Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-19 11:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 50
Қоғам қайраткері, кезінде Шымкент қаласының, Жамбыл облысының әкімі қызметтерін атқарған, Құрылыс министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты болған жерлесіміз Амалбек Тшановтың «Qazaq AIRAN» ютуб-арнасына берген сұхбатында қазақ қыздарына арнап айтқаны біраз жұртқа ой салды.
«Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, үйленгенде қалыңдық міндетті түрде қыз болуы керек. Ол өзінің арын сақтай отырып, оны тек өзінің жарына ғана арнауы керек. Осындай таза ұлттық негізіміздің бәрі айналып келгенде халықтың бірігуіне, адалдыққа, тазалыққа, намысшыл болуға алып келді.
Қазір, өкінішке қарай, бізде ер азаматтарда намыс дегенді ояту өте қиын. Ағалық көзіммен айтып отырмын, жастар ренжімес деп ойлаймын. Ал қыздарымыз ұяттан айырылған заман. Қалай болса солай киіну, көкірегін, аяқ, санын ашып жүру, өзіне, өзінің жүріс-тұрысына мән бермеу сияқты заман болып кетті», – деді Амалбек Қозыбақұлы.
Ол кісінің әсіресе «қалыңдық міндетті түрде қыз болуы керек» деген сөзі әлеуметтік желілерде, сайттарда жиі жарияланды, оны қоштаушылар мен «тыныш отырмай ма...» деп жазғырушылар біраз айтысты десек болады. Негізі жұрт тереңірек ойланса, бұл орайда өте көкейтесті мәселенің көтеріліп отырғанын ұғынар еді.
Ілгеріде қазақ қандай болған? «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ғой. Ері де, әйелі де соған сай өмір сүрген. Жеті атаға дейін қыз алыспаған, қан араластырмаған. Ұлт тегіне, ұлт саулығына аса мән берген. «Қызға – қырық үйден тыйым» деп қыз тәрбиесіне қатаң қараған. Бірақ оны кемсітпеген, бойжеткесін өзгенің шырағын жағатын жан ретінде, қонақ деп қарап, ештеңеден кемдік көрсетпей, еркелетіп өсірген. Соған сай қыздар да пайымды, арлы, ибалы, ақылды, намысты болып өскен. Әсіреқызығушылық, әркімнің көзіне түскісі келіп тұратын ойсыздық, жұрттың назары түскенін мақтан көру сияқты лайықсыз қылық оларда болмаған. Абыройымен бойжетіп, келін боп түсер жеріне бүлінбеген ар-ожданымен барған. Біздің дана бабаларымыз осының бәрін ұлттық педагогика талаптары шеңберінде іске асырып, әлемде ұқсасы жоқ ерекше ұлт болып қалыптасқан.
Ата-бабаларымыз еркек пен ұрғашының жұптасуынан қандай ұрпақ өмірге келетінін де жақсы білген. «Қазақ жылқы мінезді» деп неменеге айтқан? Өйткені жылқы – өте таза жануар, таза азық жеп, таза су ішеді, өз қанынан тарағанға шаппайды. Ерте замандарда кей халықтардың ат пен есекті шағылыстырып, одан ұрпақ өрбітуге қабілетсіз қашыр алғанын қазақтың дүниетанымы қабылдамаған. Қазақ баласы ешқашан ат пен есекті жұптастырмаған, оны жылқы баласына жасалар үлкен қастандық, обал, күнәлі іс санаған. Бабаларымыз тегі жақсы малдың тегі жаман малдан ерекшеліктері тек соған ғана тән келетін төл табуы мүмкін екенін, бірақ бұрынғыдай өз тұқымынан төл туа алмай қалатынын білген. Қасқыр алатын иттердің ұрғашысын тексіз иттің еркегімен шағылыстырса, одан тексіз күшік туатынын, оның бұрынғыдай өз тұқымдасынан текті күшік туа алмай қалатынын білген. Ұрпақтың азатынына көз жеткізген. Осының бәріне терең мән бере білген бабаларымыз ұлт тазалығын қызғыштай қорыған. Ал ұлт тазалығы әрбір отбасының тазалығынан құралатыны белгілі жай. Отбасыға тазалық әйелден келеді.
Кезінде кей қазақ қызының бізде көпшілік болған белгілі ұлт өкілдеріне еліктеп, ашық-шашық жүрем деп опық жегені рас. Енді елге батыстық өмір салты батпандап еніп жатыр. «Өз шекараңды сақтап үйрен» деп қыз баланы, келінді, әйелді жөнді-жөнсіз эгоизмге тәрбиелейтін феминист, психолог, коуч дегендер шықты. Осының кесірінен тек қара басын ойлайтын, тек «өзін сүйетін» жастар тарапынан «жастық шақта жүріп қалу» деген ұстаным пайда болды. Отбасын құрмай-ақ, «бір бала туып алсам болды» дейтіндер шықты. Біреулер әлеуметтік желіге жалаңаш-жалпы суретін, видеосын еш қымсынбай жүктейді. Енді бір «нәзік жандылар» сол әлеуметтік желіде адамның құлағы тыңдауға, көзі қарауға ұялатын сөздер айтып, интимдік заттарды жарнамалайды. Бүлінген абыройды «тігіп бере салатын» мамандар жүр жалаңдап. Осының бәрі дабыл көтеретін, түбегейлі тыйым салатын мәселелер емес пе?
Әрине, қыз атаулының бәрі бұзылып кетті деуден аулақпыз. Әке тәрбиесін көрген, адал анадан ақ сүт емген алтындай қыздар көп. Бірақ «бір қарын майды шірітіп жүргендер» де аз емес. «Өзімнің қарным тоқ, ұпайым түгел» дейтін ұстанымдағы сондайлар үшін отбасын құру түгілі өз абыройын сақтау деген нәрсенің де айтарлықтай құны жоқ. Олар ертеңін ойламай-ақ әркіммен әуейі боп жүре береді. Ал әйел затының бойында өзінің жыныстық байланыста болған еркегінің (еркектерінің) қандай да бір генетикалық белгілері сақталатынын қазіргі ғылым да мойындайды. Сондықтан қыздардың өз абыройын сақтай білуі - керек десеңіз, ұлттық, мемлекеттік мәні жоғары мәселе. Қыз бала өз абыройын сақтауды ойламаса, сақтау ойына кіріп те шықпаса, сақтағысы келмесе – бұл ұлттық қасірет емес пе? Міндетті түрде қыз болуы тиіс қалыңдықты жұрт қайдан табады сонда? «Қыз» деген ардақты атын жоғалтқан ойсыз, абыройсыз төмен етектіге үйленген еркек езге айналмай ма? Ондай ездерден қандай ұрпақ келеді өмірге? Ұлтыңыз іріп-шіріп, көрінгенге қолжаулық болып, бейшараға айналмай ма? Одан кейін қандай жерге, қандай Отанға иелік ете аласың?
Ендеше Амалбек мырза бұл мәселені жайдан-жай қозғай салған жоқ. Жан-жақты білімдар кісі, ұлтжанды азаматтың қазақ қыздарына, сол арқылы тіпті бүкіл жұртқа ой салғысы келді. Қарияларымыз қазақ қыздарының абыройын ойлап, ақылын айтып отырса, оның несі айып? Әйелдің бір қолымен әлемді тербейтіні, бүтіндей ұлтты тәрбиелейтіні өтірік емес қой. Сондықтан қыз баласының арлы-ибалы, намысты, парасатты болуының, өз абыройын сақтай білуінің маңызы өте зор.
О. ТҰРАР.