ТОРҒАЙЛАР ҚАЙДА ҚҰРЫП КЕТТІ?

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-15 12:20:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 34


    ТОРҒАЙЛАР ҚАЙДА ҚҰРЫП КЕТТІ?



Болмашы жайтқа бола уақытымызды алды деп айыпқа бұйырмассыздар, бірақ, «елемеген ауру, ескермеген дау жаман» демекші, ұсақ дүние деп көп нәрсені елеусіз қалдыра берсек, зардабы да зор болмақ. Жанайқайым оқырмандар арасында бір адамның болса да санасына ой салып, әрекетке көшсе мақсатымның орындалғаны.

Таяуда Созақ жақта, ауылда болған бір жиынға қатысып едім. Сонда байқағаным – біздің бала кезімізде таңертең шиқылдап оятатын, кешкі уақытта бау-бақша мен көше бойларындағы ағаштарда «думандатып» сәнге бөлеп жататын кәдімгі дала торғайлары тіпті де көзіме шалынбады. Бірде-біреуі жоқ. Үй шатырларына, бұғаттарға ұя салып, балапан өргізуші еді. Енді шатыр түгілі, үй маңынан, аулалардан тіпті де көзге ілігер емес. Бұған жұрт аса мән бермейтін сияқты. Сұрасам: «Е-е, торғайлар әлдеқашан құрып кеткен», – дейді бір қария. Басқа бірер адам мынаның есі орнында ма дегендей маған ожырая бір қарады да қойды. Бүгінгінің адамы тек тұтынуды ғана біледі ғой, басқаға бас қатырмайды. Сондықтан одан әрі қазбалап сұрағам жоқ, бірақ өзім кәдімгідей-ақ ойланып қалдым. Мұның себебі неде екен?

Бұл торғайлар құрт-құмырсқа мен түрлі жәндіктерді теріп жеп табиғатқа, экологияға пайдасын келтіреді емес пе еді? Ендеше олар қайда құрып кетті? Әлде азығы азайды ма екен? Тұрған – сол үйлер, сол қора-қопсылар, сол ағаштар, мал азығы... Қайта біздің бала кезіміздегідей «рогаткамен» торғай қуалайтындар жоқ, басқадай бір табиғи жаулары да жоқ сияқты. Әлде климат өзгеріп, басқа жаққа ауып кетті ме екен?

Бүгінде ауылда өзінің өлермендігімен, шақылдаған жағымсыз үнімен таныс алақанат торғайлар ғана жүр. Біздің бала кезімізде ондай торғай атымен болмайтын. Олар кейінірек бір жақтан ауып келген сияқты. Өздері тіршілікке бейім, өте шақар, анау-мынауға есесін жібермейді. Жайып қойған етті, құртты жеп, сүзбенің қабын шоқып мазаны алады. Мысықтан аса ыға да бермейді, біреуіне тисе, шулай шүйіліп ұшып шабуылдағанда мысығыңды да бездіріп жібереді. Ауылдың момақан торғайларын осылар қуып, салған жұмыртқасы мен ашқан балапандарын осылар жалмап біткен жоқ па екен деген бір ой келді. Мүмкін солай да шығар, кім білген?

Біздің мамандар табиғатта болып жатқан осындай құбылыстарға да тереңірек мән беріп, зерттей жүрсе дұрыс болар еді. Әлдебір себеппен табиғи тепе-теңдік бұзылып жатқан болса, оны қалпына келтірудің жолын қарастыру керек қой. Табиғат – өз үйіміз, өз үйімізді қорғай білейік те.

Ақнұр Үдербаева,

Созақ ауданы.

 


Пікір қалдырыңыз: