Сырдың суы неге күрт азайып кетті?

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-19 10:15:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 3


Сырдың суы неге күрт азайып кетті?

Кешегі аптада бір жұмыстармен Жетісайға бардым. Сырдария өзенінің үстіндегі көпірмен өтіп бара жатып, дария суының тым төмендеп кеткенін байқадым. Бұл алаңдауға негіз болар жағдай деп білемін. Бәлкім, жоғарыдағы басшылардың, су мамандарының құлағына тиіп, бір шара қолданар деген ниетпен өздеріңізге хабарласып отырмын. Газет бетінен орын берсеңіздер екен.

Ертеректе кей жерлері арнасынан асып-тасып жататын Сырдария өзенінің бүгінгі халі мүшкіл секілді. Сырдың суы бірнеше метрге дейін кейін шегінгенін мамандар ғана емес, кез-келген адам байқайды деп ойлаймын. Бұрын балығы секіріп ойнаған жағалаудың бүгінде шаңы шығып, онда сиыр мен жылқылар жайылып жүр.

Су арнасының күрт төмендеуінің сыры неде? Егер Сырдың суы азайса, жағалауда орналасқан Түркістан мен Қызылорда облысының қаншама ауылының жағдайы не болады? Су болмаса егін қурайды. Ал бұл онсыз да кедейліктің кебін киген көп шаруаға жайсыз тиетіні анық. Сол себепті «Сырдың суы неге азайды, бұл жағдай қашанға дейін созылады, облыс басшылығы мен министрлік тарапынан қандай амалдар жасалуда?» деген шаруаны мазалаған мың сан сұрақтарға тиісті орындардан жауап айтылып, көптің алаң көңілін басса екен дейміз.

Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған ауыл тұрғындарының жағдайын қазірден ойламаса кейін кеш болуы мүмкін. Жауап күтеміз.

Базарбай Момбеков,

Шардара ауданы.


Пікір қалдырыңыз: