34 университеттен шақырту алған Ақжүніс

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-06-08 15:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 47


34 университеттен шақырту алған Ақжүніс


Жасыратыны жоқ, соңғы кездері Қазақстанды әлемге танытып жүрген спортшылар көбейді. Басқаны айтпағанда, Әбиба, Назым секілді қыздарымызбен ел мақтана алады.

Дей тұрғанмен бүгінде білек емес, біліммен де озу керектігін өмірдің өзі көрсетуде. Білекті бірді жықса, білімді адам мыңды жығады дегенді аталарымыз бекер айтпағанын бүгінде жастарымыз дәлелдеуде. Оған дәлел: Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылдық округіне қарасты Қанағат ауылында орналасқан Төле би атындағы №7 мектептің түлегі Ақжүніс Атаханның біліміне тәнті болған көптеген шетелдік университеттер оны өздеріне шақыруда. Ақжүніс 5 елдің жоғары оқу орындарына шақырту алған. Нақты айтсақ – Біріккен Араб Әмірліктерінің 5 университетіне, Түркияның 6 университетіне, Малайзияның 5 университетіне, Канаданың 1 университетіне, АҚШ-тың 17 университетіне арнайы грант ұтып, шақыртулар алған. Біреулерде «шалғай ауылдағы қазақтың қызы шетелдік жоғары оқу орындарының мамандарын қалай мойындатты?» деген қызығушылық туындауы мүмкін.
Мәселенің мәнісін әріден бастап айтайық. Ақжүніс Асылханқызы балабақшада жүргенде өте белсенді, алғыр болған, 4 жасында-ақ Әнұранды жатқа білген. Бастауыш сыныптан бастап өте батыл, мектеп үздігі, жан-жақты өте зейінді, зерек оқушы атанған. 5-ші сыныпта жүргенде Ақжүністің тарих пәніне деген құштарлығы артады. Ол Қожа Ахмет Яссауи хикметтерін жатқа білген. Ауданда, облыста өткен түрлі сайыстарда 1-орын иегері атанып, халықаралық деңгейдегі өткен Қожа Ахмет Яссауи байқауының бас жүлдесін ұтып алған.  Ол 11 жыл бойы үздік оқушы атанған.

9-сыныпты қызыл аттестатқа бітірген Ақжүніс  бүгінде Алтын белгі иегері атанып отыр. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлесе, түрік тілін А1 деңгейінде меңгерген. 2021 жылы Ақжүніс республикалық «Ұлан» газетіне сұхбат берген. Көптеген марапат пен жетістіктен бөлек, 2022 жылы оның есімі «Қазақстанның дарынды балалары» атты кітапқа енген. 2023 жылы ол «Дарын» медалімен марапатталған. Сондай-ақ ол осы жылы облыстық олимпиадада Қазақстан тарихы пәнінен 1 орын алған. Осының  бәрі пән мұғалімі Ажар Жасұзақованың еңбегінің арқасы екенін де айтып өткен дұрыс.

Ақжүністің мұндай жетістікке жетуіне ұстаздардың сіңірген еңбегі де орасан екені белгілі. Бұл жөнінде Төле би атындағы №7 мектептің директоры Гүлжазира Ахатаева өз сөзінде былай деп айтып берді: «Ақжүніс қызымыз 2023 жылы «Жаңа Қазақстан: әділетті қоғам» республикалық семинар-тренингіне белсене қатысқаны үшін Алғыс хат және сертификатпен марапатталды. Ақжүніс мектепішілік іс-шараларда өте белсенді оқушы. Мектептен тыс волонтер болды, форумдарға қатысты, Нью-Йорк университеті Абу-Дабиде орналасқан (NYUAD Prep Program) жазғы программасына қатысты.

Ақжүністің ата-анасы да өте қарапайым адамдар. Әкесі Асылхан Максұтов Сарыағаш қаласында «Каспий банкте» жұмыс істейді, ал анасы Элнура Сегізбаева үй бикесі. Отбасында 6 бала тәрбиеленуде, Ақжүніс үйінің тұңғышы, төрт сіңілісі, бір інісі бар.

Ақжүніс ағылшын тілін 9-сынып соңында онлайн курс арқылы Алматы қаласында тұратын Ақниет Русланқызынан үйреніп, В1 деңгейге жеткен. Ары қарай ол өзі дайындалып В2 ге жеткен соң (ITIES) дайындалып кетті. (ITIES) 7.0. Ақжүніс халықаралық sat емтиханын да тапсырған. Оған шетелге оқуға түсу жолдарын нақты бір адам көрсетпеген, барлығына өзі ізденіп, өзі тапсырды. Ақпараттың бәрін интернеттен іздеген. Әуелі Алланың қалауымен, дедлайндарға қарап, интернеттен көрген-білгенін жасай отырып және мектеп мұғалімдердің кеңесімен тапсыра алды. Ақжүніске үлкен қолдау білдірген ең алдымен отбасы болды және мектеп мұғалімдері, сосын Италиядағы құрбысы басты мотиваторы болып, кеңесімен бөлісіп отырды».

Кейбіреулер ауылдық мектептердің біліміне күмәнмен қарайды, ол дұрыс емес, оның дәлелі, міне, осы. Осының өзі Түркістан облысында білім саласындағы қызметтің уақыт өткен сайын сапасы артып келе жатқанының дәлелі болса керек. Жастарымыздың білімге ұмтылуы бізді қуантады.

Мақала жазу барысында Ақжүніс Атаханның өзіменде тілдестік. ҰБТ-дан 16 балл жинап, «Алтын белгіні» қорғағанына, дүниенің төрт бұрышындағы 5 мемлекеттің 34 университетінен шақырту алғанына қуанышты екенін айтқан Ақжүністің таңдауы АҚШ-тың университеттері екен. Халықаралық қатынастар мамандығын таңдап, дипломат болуды армандаған түлекке біз де арманыңа жет деген тілек айттық.

Осы жерде Ақжүніс Атаханның үздік көрсеткішке қол жеткізіп отырғаны кездейсоқтық еместігін де айтып өткен дұрыс секілді. Бұған дейін де Төле би атындағы №7 мектептің түлектері талай жерде топ жарған. Нақты айтсақ, 2021-жылғы «Алтын белгі» иегері болған Бердәлі Нұрболат 2021-2025 жылдары Л.Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде білім алып, 2024-2025 оқу жылында «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша шет елге бір семестрге Білім министрлігінің грантын ұтып алған. Нұрболат оқуға барған жер -  Латвияның астанасы Рига қаласы. Ол жақта да жақсы оқу үлгерімін көрсетіп, біршама белсенділігімен көзге түскен. Латвиядағы Қазақстанның елшісі Дәурен Айтбайұлының Алғыс хатымен де марапатталған. Одан бөлек, Еуропаның барлық еліне бару мүмкіншілігі болған соң 10-ға жуық елге саяхаттады.

Мектеп ұжымы осындай оқушыларға тәлім мен тәрбие бергенін мақтан тұтады. Өскелең ұрпаққа болашаққа бағдар беретін білімді, саналы, еліне адал қызмет ететін, патриоттық сезімі жоғары тұлға тәрбиелеуден жалықпайды.

Т. ТӘМЕНОВ.


Пікір қалдырыңыз: