Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-17 10:10:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 52
Мақтаарал еліміздің, облысымыздың оңтүстігіндегі стратегиялық маңызы бар аудан. Сондықтан онда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру үлкен басымдыққа ие. Аудан әкімі Бақыт Асановпен болған сұхбатта ол өңірде атқарылып жатқан шаруалар жөнінде әңгімелеп берді.
- Бақыт Насырханұлы, сіз басқарып отырған Мақтаарал ауданын Өзбекстанмен шектесіп жатқан еліміздің оңтүстік қақпасы десек те болады. Сол себепті, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуі үлкен маңызға ие. Ендеше, осы үдеден шығып жатқан боларсыздар?
- Иә, ауданымыздың стратегиялық маңызды өңір екені рас. Сондықтан оның дамып-өркендеуіне барынша күш салудамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданымыз ауыз сумен толық қамтылды. Келесі жылы газбен қамту көрсеткіші де 100 пайызға жеткелі тұр. Сондай-ақ ауданымызда республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі ірі жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Мақтаарал – Дарбаза» темір жолының, «Орта Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының құрылыстары қарқынды жүруде. Одан бөлек, М-39 «Ташкент – Термез» халықаралық көлік дәлізі жөндеуден өткелі тұр.
Жалпы, 2025 жылдың 5 айында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі – 9,4 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын күшейту мақсатында биыл біршама инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «EL KZ-2020» ЖШС жылына 10 мың метр мата шығарады. «Агрогруз» серіктестігі 6 мың тонна бақша өнімдерін экспорттайтын болады. «Дүкенбаев Салман» кәсіпорнында 10 мың тонна ет өнімдері терең өңдеуден өтеді. «БИФАС» серіктестігі жылына 3 мың тонна мақта тұқымын өндірумен, ал «BEGASH» серіктестігі жылына 3 мың тонна мақта тұқымын өңдеумен айналысады. «BEGASH» ЖШС, сондай-ақ, 2 мың тонна ПВХ құбырын, 2 мың тонна тамшылататын таспа, 3 мың тонна «пленка», 4 мың тонна пластикалық «пленка» қалдықтарын түйіршіктеу шаруаларын іске асырады. «Cotton MAY» серіктестігі жылына 5 мың тонна мақта майын, «Бек» ЖШС тәулігіне 90 тонна күріш өңдейді. «FAN GAO» ЖШС жылына 30 мың дана мектеп формасын тігуге қауқарлы.
Бүгінде ауданымызда республикалық маңызы бар бірнеше жобалар іске асырылуда. Жобалық құны 7 миллиард теңгеден асатын, құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған «Атамекен» кеден бекеті пайдалануға беріледі. Заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген бекет тәулігіне 5 мың адам мен 400 автокөлікті өткізе алады. Өздеріңіз білетіндей, «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына темір жол құрылысы ерекше серпін беретіндігі белгілі. Теміржол құрылысы біткен соң аудан тұрғындары үшін жаңадан сауда-саттық жұмыс орындары ашылатын болады. Бұрын жабылған 6 тұйық қайта жанданып, онда жаңа жұмыс орындарының ашылуы күтілуде. Сонымен қатар, М-39 «Ташкент – Термез» дәлізінің Мақтаарал ауданының аумағында орналасқан 24,1 шақырым жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған дәліз біткен соң «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінен жүк көлігі мен жолаушылар тасымалы үшін транзиттік бағыттар күшейетін болады.
- Мақтааралдың қысы қысқа, жұмсақ, бір жағынан алып қарағанда ол шаруа үшін қолайлы. Дегенмен аграрлы аумақта жер ресурстарын тиімді пайдалану күн тәртібіндегі мәселелердің бірі екені талассыз. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай атқарылуда, шешімін таппай жатқан, күрмеуі қиын проблемалар бар ма?
- Ауданымызда 2025 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 6,4 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығының өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 113,8 пайызды құрады. Мал шаруашылығының үлесі басым – 5,2 миллиард, өсімдік шаруашылығының үлесі 1,3 миллиард теңгені құрады.
Мақтаарал өңірінде қазір 60,3 мың гектар егістік жер бар. Жоспарға сәйкес мақта дақылы 35,1 мың, картоп, бақша, көкөністер 15,5 мың, көпжылдық мал азықтық дақылдары 4,2 мың гектарға егілді. Егін шаруашылығында өнімділік көлемін 2-3 есеге ұлғайту мақсатында тамшылатып, жаңбырлатып суғару технологиясын 8 мың гектар алқапқа енгізу жоспарланып, жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңға аудан бойынша 3,3 мың гектарға тамшылатып суғару технологиясы енгізілді. Сонымен қатар «БНК групп» компаниясымен келісім-шартқа тұрып, субсидияға өтінімі жолданған 57 шаруа қожалығына қарасты 2,3 мың гектар жердің жиын-терімі біткен соң су үнемдеу технологиясын ендіру жұмыстары жоспарлануда. Жалпы, аудан бойынша 546 гектар алқапқа қырыққабат дақылы 1-өнімге егіліп, жинақталуда, 2-өнімге 50 гектар алқапқа маш дақылын егу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өзіңіз айтқандай, біздің ауданда жер ресурстарын тиімді пайдалану, оның ішінде жайылымдық жердің тапшылығы өте өзекті болып отыр. Осы жылы жүргізілген түгендеуге сәйкес, аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген егістік жер телімдерінің көлемі 153,28 гектарды құраған. Оның ішінде 22,99 гектар жер иесіне 295 мың 360 теңге айыппұл салынды. 20,33 гектар жер қайта игерілуге жатады. Иесі қайтыс болуына байланысты 59,16 гектар жер тіркеуге жіберілді. Нақты игерілмеген, шара көрілмеген 50,8 гектар жер бар. Осы жер теліміне қатысты Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментіне шара көруге және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын ұйымдастыру үшін тиісті хаттар жолданған. Департамент тарапынан көлемі 20,6 гектарды құрайтын 5 жер телімінің иесіне қатысты тексеріс жүргізілді. Қалған жер телімдеріне шара көру үшін жер иелерінің басқа қалаларда болуы кедергісін келтіруде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы үшін берілген 14,45 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.
- Кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласындағы даму қарқыны қандай?
- Осы жылдың алғашқы бес айындағы есеп бойынша ауданда 13 591 кәсіпкер тіркелген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 340 бірлікке көп. Шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 552, дара кәсіпкерлер – 4854, шаруа қожалықтары – 8185.
Айтылып отырған мерзімде өнеркәсіп өнімінің көлемі 11,3 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,3 миллиард теңгеге артық орындалды. Ал өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі осы аралықта 8,8 миллиард теңгеге жетіп, нақты индекс көлемі 115,3 пайызға орындалып отыр.
- Мақтаарал – еліміздегі жер көлемі ең шағын, алайда, халқы тығыз қоныстанған өңір қатарынан саналады. Сол себепті тұрғындарды жайлы ортамен, түрлі қызмет көрсету орындарымен қамтамасыз ету өзектілігін жоймақ емес. Осы бағытта нендей жұмыстар атқарылуда?
- 2022 жылы облыстық бюджеттің қаржысы есебінен Мырзакент кентіндегі орталық саябақты реконструкциялау құрылысының жұмыстары басталған болатын. Осы жұмысты тамыз айында аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, Мырзакентте жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы бой көтеруде. Қазіргі таңда темір-бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі 2026 жылдың желтоқсан айы деп жоспарланған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жаңажол ауылдық округі, Фирдоуси елді мекенін жандандыру мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу мақсатында 1,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Бүгінде онда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін мемлекет меншігіне сатып алынуы тиіс. 2024-жылы Нұрлыбаев ауылдық округі, Ынталы елді мекенінде мәдениет үйі және кітапхана құрылысы басталған болатын. Алдағы қазан айында құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда.
Сонымен бірге құрылысы 2024 жылы басталған Достық ауылдық округі, Ж.Қалшораев елді мекеніндегі мәдениет үйі мен кітапхананы пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан басқа да құрылыс нысандары жоспарлы түрде іске қосылып жатыр.
|
- Бұл жыл он екі ай күн тәртібінен түспейтін мәселелер. Қуанышты жағдайда айтатынымыз – ауданда таза су мәселесі толығымен шешіліп, 68 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылмақ. Бүгінгі күнге тіршілік нәрі 58 елді мекенге 24 сағат, 10 елді мекенге кестемен берілуде. Аудандағы ауыз су жүйелерінің тозығы жеткен 7 елді мекенде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Ал 3 елді мекенде қайта құру жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Облыстық бюджеттен 27 елді мекенге ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына 167 миллион теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
|
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 538,3 миллион теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 21,8 шақырымды құрайтын 24 ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 13,5 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт төселді. Жергілікті бюджеттен 150 миллион теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 20 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда сараптама қорытындысын алу сатысында.
- Ел болашағы – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жеткілікті дәрежеде жағдай жасалып жатыр ма? Балабақша, мектеп нысандарының жай-күйі жайында не айтасыз?
- Аудандағы 53 типтік, 4 ыңғайластырылған мектептерде 28 829 бала білім алуда. 12 мемлекеттік, 92 жекеменшік балабақша бар, онда 8197 бала тәрбиеленуде. Еркінабад, Нұрлыжол елді мекендеріндегі 200 орындық 2 мектеп құрылысы аяқталуға жақын, осы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Үлгілі елді мекенінен 600 орындық жайлы мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдауға дайын.
Атакент кентіндегі 1500 орындық жайлы мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Оны да алдағы тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда. Одан бөлек, биыл 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет, істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Д. ОРАЗ.