Біздің полиция алаяқтарды құрықтай ала ма?!

Құқық

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-16 11:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 39


Біздің полиция алаяқтарды құрықтай ала ма?!

 

Аңғалдықпен дроперге айналсаңыз, қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр

Маңғыстаулық бір азамат алаяқтардың өзгелерді пайдалана отырып ақша аударымын жасатып, тіпті қылмысқа да араластырып жіберетін тәсілі туралы жазба жариялады. Ол былай дейді:

 10 жылға соттауы мүмкін...

Өтініш бойынша өзгеге шоттан шотқа ақша аударғаны үшін 6 жылға және одан да аса мерзімге бас бостандығынан айыру жөнінде заңға Президент қол қойды. Тіпті бір ғана аударымның өзі сізді қылмыстық істің қатысушысы ете алады. Сізге «досыма мына ақшаны салып жіберіңізші, үстінен 5 пайыз ақы беремін», «ақшаны сізге байқамай жіберіп қойыппын, өтініш, ары қарай мына шотқа аудара салыңызшы», «өз атыңызға карта рәсімдеп беріңіз, ақысына 50 мың теңге берем», «аударым жасау қажет болып тұр, көмектесіңіз, мынау сіздің үлесіңіз» деген сияқты өтініштер жасалуы мүмкін. Орындасаңыз, сіз өзіңіздің қылмыстық істің қатысушысы болып шыға келгеніңізді аңғармай да қаласыз. Ал тергеушілер үшін ақшаны сіздің қандай оймен аударғаныңыз маңызды емес, маңыздысы – сіздің шот арқылы өзгенің ақшасы өткені. «Мен білмеген едім» деген есепке алынбайды.

Бұрын ұсақ-түйек саналып келген нәрсе қазір қылмыстық іске жатады. Алаяқтар ұрланған қаржыны нақты ақшаға айналдыруды іске асыру үшін жаппай бөтеннің картасын пайдалануда. Олар шығу төркіні күмәнді ақшаны жылыстатып, заңдастыруда, бұл жерде сіз – көмекшісіз. «Мен білген жоқпын» дегенді дәлелдеу тіпті де мүмкін емес, өйткені ақшаның түпкі көзі құпия, ашылмай қалады, бұл сізді заң алдында қауқарсыз етеді. Алдауға көбіне студенттер, бала күтімімен демалыста отырған әйелдер, зейнеткерлер мен мигранттар, ақшаға мұқтаж жандар, заңды білмейтін адамдар ұшырайды.

Сіз «кездейсоқ ақшаны» қанша мәрте алдыңыз, оның қайдан келіп жатқаны туралы ойландыңыз ба? Қазақстан Республикасында мұндай ақша аудару, егер ол алаяқтықпен байланысты болса Қылмыстық Кодекстің 190 және 28-бабы (алаяқтық, сыбайластық) бойынша жазаланады. Бұл бап  бойынша жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға апарып соғуы мүмкін. Істі адамның не ойлағанына қарап емес, нақты аударылған ақшаға рұқсат бергені үшiн қарайды, 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырады. Ал банк шотын қолданып, үшiншi тұлғаның пайдасына заңсыз төлем жасап, ақша аударғаны үшiн 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «Дропповодтар» деп аталатындар банктік есеп-шотты басқаруға заңсыз қол жеткізгені үшін жауапқа тартылып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

 Дропер болғаныңызды білмей де қаласыз

Алаяқтардың ойлап тапқан құйтырқы тәсілі туралы әлеуметтік желі қолданушысы, міне, осылай дейді. Бұл жөнінде көпшіліктің біле жүргені дұрыс. Сондықтан мұндай қылмыс түрі туралы естіп-білгенімізді оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

Алдымен жоғарыда аталған «дропповод» деген сөзге тоқтала кетейік. «Дроп» ұғымы ағылшынның «лақтыру» деген сөзінен шыққан екен. Дроп немесе дропер – алаяқтардың күмәнді ісін біле тұрып, қандай да бір сыйақы үшін немесе білмей, алданып шоттан шотқа ақша «лақтыруға» қатысатын адам. Ал дропповод – осындай дроптарды іздеп тауып, оларды жүйеге қосатын адам, жетелеуші.

Дропповод ақшаны шоттан шығарып, нақты ақшаға айналдыру үшін дропты (дроперді) пайдаланады. Яғни дроп қандай да бір қылмыстық жолмен табылған ақшаны өзінің жеке картасы арқылы өткізеді. Бір тәсілі мынадай: Алаяқтар өз атына бір немесе бірнеше банк картасын рәсімдететін адам іздеп табады, «өз үлесіңді тұрақты алып тұрасың» деп оңай олжаға қызықтырып, көндіреді. Сөйтіп оның атына рәсімделген карталарды тапсырыс берушіге өткізеді, ол карталар арқылы қылмыстық жолмен табылған қаржы айналады. Барлық аударымдарда тек карта иесінің ғана аты-жөні бар, ұрлық әшкере болған жағдайда да нақты алаяқты табу қиын. Карта иесі «мен білмедім» деп зар еңірегенімен ақша соның атындағы карта арқылы айналғасын түптеп келгенде қылмыстық жауапкершілікке сол тартылады. Ал оның банк картасы арқылы өткен қаржыны алаяқтар қолма-қол ақшаға аударып алады. Бұл істе де олар «құюшы», «өткізуші», «ақшаны шығарушы» деп бөлінетін дроптардың қызметін пайдаланады. Құюшы дроптан ақшаны өзіне жүктеп алып, оны өткізушіге жібереді. Өткізуші дроп пен құюшыдан шотына келген ақшаны алаяқтар көрсеткен шотқа аударады. Ақшаны шығарушылар оны банк картасынан қолма-қол ақша түрінде шығарып алып, алаяқтарға өткізеді. Алаяқтар мұндай көпсатылы қылмыстық схемаға барынша көп адам тартуға тырысады, өйткені осындай шырғалаң күрделі операция із кесушілерді адастыруға өте ыңғайлы.

Алаяқтар дроптарды өз торына түсіру үшін түрлі тәсілдер қолданады. «Ешқандай мамандықтың да, біліктіліктің де керегі жоқ, жасқа шектеу қойылмайды, кестесі еркін, табысы мол жұмыс» деген олардың жарнамасына, мысалы, жұмыс таппай жүрген, қосымша табыс көзін іздеп жүрген жандар оңай алдануы мүмкін. Сосын олар жұмыс іздеушіні «егер бухгалтерия қабылдамай қойса қажет болады» деп бірнеше банк картасын рәсімдеуге көндіреді. Сөйтіп ол карталарды өз арам мақсатына пайдаланады.

Кейде алаяқтар бірнеше банк картасын рәсімдеу немесе сату керектігін ашық айтуы да мүмкін. «Егер қосымша адамдар тартсаңыз, әрқайсысы үшін қомақты сыйақы беріледі» деп те қызықтырады.

Алаяқтардың ең жиі қолданатын тәсілдерінің тағы бірі мынадай: Өз шаруасымен алаңсыз жүрген адамның банк шотына кенеттен қомақты қаржы түсе қалады. Сосын біреу телефон шалып: «Айып етпеңіз, асығып отырып қателесіп кетіппін. Өтініш, осы ақшаны мына нөмірге аудара салыңызшы», – дейді «қиылып». Қатты қысылған кейіп танытып, «ішінен белгілі бір соманы алып қалуға болатынын» да айтуы мүмкін. Мысалы, «адасып» түскен ақша 1 миллион теңге дейік, әлгі адам сізге соның 100 мың теңгесін «қияды». Тақыр жерден 100 мың тапқан адам ары қарай не боларын ойлай бермейді көп жағдайда, «нем кетіп барады» деп әлгінің өтінішін орындай салады. Өзінің банк шоты арқылы бейтаныс адамға 900 мың теңге аударып, қылмыстық әрекеттің қатысушысы болып шыға келгенін аңғармай да қалады. Сондықтан ең дұрысы – бейтаныс адамның соққан қоңырауына жауап бермеу, тұтқаны көтерген жағдайда мән-жайды сезгесін тікелей банктің қауіпсіздік қызметіне немесе құқық қорғау орындарына шағымдану керек.

Банк карталары мен шоттарының реквизиттерін, парольдерді өте құпия сақтаңыз. Кейбіреу сізге банкомат алдында жолығып, «картам үйде қалып кетіпті» немесе «картамды жоғалтып алып едім» деп банкоматтан қолма-қол ақша шығарып беруді өтінуі мүмкін. Егер жаныңыз ашып, көмектесер болсаңыз, ол сіздің шотқа ақша аударады, ал сіз сол ақшаны оған қолма-қолға айналдырып бересіз, сөйтіп дроп боласыз.

Алаяқтар жалған жұмыс орындарын көрсетіп те алдайды. Қауіпсіздік қызметі сұратып жатыр деп немесе айлық жалақы аудару үшін қажет болады деп жұмыс іздеген адамның жеке бас куәлігі деректерін немесе банк картасының реквизиттерін алады да, жоқ болады. Сосын оның атын жамылып қылмыстық ісін жалғастыра береді. Кейде жарнамада «қаржы операциясын жүргізуге қатысасыз» деп ашықтан-ашық жазылуы да мүмкін. Мұндайда адам ашық хабарламадан қауіп күтпейді, оны заңды жұмыс деп ойлап қалуы мүмкін. Ал ондай «ақша операциясына» қатысқан адам да түптің-түбінде тұтылады.

 Кінәліні миллиондаған айыппұл мен түрме күтеді

Таяуда Президент Қ.Тоқаев «Кейбір заңнамалық актілерге ҚР қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына қол қойды. Бұл жөнінде бірқатар ақпарат құралдарында жарияланды. Бөтеннің банктік шотын, төлем құралын немесе сәйкестендіру құралын пайдалана отырып үшінші тұлғаның мүддесіне ақылы түрде төлемдерді немесе ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асырғаны үшін ендігі жерде төмендегідей жазалар бар.

1.     Сыйақы үшін қарапайым аударым: 160 айлық есептік көрсеткіш (629.120 теңге) мөлшерінде айыппұл салу, 50 тәулікке қамауға алу, мүлкін тәркілеу. (Жазалар сыйақы мөлшері мен қылмыстың салдарына байланысты өзгереді);

2.     Алған сыйақы қомақты болса: 3000 АЕК (11,8 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салу, 1000 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, шектеу немесе 2 жылға бас бостандығынан айыру, тәркілеу;

3.     Ірі көлемде сыйақы алса: 4000 АЕК-ке (15,7 миллион теңге) дейін айыппұл, 1000 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу.

Егер адам өзінің банк картасын өзгеге беріп қана қоймай, заңсыз аударымдарды да жасаса, жаза 5 жылға бас бостандығынан айыруға дейін қолданылуы мүмкін.

Бір ғана жеңілдік бар: мұндай қылмысқа алғаш рет барған адам егер құқық қорғау орындарына барып жағдайды мәлімдесе, сондай-ақ қылмыстың ашылуына немесе алдын-алуға белсенді түрде атсалысса, онда қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Онда да егер оның әрекетінде басқадай қылмыс белгілері болмаса ғана.

Енді көп ұзамай бұл заң күшіне енеді. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық Кодексіне жаңадан 232/1 бап енгізілетін болды. Ал бұл бап бойынша бөтеннің банк картасын, шотын басқаруға заңсыз қол жеткізген «дропповодтар» 3-тен 7 жылға дейін түрмеге тоғытылмақ.

Қысқасы, қылмыстық жолмен табылған қаржыны қолма-қолға айналдырып, заңдастыруға біліп-білмей қатысушыларға қатаң заң күші қолданылатын күндер келгелі тұр. Мұны да біле жүріңіз, бейтаныс біреулердің сөзіне еріп немесе алданып ойда-жоқта дропер болып, алаяқ атанып кетуден абайлағайсыз!

Д. ОРАЗ.

 

 

 


Пікір қалдырыңыз: