Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-24 12:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 125
Қазақ тойшыл дейміз. Тойдың көп болғаны жақсы шығар, бірақ шектен шықпау керек. Басқасын айтпағанда бүгінде баланы бесікке салса да, тұсау кескенде де кемі 100-150 адам шақырып, той жасайтын болды. Ысырапшылдықты айтпағанда, мән-мағынасыз тойлар адамдарды мезі етіп жүр. Той мәдениетін қалыптастыру жайы жиі айтылып жүргенімен, билік нақты шара қолдануға асығар емес. Көрші Өзбекстан бұл мәселеде бізден озып тұр. Оларда той әкімдіктің бақылауында. Кешке белгіленген уақытта аяқталмаған тойға полиция кіріп, тарау керектігін ескертеді. Ескертуді елең етпегендерге шара көріледі.
Жуырда алатақиялы ағайындардың мемлекет басшысы Шавкат Мирзиеев алқалы жиында былай деді: «Бүгін маған жаңа жоба ұсынады. Енді жаңа Неке үйі жұмысын бастайды. Біз тойлар туралы айтып жүрміз. Бұдан былай неке сарайлары тек некені тіркеумен ғана айналысып отырмайды. Бұл жерде де 200 адамға арналған той жасайтын орын болады. Тойда қанша әртіс, қанша ішімдік, қанша ет, оның ақшасы қанша болатынын айту керек. Неке сарайындағылар рұқсатты шығынды сарапқа салып барып береді. «Болмаса тойыңызды Тәшкенге барып жасап келіңіз», – деп ашығын айтады. Қайбір неке сарайы, қайбір жастар, қайбір аудан әкімі біз қабылдаған шешім бойынша той жасамаса, жауапкершілікке тартамыз. Ысырапшылдықты Құдай да кешірмейді. Неке сарайында қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып әдемілеп той жасап, жастарды үйіне жеткізіп саламыз. Ол жерде кітап, өлең оқиды. Еуропаша дискотека болмайды. Ән айтады. Ол әнді түсіну керек. Қажет болса өзіміздің салт-дәстүрімізде бар ойындарды ойнасын. Соны неке сарайының басшысы дұрыс жасамады ма, басымен жауап береді. Бір жерде дұрыс емес той болды ма, жұмыстан кетеді, бітті».
Міне, Өзбекстанда енді осындай талап. Талап орындалмаса – жаза қатаң. Осыдан кейін ешкім де 400-500 адам шақырып, аста-төк той жасамайды, ысырапшылдыққа жол бермейді. Ел-жұрт та табысының көп бөлігін тойға жұмсап мезі болмайды. Бізге де осындай нақты қадамдар жасайтын уақыт жетті.
Ұ. БЕК.