Олар енді бәрін біледі...

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-06-17 14:25:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 49


Олар енді бәрін біледі...


Қазақстан тұрғындарының жеке деректері бар 16,3 миллион жазба жақында әлеуметтік желіге тарап кетті. «Қазақстан тұрғындары – 2024» атауымен тіркелген жаңа ауқымды дерекқор интернет кеңістігінде жүр.

 «TSARKA Group» вице-президенті Еңлік Сатиеваның мәлімдеуінше, нақты 16 302 107 азаматтың жеке дерегі жария болған.

    Бұл жай ғана адамдардың аты-жөні емес. Жарияланған базада азаматтардың аса маңызды дербес мәліметтері бар. Атап айтқанда, тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, азаматтығы, ұлты, тұрғылықты мекен-жайы, тіркелу және тұру мерзімі, сондай-ақ ұялы, үй және жұмыс телефондары көрсетілген, дейді ол.

Кейбір мәліметтердің медициналық ұйымдардан, атап айтқанда, емханалар мен стоматологиялық мекемелерден алынған болуы әбден мүмкін.

Жеке деректердің таралған,-таралмағаны туралы азаматтар тек ресми хабарлама жіберілгеннен кейін, қандай мәліметтердің нақты компрометацияланғанын «Egov mobile» қосымшасындағы «Nomad Guard» сервисінен көруіне болады. «Nomad Guard» жобасының жетекшісі Руслан Тургульдинов осылай деп отыр.

    Қазіргі уақытта аталған база сервисте көрсетілмейді. Тек ресми түрде push-хабарлама немесе SMS тарағаннан кейін ғана азаматтар өз деректеріне қатысты ақпаратпен таныса алады. Бұл азаматтардың дербес мәліметтерін қорғау және жалған алаяқтық әрекеттерден сақтандыру үшін қажет, деді ол.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) бұл ақпаратты растап отыр. Министрлік бұған байланысты «тексерісті бастадық» дейді. Ақпаратты кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сәтиев мәселенің мән-жайы тексеру-тергеу жұмыстарының қорытындысынан соң ғана белгілі болатынын айтты.

Естеріңізде болса, осыдан 2-3 ай бұрын ғана Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев халықтың жеке деректерінің оңды-солды тарап кеткенін, соның салдарынан түрлі несие ұсынғыш немесе қаржылық пирамида өкілдерінің мазаны алып тұрғындарға хабарласатынын айтып, мәселе көтерген.  

«Бұрын бұқара кредитті барып алатын еді, қазір кредит өз аяғымен келіп жүр. Себебі интернетті ашып қалсаң, телефонды қосып қалсаң несие ұсынған компаниялардан аяқ алып жүре алмайсың. Банк телефон шалып, «кредит алыңыз» деп қиылып тұрады, қала берді «Займ», «Найм», «Микрозайм», «Айлыққа дейінгі қарыз» деген неше түрлі атаумен телефонымызға күн сайын несие алуға үндейтін сансыз хабарлама келеді. Тіпті көбі «сізге осынша теңге несие шықты, келіп алыңыз немесе сілтемемен өтіңіз» деп жазады. Ағайынды ашындыратыны – осы. Бүкіл елдің телефон нөмірі, жеке деректері, құжаттағы ресми ақпараттары айналадағы болмаса айдаладағы компанияларда қайдан жүр? Алаяқтар мен кредит бергіш компанияларға біздің деректерді кім ұсынып жүр? Цифрлық даму министрлігі бастаған ведомствалардың жеке деректі мұқият сақтаймыз дегені осы ма? Бұған кім жауап береді?» деген депутат салада тез арада тәртіп орнатылуын талап еткен еді.
Нәтижесі қалай болғанын 16 маусым күнгі жағдай көрсетіп отыр емес пе? 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке дерегі алаяқтардың қолында жүр.

Ал құзырлы органдардың мәліметтеріне сүйенер болсақ, интернет алаяқтыққа қатысты қозғалған істердің  81,8%-ы «қылмыс жасаған адамның анықталмауына байланысты» деген себеппен жабылып қалады екен.

Алаяқтарға алданған қарапайым тұрғындардың банктегі есеп-шоттары қалай рәсімделгеніне банк мүлдем бас ауыртпайды. Сәйкесінше жауапкершілікті де мойындарына алмайды. Алаяқтықпен ақша жымқырғандарды табанынан тозып іздеген тергеушіні де таппайсыз. Жеке деректерді, әсіресе банктегі есеп-шоттарды кім, қашан, қалай иеленетінін білу мүмкін болмай отыр.

Алданғандар арасында қарапайым ел тұрғындарынан бөлек мемлекеттік мекеме, бизнес өкілдері де бар. Сазға отырғызғандар табылмаған соң ел «бұл іске банктің қатысы бар» дегенді алға тартады.

Көпшілік несие беретін кезде клиенттің қаржылық ұйымға-банкке өз аяғымен баруын, биометриялық тексеруден өтуін міндеттеу қажет деп санайды. «Телефонға келген смс-кодты енгізіп ақша аудару процесін тоқтатқан жөн» дегендер тұрмысымызға дендеп енген цифрлық жүйенің шарапатына сенбейді.

Ал енді 16 миллионнан астам жазбаның таралғанына қайта оралсақ... осыншама азаматтың аты-жөні, жынысы, туған күні, ЖСН, мекен-жайы, тұрғылықты жері, телефондары (ұялы телефон, үй, жұмыс), азаматтығы, ұлты, бәрі-бәрі де жалпақ жұртқа қолжетімді болды.

«Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар тіркелген жоқ. Тексеру толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасау ерте», деген министрлік  егер азаматтың дербес деректері тараған мәліметтер арасында болса, ол туралы электронды үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданатынын ескертті.

Алаяқтардың арбауынан түсіп қалмаудың әрекетін жасаңыз. Ескеретін нәрсе, қазір алаяқтар коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің атын жамылып, түрлі төлемдер бойынша мән-жайды анықтаушы болып та хабарласуды әдетке айналдыруда. «Жарыққа қарызыңыз бар екен...», «Поштаға сіздің атыңызға бір зат келіп тұр...», «Дәрігердің қабылдауына жазылған екенсіз...» деген сияқты түрлі өтініштерді алға тартып, телефонға келіп түскен СМС хабарламаларды, кодтық сандарды сұрау арқылы азаматтарды алдап-арбау белең алған.
Абайлаңыз!


Пікір қалдырыңыз: