Бала құқы қорғалуы тиіс бірақ еңбектен шектеуге де болмайды

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-26 15:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 125


Бала құқы қорғалуы тиіс  бірақ еңбектен шектеуге де болмайды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні     

 

Қоғамның бүгінгідей қатыгезденген заманында бала құқын қорғау өте маңызды. Шүкір, қазір бала құқы заң аясында қатаң қорғалған. Тіпті, ата-анасы да дауыс көтеріп ұрса алмайтын дәрежеде. Мұндай жағдайда балаңызды қатаң талап қоя отырып, еңбекке баулып көріңіз. Қамалып кетуіңіз ғажап емес...

Жә, бірді айтып, екіге кетпейік. Айтпағымыз басқа. Биылғы оқу жылының аяқталуына байланысты барлық білім ұяларындағы сынып жетекшілер балалардың қолына ата-аналарға деп бір жапырақ қағаз беріп жіберуде. Онда жазғы демалыс кезінде баланың қауіпсіздігінен бөлек, оған жұмыс істетпей, кешкі сағат 22-00-ден кейін үйде болуына жауапты екеніңізді ескертеді. Бірақ, осы талап қаншалықты дұрыс?

Алда үш ай демалыс. Осы уақытта бала немен айналысады? Иә, 10-15 күн лагерьге барып келер. Содан соң ше? Амал жоқ телефонға телміреді. Оның зияны айпаса да түсінікті. Ал, жұмыс істеуіне болмайды. Талап солай. Себебі бала құқы бұзылады. Баланы нағыз еңбекке баулитын уақытта оған заңмен тыйым салынып отыр. Ата-бабаларымыздың аузынан шыққан әрбір сөз баланы еңбекке баулуға бағытталса, жұрт келмеске кетті деп қуанған Кеңес Одағы тұсында жазылған әрбір шығарма, өлең, әңгімелердің өзегі еңбекпен ұштасқан. Тіпті, «Адамды адам еткен – еңбек» деп те ұрандаттық. Батысқа еліктейміз деп осы байлығымыздан айырылып қалғандаймыз. Ендігі шығармалар жаппай баланы еңбекке баулуға емес, оның құқының бұзылмауына, балалық травмадан сақтауға арналатын шығар. Әрине, ол да керек, бірақ, баланы еңбек етуден шектеу – болашағына балта шабумен бірдей.

           Біздің балалық шағымыз қалай өтті? Мектепте 6 сыныптан бастап сыныптың еденін кезекпен жуып, еңбек пәнінде түрлі қара жұмыстарды атқардық. Сынып болып барып, совхоздың шөбін шаптық. 9-10 сынып оқушылары күз бен көктемде 1 ай қойшыларға көмекке баруы міндетті еді. Кей өңірлерде мақта терімге көмектесетін. Сол кезде ешкім бізге құқың бұзылды дегенді айтпапты. Бәлкім дұрыс та болған шығар, соның арқасында еңбектің пайдасын, қара жұмыстың не екенін біліп өстік.

Мектеп жұмыстарынан босай салып ата-анамыз өмірі бітпейтін үй шаруасынан бөлек «көмектесіп қайт» деп апталап туыстардың үйіне апарып тастайтын. Олар да бізге қонақ бала деп қарамай, бір-екі күннен кейін-ақ шөп шабу, бау-бақша егу, қора тазалау, тезек істеу секілді жұмыстарға жегіп қоятын. Кешқұрым доп теуіп, ойнап та үлгереміз. Кейін ол үйдің баласы бізге келіп, мың сан тірлікке қолқабыс жасайтын. Ол кездің ата-аналарының да түсінігі басқа еді ғой. «Менің балам не үшін өзгенің жұмысын істеуі керек» деп кергімейді, керісінше, соған үйретуші еді. Баланың бойындағы «эгоны» осылай сындыратын. Содан бала көпшіл, бауырмал болып өсетін. Қазір бәрі керісінше. Туған бауырлардың балалары да бір-бірінің жұмысын жеңілдетіп, көмектесуі сирек кездесетін «құбылысқа» айналды. Мұғалім оқушыға сәл қатты сөйлеп қойса, «көресіні көреді». Ата-ана баласына ұрысса кінәлі болып, айыппұл арқалайтын заман болды. Соның салдарынан балаларда әлжауаздық пайда болды. Әскерден қашады. Сәл қиындыққа тап болса, суицидке ұрынады. Еңбекке ерте араласқан баланың өлгенін көргеніміз жоқ. Керісінше, өз қатарларынан көш ілгері жүруде. Бәлкім Президент айтқан болашақ еңбек адамдары осындай таза еңбектің арқасында жетілетін шығар. Ал ештеңе істемей, жастайынан әкесі мен анасының ерке баласына айналғандар ержеткенде де сол масылдықтың шырмауынан шыға алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп жүр.

25 мамыр күні Шымкенттегі көлік базарына бардым. Қолына «Сатылады» деген бір жапырақ қағазды алып жүгіріп жүрген балалар қақпадан кіргеннен алдыңнан шығады. Кілең 3-4 сыныптың оқушылары. Олар қолдарындағы бір парақ қағазды 100-150 теңгеден сатып жүр. Дөңгелекті жылтыратып сүртіп бергені үшін 200 теңге сұрайды. Әйнекті сүрткені - 100 теңге. Пісте, бәліш, балмұздақ пен салқын сусын сатып жүргендер де аз емес. Бұған ашулана қоймайсың, керісінше, еңбекқорлығына сүйсінеді екенсің.

Біз солардың бірін әңгімеге тарттық. Есімі Нұржан екен. «Базарда жүрген балалардың қатары 30-40-ты құрайды, – деді ол. – Осында менің інім де жүр. Біздің сыныптан төрт бала жүрміз. Кешке дейін шамамен 30 шақты қағаз сатамын. Дөңгелек пен әйнек тазалаған еңбегім үшін алған ақыны қосқанда 5-6 мың теңгенің басы құралады. Оны анама апарып беремін. Кешкісін 5-6 достар кішкене демалып, балмұздақ пен кәуап жеп аламыз. Есесіне ата-анамыздың қалтасына ауыртпалық салмаймыз».

Осы әңгімені айтып отырған 10 жасар бала дегенге сенгің келмейді. Бірақ бұл шындық. Бәлкім отбасындағы жетіспеушіліктен осылай әрекет етуге мәжбүр болып жүрген шығар. Қалай десек те еңбектің баланы ерте есейтетіні анық. Әйпесе мектепті бітірген дап-дардай жігіттердің өзі ата-анасына «айфон әпер» деп қиғылық салатындарын білеміз. Қазірден әке-шешесіне көмектеспей, масылдық танытып жүргендердің болашағынан не күтуге болады?

Әрине, бала құқының барынша қорғалғаны дұрыс, бірақ еңбектен алыстатпауымыз керек. Еңбекпен ширап өспеген баладан өз басым ешқандай болашақ күтпеймін.

Балқы БАЗАР.  


Пікір қалдырыңыз: