Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-06-10 12:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 737
Қазақстан – аграрлы, ауыл шаруашылығына ден қойған мемлекет. Ауыл халқы негізінен егін егіп, мал бағып күн көріп отыр. Ауылда басқа табыс көзі жоқ. Малдан да, егіннен де жылына бір рет өнім алады да, жыл бойы соны талғажау етеді. Сол себепті ауыл тұрғындары көптеген төлемдерді төлеуден қалыс қалып жатыр.
Ауылда мал және егін шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың 90-95 пайызы зейнетақы қоры мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша аудармайды. Соның бірі өзіммін. Оны зейнет жасына толғанда бір-ақ білдім. Зейнетақым неге аз десем, қорға ақша аудармаппын. Әрине, оған кінәлі өзім. Мен секілді «қолын кеш сермеп» жүргендер ауылдарда әлі де бар. Олар ертең зейнетақы алу былай тұрсын, басы ауырып, балтыры сыздай қалса, тегін дәрігерлік емге де қол жеткізе алмайды. Себебі МӘМС-ке ақша аудармаған. Оған Арыс қаласындағы гектарлаған жері бар бір танысымның қазіргі жағдайы дәлел. Ол да ешқандай қорға ақша аудармағандықтан, қант диабетіне шалдыққанда медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалды. Көлік апатына түсіп аяғын сындырғанда да алғашқы көмек көрсетілгенімен одан әрі емі ақылы жүргізілді.
Әр жылы субсидия кезінде кірістер басқармасы бізге өздеріне тиесілі салықты төлетеді. Шағын несие беретін ұйымдар да қажетті салықтарын алып алады. Олардан қарызы жоқ деген анықтама алмасаң, субсидия берілмейді. Неге екені белгісіз, соның біреуі де зейнетақы қоры мен МӘМС-ке ақша аударған-аудармағаныңды тексермейді. Негізі салық орындары әрбір шаруадан тиісті міндетті төлемдерге ақша құйғаныңды тексеріп отыруды заңмен бекіту керек секілді. Егер зейнетақы мен МӘМС қорына ақша аудармағандарға субсидия берілмейтіндей етсе, әрбір шаруа ол талапты орындаған болар еді. Сонда шаруаның жасы келгенде зейнетақысы да дұрыс болып, ауырса тегін ем де қабылдай алар еді.
Сол себепті менің ұсынысым: ауылдағы шаруаның жағдайы дұрыс болсын десе, осы мәселеге назар аударылуы керек секілді.
Қанат-Әлі Бегалиев,
Шардара ауданы.