Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-15 14:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 43
Бұлақ. Бастау. Көз. Қайнар. Тұма... Осы сөздердің бәрі бір мағына береді: жер астынан жол тауып шығып жатқан судың атауы. Бір қызығы, қай-қайсысын атасаң да көз алдыңа мөлдір таза су келе қалады, жаныңды сонымен байланысқан жылы сағыныш сияқты қандай да бір тылсым сезім баурай ала жөнеледі. Сол мөлдір суды түйсігіңмен сезінгендей де боласың. Барлығымыздың да туған ауылымызға барғанда бұлақтың суын рахаттана сіміретініміз содан шығар.
Ал сол бұлақтың сусыз қаңсып жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Жаныңыз құлазып-ақ кетер, солай емес пе?
Таяуда өзімнің туған жерім – Созақ ауданының Жартытөбе ауылында болып едім. Сонда біздің бала кезімізде сылдырап ағып жататын біраз бұлақ көздерінен судың шылжырап қана шығып жатқанын, бірер тұста кейбірінің тіпті сусыз қаңсып қалғанын көріп, көңілім түсті. Негізі биыл құрғақшылық болып тұр ғой, мүмкін бұл осындай қуаңшылық кезінде орын алып тұратын үйреншікті құбылыс та шығар. Бірақ өз басым бала кезімде «бұлақтың суы тартылып қалыпты» деген сөзді естімеген екенмін. Есесіне, ерте көктемде бүкіл ауыл тайлы-тұяғымен қыр-қыраттарды аралып, бұлақ көзін ашты дегенді жиі құлағымыз шалатын. Бұл не сонда? Қар мен жаңбыр аз болған соң жерасты суының төмен түскені ме, әлде бұл қараусыз қалған табиғаттың тозуының бір көрінісі ме?
Осы мәселеге тиісті басшылар, экологияға жауапты мамандар, қажет болса барлық ауылдың азаматтары, әсіресе сөзі өтімді қариялар тереңірек бір мән беріп қараса болар еді. Судың тартылуына қуаңшылық әсер етіп жатыр деп құрғақ жауып қоя салмай, ерінбей зерттеп көру керек шығар, мүмкін. Бәлкім оның басқадай да себептері бар болар, кім біледі? Сол себепті анықтап, суы сарқылған бұлаққа өмір сыйлаған деген бір ғанибет емес пе?!
Бұлақ деген Құдайдың адамдарға берген бір ғажайып нығметі ғой, түсінген жанға. Суына ақы сұрамайды, ішкісі келген адамды бөліп-жармайды, жан-жануардың бәрінің де мейірін қандырады. Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағында» айтылатындай, оның жағасынан келіп талайымыздың әкеміз атын суарған, талайымыздың анамыз барып су алған. Ол болмаса түз гүлі де ашылмайды, оған деген құмарымыз қартайсақ та басылмайды. Рас қой. Ендеше осындай бұлақтар әр ауылда сақталуы керек, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалуы керек. Сондықтан олардың сусыз құрғауына мүмкіндігінше жол бермеген ләзім.
Бұлақ – бабалар көзі, бүгінгі жұртқа нәр беріп отырған игілік қайнары, ертеңгі ұрпақ несібесінің бастауы. Одан алдағы уақыттарда әлі де жүздеген-мыңдаған адам мейірін қандыруы тиіс. Ендеше, ауылыңыздағы бұлаққа да көз қырын сала жүріңіз, ағайын, ол сусыз қалмасын. Бұлақтарға қамқор болайық!
Д. НҰРПЕЙІС.