Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-05-26 10:25:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 131
Таяуда Шымкенттің «Рысқұлов – Қонаев» даңғылдары қиылысындағы «Патшалық оба» аталып жүрген аумақта қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жерді арнайы барып көрген едік. Онда жиырма шақты адам төрт-бес жерден ауқымды шұңқырлар қазып, оның топырағын біршама қашық тұсқа апарып төгіп жатты. Оларға басшылық жасап жүрген өңірімізге белгілі археолог, тарихшы, өлкетанушы Александр Грищенкомен жолығысудың сәті түскен.
«Біздің пайымдауымызша, бұл жер ілгері замандарда болған қарауылтөбелердің бірі. Біз мұнда 2007-жылы қазба жұмыстарын жүргізгенбіз, сол кезде ешқандай да патша жерленбеген, ондай оба емес деп тұжырымдама жасап, қорытынды бергенбіз. Алайда кей ғалымдар «сендердікі дұрыс емес, мұнда патша жерленген» дейді. Сол себепті қайта қазу жүргізуге кірістік. Бұрын бүкіл ұзындығы бойынша қазғанбыз.
Негізі жұмыстар 1990-жылдары осы маңнан троллейбус линиясын жүргізу кезінде басталған болатын. Төбе аумағын тазартқанбыз. Сол кезде біреулер Т.Рысқұлов даңғылының бергі бетінде бір аумақтан топырақ ойылып төмен түсті дегенді айтты. Ғалымдардың бірі сол маңайда патша жерленген, катакомба болуы тиіс деген тұспал жасады. Ұзын дәліз, сосын жер астынан үңгір жасап, сонда адамдарды жерлеген деген болжам айтты. Бірақ біз 2007-жылы қазып тексергенде ондай ештеңе де таппадық. Сосын шағын шұңқырлар қазғандықтан байқамай қалдық па деген оймен енді үлкен шұңқырлар қазып жатырмыз. Бірақ катакомба, дромос (зират дәлізі) сияқты нәрселердің ешқандай да белгісі байқалмайды.
Негізі 1917-жылға дейінгі дерек көздерінде бұл жерде қарауылтөбе болғаны жазылған. Яғни адамдар табиғи төбеге қарауылтөбеге қажетті нысандар салған. Шамамен X-XI ғасырларда, саманидтердің, қараханидтердің заманында. Жерді қазып, оған сазбалшықтан үлкен блоктар құйып, іргетас ретінде бір-біріне лаймен бекітіп көмген. Сосын үстіне алыс-жақын жерді бақылап отыру үшін мұнара немесе қандай да бір жайлар тұрғызған. Қазір біз төрт шұңқыр қазу үстіндеміз, соларда анық көрініп тұр. Біразын аштық, ары қарай жердің адам қолы тимеген қиыршықтасты тереңіне дейін қазамыз. Негізінен ол қабатқа дейін 4,5 метрдей болады, кей тұста одан тереңірек те болуы мүмкін. Әзірге адамдар тұтынысында болған бірен-саран ыдыстар, тамақ, су сақтайтын ыдыс қалдықтарынан басқа ештеңе табылған жоқ. Адам сүйегі, жануарлар сүйектері де табылмады. Біз қазір ауданы 70х70 аумақты, төбені төрт жағынан қазудамыз. 24 адам күніне 60 текше метр топырақ шығаруда. Қазуды бастағанымызға бір аптадай болды, енді бірер күнде аяқтаймыз.
Біз осыған дейін тамақ өнеркәсібін жүргізу үшін таңдалған «Бозарық» арнайы индустриалды аймағында қазба жұмыстарын бастағанбыз. Қайнарбұлақтың арғы жағында 16-дан аса қорған, елді мекен болған. Обаларды қазып біттік, мына жұмысты бітіргесін сол жаққа барып, елді мекен орнын қазуды жалғастырамыз. Сол жерді қазып, босатып болғасын онда жылыжай және басқа да шаруашылық нысандары салынады», – деді А.Грищенко. Кейіннен хабарласқанымызда ол кісі «Патша обасы» аталып жүрген жерден әзірге мардымды ештеңе таппағандарын, қазба жұмыстарын енді бірер күнде аяқтайтындарын айтты.
Соған қарағанда, сонау 1990-жылдардан бері «Патша обасы» деп қорғалып жүрген аумақта ондай көлемді тарихи орын бары күмәнді сияқты. Әрине, не болса да соңғы сөзді археологтардың өздері айтар.
Д. НҰРПЕЙІС.