Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-06-23 17:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 94
Ұстаз ұлы тұлға. Әрдайым солай болған, солай болып қалуы да тиіс. Өкінішке қарай, соңғы кездері ұстаздың қадірін көтереміз деп, керісінше төмендетіп алған секілдіміз. «Алты алаштың баласы бас қосқанда» төрден орын бұйырған мұғалімдердің бүгінде бірі дөрекілігі үшін жұмыстан қуылса, бірі қамалып жатыр. Неге бұлай болуда?
Әрине, бұл сұраққа бір жақты жауап беру қиын. Оның себеп-салдары сан тарау. Мәселен, газетіміздің биылғы 17 санында шыққан «Боқтампаз «завуч» енді Шардарадан шықты» деген мақалаға арқау болған жайт – аузы былапыт ұстаздың жаға ұстатар іс-әрекеттері. Естір құлаққа ұят сөздер айтылған әңгіме ауылдың ватсап чатына тарап кеткен. Көп ұзамай директор ол кісіні жұмыстан шығарғаны белгілі болды. Мұндай келеңсіздік Келес ауданында да көрініс берді. Дәлірек айтқанда, С.Қожанов атындағы мектеп мұғалімі өзінің тікелей басшысы – директорға бейәдеп сөздер айтқаны үшін жұмыстан шығарылған. Сонымен қатар, сот қаулысымен ол азаматқа 5 тәулік әкімшілік қамақ түріндегі шара көрілген.
Әдетте, жұмыстан босатылған адамның құқы тапталды деп ойлайтынымыз рас. Бірақ, бұл оқиғада жағдай керісінше сипат алған секілді. Дәлірек айтқанда, директорға былапыт сөздер айтып, ар-намысына тиген деген дерек бар. Алайда, тәкаппарлыққа жол бермеген директор «бәлкім ашуы басылғанда айыбын түсініп, кешірім сұрар» деп те күтіпті. Бұл үміт ақталмаған. Осы оқиға жайында шара арқалаған ұстаз Жомарт Өндірбаевтың өзімен хабарласып, мән-жайды өз аузынан естігіміз келді. Бірақ, ол әңгімені кейінгі ысырғандықтан, пікірін білсек деген әрекетіміз жауапсыз қалды.
Бұдан кейін екінші тарап - мектеп директоры Мұсырманқұл Бекеновтың өзімен хабарласып, мән-жайды түсіндіруді сұрадық. «Иә, Жомарт Өндірбаев маған өз кабинетімде ауыр сөздер айтты. Оны естігендер бар. Дегенмен, ашуға бой алдырмай, «қателігін түсініп, кешірім сұрайтын шығар» деп сабыр сақтадым. 23 күн күттім. Күтіп қана қоймай, ауыл биі, рулас атасы, әрі жездесі Құрманғазы аға мен нағашы әпкесіне барып, мән-жайды түсіндіріп, ақыл айтуларын сұрадым. Нәтиже болмады. Амал жоқ, 9 маусым күні оны әдеп кеңесінің ұсынысына сай жұмыстан шығардым. Бірақ менің бұйрықты өзгертуге заң жүзінде мүмкіндігім болатын, сол себепті тағы үш күн күттім. Бұл аралықта оның қорғаушы жалдап, сотқа құжат дайындап жүргенін, бір блогер арқылы мені әлеуметтік желіде қаралап, жазба жазғанын білдім. Жала жабу жалғасып жатты. Содан соң амалсыз полицияға арыз жаздым, олар барлық құжатты дайындап сотқа өткізді. Сот оны кінәлі деп тауып, 5 күнге қамау туралы қаулы шығарды. Бары осы».
Таразы басын тең ұстау үшін үшінші тараптың да пікірін тыңдап көргіміз келді. Осы мақсатта аталған білім ұясының бұрынғы директоры, бүгінде зейнет жастағы Әлібек Қадырбаевқа телефон шалдық. «Мектеп директоры Мұсырманқұл Бекеновтың кабинетіне кіргенімде үш адам отыр екен. Біреуі – Жомарт, - деді ол. – Директор маған қарап: «Аға сіз басшы болдыңыз, кәсіподақ ұжым алдында есеп беруі керек пе?» деп сұрады. Сол сәтте Жомарт: «Қызметіңе де, креслоңа да, өзіңе де ... қойып қойғаным бар» деп дөрекі сөйледі. Мен басу айтып, басшыдан кешірім сұрауын ескерттім. Ол тыңдамады. Оның айтқан былапыт сөзін сотта көптің көзінше айтуға ұялып, қағазға жазып бердім. Жомарттікі жөн болмады».
Бәлкім, мұндай түсініспеушілік, бірбеткейлік кімдердің арасында болмай жатыр деп ойлауыңыз мүмкін. Иә, қазір бір ұжым түгілі, бір отбасыдағы туған бауырлардың бірін бірі сотқа сүйреуі таңқалдырмайтын көрініске айналған. Алайда, тұтастай ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім береді деген мұғалімдердің арасындағы мұндай алауыздық, бейәдеп сөздердің мектеп қабырғасында да беймарал айтылуы болашағымыз үшін қауіпті құбылыс екенін түсінетін кез келді. «Мұғалім тәрбие беруге міндетті емес» дейтін де шығарсыз? Жарайды, тәрбие бермей-ақ қойсын, бірақ, әр ұстаздың жүріс-тұрысы, сөз саптауы, өзін өзі ұстауы, әріптестерімен қарым-қатынасы, жалпы қоғамдағы іс-әрекетінің өзі оқушыларға тұнып тұрған тәрбие емес пе? Осыны түсінетін уақыт келді. Өкінішке қарай, бүгінде жағдай оңалудың орнына күрделеніп барады. Мектеп – білім ордасына емес, айқай-шу алаңына айналуда. Реформаны мәртебе, жалақы көтеруден емес, тәртіп мәселесінен бастау керек пе еді, бәлкім? Сіз не дейсіз, оқырман?
Балқы БАЗАР.