Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-06-15 11:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 55
· Шымкент қаласындағы №43 мектептің бас бухгалтері А. есімді әйел екі жылдан астам уақыт бойына мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыны «жымқырып» келіпті. Қалай дейсіз бе?
Ол 2022 жылдың қаңтарынан бастап, 2024 жылдың тамыз айына дейін мектептің электронды цифрлық қолтаңбасын қарақан басының қамына пайдаланғаны анықталды. Осылайша мектептегі 15 мұғалімнің жалақысын еш себепсіз өзі қолдан көбейткен. Жалақысы көбейгендерге айлық алар кезде «техникалық қате кетіп қалыпты» деп, есеп шоттарынан түскен артық ақшаны қайтаруды сұрап отырған. Бас бухгалтерге сенген әлгі мұғалімдер артық ақшаны оның есеп шотына аударып беріп отырған.
Бұл бұл ма, мектепке қажет керек-жараққа бөлінген қаржыны да бір кәсіпкердің есеп шотына аударып, артынша одан аударылған қаржыны қайтарып алуды әдетке айналдырса керек. Осылайша ол мемлекеттің 13 миллион теңгеден астам қаржысын жеке басына пайдаланған.
Сот барысында бас бухгалтер өз кінәсін толық мойындады. Барлық ақшаны жеке қажетіне жұмсағанын да мәлімдеген. Сонымен қатар ол барлық шығынды сот отырысына дейін толықтай өтеп берді.
Шымкент қаласының соты А.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары («Қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру») бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Үкімге сәйкес, 27 жастағы бұрынғы бас бухгалтер бұдан былай мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда өмір бойы қызмет ете алмайды. Соттың үкімі заңды күшіне еніп, А. сот залында қамауға алынды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейтін болды.