Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-14 10:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 2
Табысы төмен азаматтардың еттен қағылатын түрі бар. Себебі оның бағасы бірден қымбаттап кетті. Кешегі аптада өзіндік рекорд орнатты. Бірер күннің ішінде ғана 1 кило еттің құнына бірден 200-300 теңге қосыла салды. Неге?
Килосы 5000 теңгеге жетті
Жалпы, қымбатшылықтың болатыны жайында жұрт өткен айдың ішінде-ақ айта бастаған еді. Бірақ оны зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерінің көтерілуімен байланыстырып жүрген. Дегенмен бұл жолғы ет қымбаттауының негізгі себебі басқада екен. Мұны біз Шымкенттің Қырғы базарындағы ет сатушылардан естідік.
Базардың ет павильонына кіргенде аңғарғанымыз, сатып алушылардың аздығы болды. Жайшылықта килолап ет алушылар қатары үзілмейтін қатарларда сатушылардың көбі өзара әңгімелесіп отыр. Біздің көзімізше баға сұраған бірер адамның ет алмай кеткенін байқадық. Қой етін сататын павильондағыларды сөзге тартып, мұның себебін сұрадық. «Бізге ренжіп бара жатыр ғой. Неге қымбат дейді. Біздің кінәміз не? Жұртқа бұл қымбаттаудың себебін айтамыз деп аузымыз көпіретін болды. Негізі еттің қымбаттауы осы ай басынан басталған болатын. Кейінгі екі апта шамасында баға шарықтап кетті. Себебі малды да, етті де Өзбекстанға тасып жатқандар көп. Ауылды жерлерде мал азайып жатыр. Шекараны жабу керек, мал өткізбеу керек. Осыдан 1 жыл бұрын қой етінің ең қымбаты 2200 теңге еді, енді 3600 теңге. Бұлай кете берсе ет бұдан да қымбаттайды. Қымбаттаған сайын бізге де қиын. Жұрт бағасын сұрайды да, теріс айналып жүре береді. Бүгінде әсіресе қалада жылдап ет жемейтіндер бар. Шекараны, мал соятын орындарды жапса ғана ет бағасы сәл арзандауы мүмкін. Әйтпесе осы қымбаттағаны қымбаттаған, баға бұдан әрі көтерілмесе енді түспейді», – дейді ет қатарындағы Күміс есімді сатушы.
Бұдан кейін жылқы етін саудалап тұрған қатарды барып көрдік. «Қазір базарда сиыр етінің килосы 4500 теңге, сүйексіз етінікі 5000 теңге, тартылған еттің килосы 4200 теңгеге шықты. Жылқы етінің килосы 3500-4000 теңге, қазының килосы 4500 теңге. Негізінен қымбаттау сиыр етінен басталды. Одан кейін қой еті қымбаттады. Уақ мал мен ірі қара етінің бағасы көтерілгесін жылқы етінікі де соған сәйкес көтерілді. Өйткені бүгінде тірі мал да, сойылған мал еті де Өзбекстанға, одан ары қарай басқа да шет мемлекеттерге әкетіліп жатыр. Қымбаттаудың негізгі себебі осы. Сатып алушылар неге қымбат деп бізге шүйлігеді. Біздің таңғы сағат 4-тен бастап әрекеттеніп сатып алғандағы бар қосарымыз келісіне 100 теңге ғана. Кешкі сағат 7-8-дерге дейін осындамыз. Ренжіп, ұрысып кететін алушыларға осыны түсіндіреміз деп өзіміз де шаршаймыз. Мұндай қымбаттау әзір тоқтамайтын сияқты, ет бағасы алдағы кезде де өседі-ау деп отырмыз», – дейді бадамдық Мұхтар есімді сатушы.
Ет алмақ боп келіп, ойы айныған Кәмила Нұрашеваны да сөзге тарттық. «Ет бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Бұрын «қай жақтың еті?», «қашан сойылған?» деп таңдап алушы едік. Енді «суп-набор» іздейтін болдық. Біреулер оны да ала алмайды. Бара-бара ет жеуден қаламыз-ау, осы. Бұл жақсы емес. Басшылардың халықпен жұмысы болмай кетті. Әйтпесе ең болмағанда осы жағына мән бермей ме? Қазір базарды аралап, азық-түлік бағасын да сұрап көріңіз. Ұшып тұр. Неге қымбат десең, барлық нәрсе қымбат қой, не қарап жүрсіз деп өзіңе сұрақ қояды. Бұлай кете берсе, жағдайымыз не болады?» – дейді ол кісі.
Иә, қымбатшылық деген осы, бір азық түрі қымбаттаса, ол өзге азық бағасының да қымбаттауын тудырады. Мысалы, осыдан 1 ай бұрын килосы 380 теңге болған қант бағасы 450 теңгеге шыққан. Күнбағыс, мақта, мақсары майларының да бағасы өскен. 5 литрлік майдың ең арзаны 3500 теңге. Ұн бағасы да біршама қымбаттаған. Мысалы, 1 сұрыпты «Пионер» ұнының 10 килолық қаптағысы 2800 теңге, жоғары сұрыптысы 3800 теңге тұрады.
Мыңдаған тонна өткізіліп жатыр
Жалпы, бүгінде ел арасында ет туралы сөз көп. Қазақстанның Өзбекстанға ет өткізіп жатқанына бірер жылдың болғаны рас. Мысалы, өткен жылы тек Өзбекстанның өзіне 20 мың тоннадан астам сиыр еті, 14 мың тоннаға жуық қой еті өткізілген екен. Бұл – ресми деректер. Одан бөлек, Тәжікстанға, Иранға, Біріккен Араб Әмірліктеріне де біздің елден ет жөнелтіледі. Ет саудасындағылар айтпақшы, елдегі ет комбинаттары мен мал соятын қасапханалар Өзбекстанға ет өткізудің қызығына түсіп кеткен сияқты.
«Таяуда бір шаруалармен Өзбекстанға барып қайтқан едім, – дейді Балқыбай Райымұлы. – Сонда Ташкенттегі бір автотұрақтан ет артылған бірнеше фура көрдім. Жұрт Қазақстаннан ет көп әкелініп жатқанын айтуда. Ол жақта еттің килосы 125-135 мың сум аралығында екен. Біздің ақшаға шаққанда 5 мың теңгеден асады. Әрине, кім де болса тауарын қымбатқа бағалап, қымбатқа өткізуге тырысады ғой. Бірақ шет мемлекетке етті тонналап қарапайым шаруаның өзі өткізе алмайтыны белгілі. Бұл жерде арадағы делдалдардың қолы жүріп тұр. Олар барлық бейнетін көрген мал өсіруші шаруадан етті арзанға алады да, мыңдаған тонналап өзге елге өткізеді. Мүмкін болса, өзімізде де сол бағаға сатқысы келеді. Қымбатшылық осыдан туындайды».
Бұл туралы отырарлық Хасен Тұрлыбеков былай дейді: «Мал деген бір кездері қазақтың басты байлығы еді. Малдың көбі ауылды жерлерде өсірілетін. Мысалы, біздің Отырар өңірінде әр ауылдан жайылымға мыңдаған қой-ешкі өруші еді. Қазір ауылда мал ұстамайтындар көп. Себебі жайылымдар тарылды, құрғақшылық жиілеп, мал азығы қымбаттады. Жұрттың көбі мал өсіруге қызықпайтын болды. Бұл жақсы үрдіс емес. Қолда бар байлықтың бәрін шетке сата берсек, мұның соңы қайда апарады? Осыны ойласам, көңілім түсіп кетеді. Шетелде қымбат екен деп бәрін сата берсек, өзімізде не қалады? Қарапайым халықтың қолдағы бар сенері малы ғана емес пе? Осыны басшылар неге ойламайды?».
Шет елге ет өткізудің пайдасы – қымбатқа сатылады. Мал сойып сататындар етті өзіміздің тұтынушыға да сол бағада өткізуге тырысады. Осы себепті қымбатшылық болып жатыр. Негізі біздің елде мал басы жетерлік. Мысалы, таяуда болған бір жиында Ауыл шаруашылығы министрі айтқан мәліметке сенсек, елімізде ірі қара 9 миллион 600 мың бас шамасын құрайды. Уақ мал, әрине, көбірек – 26 миллионнан асады. Жылқы түлігі 5 миллионды шамалайды. Мал басында өсім бар, ет экспорттауда да өсім жылдан-жылға артып келеді.
Жарияланып жатқан статистикалық деректерге сенер болсақ, елімізде мал көп, ет те көп. Ал шындығына келсек, кей отбасылар үшін ет сатып алу үлкен проблемаға айналуда. Бұл бұлақтың басында отырып суға телмірумен бірдей емес пе? Ет бағасы жалпыға бірдей қолжетімді болуы үшін мүмкін ішкі нарықта бағаны тұрақтандыру керек шығар? Басшылар бұған қатысты не ойлайды екен?
Ал сол кезде...
КИІК ЕТІНІҢ КИЛОСЫ – 1600 ТЕҢГЕ
Кейінгі бірер жылда елімізде ақбөкеннің саны шамадан тыс көбейіп кеткені туралы айтылып жүргені мәлім. Кей деректерге қарағанда, бұл дала жануарының қарасы 4 миллион бастан асқан. Шаруалар киіктен егіске көп зиян тиіп жатыр деп шулады. Ақырында Қазақстанда ақбөкендер санын белгілі бір көлемге дейін шектеу шешілді.
Жарияланған деректерге қарағанда, бүгінде еліміздің бірқатар облыстарында ақбөкен аулау іске асырылып жатыр. Әрине, бәрін бірдей емес. Ұрпақ беру жасынан асқандары ғана ауланады. Бұл істі «Охотзоопром» кәсіпорны қадағалап, жүзеге асырады. Ақбөкендер арасында ауру таралмауы, ауланған жануарларды тексеру мәселелері назарда. Бұған қатысты түрлі нормативтер бекітілген. Киіктің санын реттеуге бірқатар облыстарда аңшылар, сою бекеттері жұмылдырылған. Жануарлардың еті арнайы көліктермен тасымалданып, қоймаларда сақталады, ветеринариялық-санитариялық сараптамалардан өткізіледі. Сосын оған тиісті анықтамалар берілетін болады. Одан бөлек, ішкі сауда нүктелерінде де олар тиісті санитарлық-ветеринариялық қадағалаудан өткізіліп отырады. Ақбөкен еті тек арнайы бекітілген орындарда ғана сатылуы тиіс, алушы оның ілеспе құжаттарына мән беруі қажет.
Кешегі аптада Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкен етінің саудадағы нарқын жариялады. Яғни 1 кило ет бағасы 1600 теңге деп бекітілді. Бүгінде елдегі жиырма шақты ет комбинаты ақбөкен етін қабылдауға тапсырыс беріп отыр екен.
Қысқасы, таяу арада сауда орындарында ақбөкен еті де пайда болады деген сөз. Оңтүстіктің сауда нүктелеріне де жеткізіліп жатса, оған аса таңдана қоймаспыз. Сиыр еті мен қой еті сияқты жаппай Өзбекстан асырылып кетпесе, әрине.
О. ТҰРАР.