Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-06-16 17:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 44
Израиль 13-маусым күнгі түннен бастап Иранның ядролық бағдарлама және әскери нысандарына үсті-үстіне бірнеше мәрте ауыр әуе шабуылдарын жасады. Бұған Иран Израильдің ірі қалаларына бағытталған жүздеген баллистикалық зымыран және дрон соққысымен жауап берді. Бұл жағдай үздіксіз үш күн бойы жалғасты. Екі жақтың түрлі мақсаттағы көптеген нысандары қирады. Жүздеген адам мерт болды, мыңдаған тұрғын жарақат алды, із-тозсыз жоғалып кеткендер бар.
«Іштегі жау» жәрдемдесті ме?
Жарияланған деректерге қарағанда, Иранға қарсы ауқымды операцияны Израиль Қорғаныс Армиясы мен Сыртқы барлау қызметі бірнеше жыл бойы бірлесіп әзірлеген. Израильдіктер Иран аумағында жергілікті әуеден қорғаныс күштерін әлсірететін және істен шығаратын дрондар базасын жасап, жоғары дәлдікте басқарылатын қару жүйесін орнатқан. Бұл жүйелердің көбі ел астанасы Тегеранға жақын жерде орнатылған екен. Автокөліктермен алдын ала кіргізіліп жасырылған дрондар соғыс бастауға белгі беріле салысымен-ақ Иранның әуеден қорғаныс күштерін соққылаған, көптеген бекеттерді істен шығарған. Иран әскери әуе күштерінің әрекеті әлсіз болды, олар Израиль жойғыш және шабуылдаушы-бомбалаушы ұшақтарына тойтарыс бере алмады.
Сол түні Тегерандағы, Тебриздегі, Керманшахтағы, Исфахандағы, Нетенздегі әскери және ядролық нысандар дәл берілген жойқын соққының астында қалды. Тегеранда алты әскери база, жоғары шенді офицерлер тұратын екі тұрғын үй кешеніне оқ жаудырылды.
Қысқасы, Израиль Иранның ядролық әлеуетіне ғана емес, оның әскери күші мен басшылығына да тұтқиылдан орасан соққы берді. Ондаған ірі физик ғалымдар мен әскери қолбасшылар өз үйлерінде алаңсыз жатқан күйі опат болды. Кімнің қай үйде тұратынына дейін алдын-ала біліп, көздеген Израиль алғашқы күнгі соққымен-ақ көбінің түбіне жетті.
Израильдің мұндай жойқын операцияны қалай сәтті іске асырғанына қатысты түрлі сөз шығуда. Жергілікті тұрғындар арасында Израиль барлауына қызмет көрсеткендер болуы әбден мүмкін деген болжам басым.
Екі ел жайлы не білеміз?
Осы орайда Иран мен Израиль мемлекеттері туралы қысқаша айта кетелік.
Бұл екеуі де – Азия мемлекеттері, дамыған, ықпалды елдер. Сондықтан Таяу Шығыстағы саясатта маңызды роль атқарады.
Алдыңғы Азиядағы Иран жер көлемі жөнінен әлемде 17-орында тұр, аумағы 1.648.000 шаршы шақырымнан асады. 92 миллион халқы бар. Геосаяси жағынан алып қарағанда ол стратегиялық аса маңызды аймақта жатыр, мұнай экспортына мол мүмкіндік беретін Парсы шығанағына бақылау жасайды. Дүние жүзіндегі ірі мұнай өндіруші елдердің ішінде 2-орын алады. Иран экономикасы – Орта Шығыстағы ең ірісі.
Дегенмен Иран сонау 1979-жылдан бері АҚШ-тың экономикалық қыспағында. Ислам төңкерісі орын алғаннан кейін Иран басшылары АҚШ-ты өзінің басты жауы деп жариялаған. АҚШ оған экономикалық ауыр санкциялар салды.
Бүгінде Иран өзінің тәуелсіз атомдық саясатын жүргізуде. Бейбіт мақсатқа бағытталған дегеніне Батыс елдері сенбейді, ядролық қару жасамақ деп күмәнданады. Таяуда Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) «Иран өзінің ядролық қаруды таратпау жөніндегі міндеттемелерін орындамай отыр» деп мәлімдеді. «Испекторлар Иран атомының бейбіт мақсатта екенін анықтай алмады. Иран таяуда өзінің уран байытатын үшінші кәсіпорнын ашты, ол осы уақытқа дейін 400 тоннадай байытылған уран жинап алды», – деді МАГАТЭ мамандары. Айтуларынша, қазір Иран уранды 60 пайызға дейін байытуға қол жеткізген. Ал ядролық қару жасауға 90 пайыз байытылған уран жарайды. Сондықтан МАГАТЭ Иран ядролық қару жасауды екі-ақ аптада іске асыра алады деп отыр.
Иранның ядролық қару жасауға мүмкіндігі зор екенін білгендіктен АҚШ бастаған Батыс елдері оны санкциялармен қысып, өз дегендеріне көндіруге әрекеттенуде. Иранның Ресей, Қытай сияқты елдерден басқа жақын ынтымақтасы жоқ.
Ал Израиль мемлекетінің әлем елдері арасында өзіндік салмағы бар десек болады. Бәрін былай қойғанда ол АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Үндістан сияқты жетекші елдермен тығыз байланыста, әсіресе АҚШ-қа көп арқа сүйейді. Израиль тіпті көптеген араб елдерін де өз ықпалына қаратқан.
Израильдің жер көлемі біздегі ең шағын саналатын Шығыс Қазақстанның аумағынан да (97.800 шаршы шақырым) аз, 22.000 шаршы шақырымдай ғана. Оңтүстік-батыс Азиядағы экономикалық, индустриялық жағынан ең дамыған ел. Израильде 10 миллионнан аса адам болса, оның 7 миллионнан астамы таза еврей ұлтының өкілдері.
Израиль Африка мен Азияның шегінде жатыр, ол Таяу Шығыс пен Шығыс Жерорта теңізі аумағын бақылауда ұстайды, сөйтіп төңірегіндегі араб елдеріне ғана емес, бірқатар басқа ірі мемлекеттерге де өзінің ықпалын мойындатуда. (Израиль мемлекетінің 1948-жылы Палестина жерінде бой көтергені мәлім. Ол жан-жағындағы араб мемлекеттерімен үздіксіз соғысты, ақырында оларға өзін толық мойындатты).
Израиль әлемдегі 9 ядролық мемлекеттің қатарында. Кей деректерге қарағанда, осы тізімде ол 8-орында тұр, 80-90 ядролық оқтұмсығы бар. Яғни әскери қуаты жөнінен өзінен ірі мемлекеттерге де бой берместей күшке ие.
Иран мен Израильдің әскери қуаттары әрқалай. Иранның әлемде 8-орын алатын Қарулы Күштерінде 878 мың адам қызмет етеді. Ал Израиль Қорғаныс Армиясында 175 мың адам бар. Дегенмен жарақталуы жағынан алып қарағанда Израиль армиясы неғұрлым тиімдірек әрі қуаттырақ сияқты.
Олар неге жауықты?
Негізі Иран мен Израиль – бір-бірінен алшақ жатқан мемлекеттер, ортасында Ирак, Иордания, Сирия сынды елдер жатыр. Соған қарамастан кезінде өзара стратегиялық ынтымақтастықта болған. Израиль Иран мұнайын молынан тұтынатын ел еді. Технологиялық жағынан қарқынды дамып келе жатқан Израиль Иранды ауыл шаруашылығы технологияларымен, әскери және басқа да түрлі қажеттіліктермен қамтамасыз етті. Екеуінің арасында әуе қатынасы да болды. Оларды әсіресе арабтарға қарсы мүдде біріктіретін. Жан-жағынан қоршап жатқан араб елдері аяғына нық тұра бастаған жас Израиль мемлекетіне жау еді, парсылық Иранға да жау болды. Араб елдерінің көбі Исламның сунниттік ағымын ұстанатын болса, Иран шийттік бағытын ұстанады. Арабтардан қаны да, жаны да, діни ұстанымы да бөлек парсылар мен еврейлер оларға қарсы әрқашанда бір көзқарас ұстанды.
Дегенмен 1979-жылы Иранда болған Ислам төңкерісінен кейін бұл екі мемлекеттің арасына сызат түсті. Өйткені Иран мемлекеті таза исламдық бағыт алды. Оның саясаты АҚШ-қа қарсы бағытталды. АҚШ-тың жақын одақтасы ретінде Израиль де Иранға бөтен бола бастады.
Иран бүкіл мұсылман елдерінің көшбасшысы болуды мақсат тұтты. Араб елдерімен бәсекелестігі де арта түсті. Ол сондай-ақ Израиль қолындағы әл-Құддысты (Иерусалим) азат етіп, оны мұсылмандардың Мекке-Мәдинадан кейінгі қасиетті қалаларының біріне айналдыруды көздеді. Сөйтіп ол мұсылмандардың Израильге қарсы күрестегі «қорғаушысы» ретінде танылды. Ол Израильмен дипломатиялық байланысты тоқтатты. Түпкі мақсаты Израиль мемлекетін жою болды. Израильге қарсы әрекеттегі ливандық «Хезболла», палестиналық «ХАМАС», «Исламдық жиһад» ұйымдарына, Сирия мен Ирактағы сепаратистік топтарға, Йемендегі «Ансар Аллаһ» қозғалысына қолдау көрсетті. «Израиль мемлекеті жойылуы тиіс!» дегенді Иран басшылары ұзақ жылдардан бері айтуда.
Израиль тұрғындарына аса бір қажетті жағдай болмаса, Иранға баруға тыйым салынған, ол үшін ІІМ-нің арнайы рұқсаты керек. Осылайша екі ел ондаған жылдар бойы жауығып келді. Кейінгі жылдары бір-біріне кибератакалар жасауды жиілетті, бірнеше мәрте қысқамерзімді әскери соққы берді, қарсыласын әлсірету мақсатында құпия операциялар жүргізді.
Енді не болады?
Соңғы жылдары Иран АҚШ-пен ядролық келісім жасап келген-ді. Елге МАГАТЭ мамандарының кіруіне, тексеруіне жағдай жасаған. Уранды тек бейбіт мақсатта пайдаланамыз деген. Бірақ Батыс елдері бұған сенбейді. МАГАТЭ-нің Иран келісімді бұзып отыр дегені де отқа май құйғандай. Мұны Израиль өз мақсатына пайдалана білді. «Ядролық қару иеленбек», «Израильді жою жоспары бар» деген сөздердің соңы Израильдің Иранға алдын-ала соққы беруіне жол ашты. Иранның ядролық, әскери әлеуетімен қоса қазіргі билігін де әлсірету үшін Израиль басшысы Иран халқын қазіргі билікке қарсы көтеріліске шақырды.
Иранның жеңілуіне көп мемлекеттер мүдделі. Парсы елінің өзі де біраз сыр беріп қалды. Бұл елде енді көп ұзамай қазіргі билікке наразы топтардың әрекеті де жандана бастайтын сияқты. Иран билігінің ішкі саяси жағдайдың ушығып кетуінен де қорқып отырғаны сезілетіндей.
Бүгінде «Иран Израильге қарсы ауқымды операция дайындап жатыр», «Израиль тағы да соққы жасап, Иранды бас көтерместей етпек», «АҚШ Иранға соғыс ашуға әзірленуде» деген сияқты жайсыз әңгімелер көбейіп тұр. Әсіресе екі жақтың бейбіт халқына қиын, жойқын қарудың күшін көрген көптеген тұрғындар Иранды да, Израильді де тастап шығуда. Екеуіне де шекаралас елдер босқындар қаптауынан қорқып, шекараларын нықтап жатыр.
Қысқасы, Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай Иран мен Израильдің текетіресіне байланысты терең өзгеретін сияқты. Өйткені бұл соғыста жауласушы екі жақтың ғана емес, олардың одақтастарының да мүдделері жатыр. Ол мүдделер қақтығысынан қай жағы ұтыспен шығады, оны таяу арада білетін болармыз.
Д. ОРАЗ.