысандарда ауыр бейнетке жегілген олардың көбі репрессияға ұшырағандар болған.
«Олардың қатарында кішкентай балалар да болған. Еңбекке жараса, оларды да ересектермен бірге жұмысқа жегіп отырған. Сонда бір жасқа жетпей шетінеп кеткен балаларды жерлейтін зират болған. Ол «Мамочкина могила» деп аталған.
Жалпы, Қазақстандағы 1 миллиондай репрессия құрбандары осындай лагерьлерде болған. Ал Кеңес Одағы бойынша олардың жалпы саны 10-12 миллион адам болған деп көрсетіледі», – дейді Д.Дали.
Сондай-ақ музейде депортацияға ұшырап, Қазақстанға зорлап көшірілген ұлттар тағдырына қатысты құжаттар да қойылыпты. Бір бөлім 1986-жылы алып Кеңес Одағы империясын дүр сілкіндірген әйгілі Желтоқсан көтерілісіне арналған. Ал екінші қабатындағы «Тағзым» залында репрессия жылдарында атылған 2464 адамның аты-жөндері жазылған. Еске алу, танысу қанша ауыр болса да мұны әрбіріміз, ұрпағымыз біліп жүруі тиіс.
Д. ОРАЗ.