ҚАЗАҚСТАНДА БАЛА ТУУ АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР…

Әлеумет

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-19 15:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 24


ҚАЗАҚСТАНДА БАЛА ТУУ АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР…


«Қариялар азайып бара жатыр...» деп қауіптенуші едік, енді бала туу да азаюда. Елімізде бала туу көрсеткіші кейінгі бірер жыл бойы үнемі төмендеумен келеді екен. Бұл жөнінде деректер жарияланды. Мысалы, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда 77 мыңнан сәл ғана астам нәресте дүниеге келген. «Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 15,8 пайызға аз» дейді мамандар.

Қазақстанда осыдан 4 жыл бұрын 1 жылда 446 500 баланың кіндігі кесілсе, 2022 жылы туғандардың саны 404 мыңдай болыпты. Яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 мыңдай бала аз. Туу көрсеткіші 2023 жылы тағы да біршама азайған, бұл жылы елімізде 388 мың 400-дей бала өмірге келген. Ал еліміздегі өткен жылы туған балалардың жалпы саны 366 мыңдай ғана болыпты. Биылғы жылдың «қарқыны» анау...

Не керек, 2021 жылдан бері елімізде бала туу көрсеткіші біртіндеп төмендеп келеді екен. Мұны БҰҰ арнайы бөлімінің мамандары жариялап отыр. Олардың болжамынша, мұндай құбылыс алдағы 2034 жылға дейін жалғаса бермек. Сосын белгілі бір деңгейде тұрақтайды да, 2043 жылы біршама өсім орын алады. Одан кейін қайтадан азаю басталмақ. Халықаралық мамандардың есебінше, Қазақстанда 2024 жылы туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 19,5 баладан келген, ал 2100 жылы бұл көрсеткіш 11,4-ке теңелмек. Сондықтан елімізде демографиялық ахуалды жақсартуға серпін беретін жағдайлар барынша жасалғаны дұрыс. Қазақстандағы кейінгі бірер жылдағы халықтың табиғи өсіміне зерделеу жүргізген мамандар осылай деп отыр.

Елімізде бала туу көрсеткішінің төмендеуіне не себеп? Бұған қатысты «Қазақстан балалары» сайтында мынадай пікір айтылыпты: Бұған әсер ететін басты себептің бірі – елдегі экономикалық жағдай, баспана құны, білім мен медицина қызметтерінің ақысының көтерілуі. Көптеген жастар отбасын баламен толықтыруға асықпайды, экономикалық жағдайдың тұрақтануын күтеді. Жалпы, жастардың көбі кеш үйленуде, олар бірінші кезекте өз жеке өмірін қалыптастыруға тырысады, жағдайын жақсартады, білім мен мансап қуады. Жас әйелдер отбасына бала әкелуден бұрын жоғары білім алуды, меншікке ие болуды, биікке көтеріліп, табысты болуды ойлайды. «Бір бала туып алсам болды» дейтіндер де көбейіп келеді. Бүгінде негізінен қала тұрғындары арасында баланы қажет етпейтіндердің бой көрсетіп жүргені жасырын емес. Көпбалалы болуға қызығатындардың қатары болса да аз.

Кейінгі кездері белсіздікке, бедеулікке ұшырағандар саны да артып келеді деген үрейлі сөздер айтылып жүр. Анық-қанығын кім білген, жарияланған кейбір деректерге қарағанда, 2024 жылдың алғашқы 6 айында осындай диагнозбен есепте 102 ер азамат пен 29 мың әйел жыныстылар тұрған деген дерек бар. Демек, елдегі бала туу көрсеткішінің азаюына экономикалық жағдаймен қоса азаматтардың денсаулық күйінің де әсері тиіп жатқан секілді. Ал денсаулықтың бұзылуына экологиялық ахуал, тұтынатын азық-түлік сапасының төмен болуы мен зиянды әдеттерге әуестік әсер етеді. Бүгінде жұрттың көбі тез пісетін, құрамына дәмдеуіштер мен бояғыш заттар шамадан тыс қосылатын жартылай фабрикаттарды жиі тұтынады. Бұл халық денсаулығына орасан нұқсан келтіріп отыр.

Иә, бүгінде аталарымыздың «Бас екеу болмай мал екеу болмайды» деген сөзі көнеріп бара жатқан сыңайлы. Қазақ түйсігіне негізінен батыстық құндылықтар берік орнай бастағаны байқалады. Яғни бірінші кезекте өз жеке басын ойлау жағы басым. Соның салдарынан жастар кеш үйленеді, сол себепті отбасында бала саны шектеулі. Кейбірінің бала таптыруға, бала көтеруге физикалық жағынан шамасы жетпей де қалады. Сондықтан отбасын құру, балалы болу жайын жастардың құлағына жиі құйып отырудың артықтығы бола қоймас. Адам өмірі ұрпағымен мәнді екенін олардың ертерек түсінгені, көңілге түйіп жүргені дұрыс қой. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-орын алатын елімізде халық санының өскені маңызды. Жеріміз бос жатпауы тиіс. Осыны ұмытпау керек.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстанда халық саны 17 миллион шамасында болған. Кейін өз тарихи Отанына көшкендер есебінен тұрғындар саны біршама азайды. Өсім негізінен өз қандастарымыздың есебінен болып отырды. Биылғы маусым айында жарияланған ресми деректерде халық саны 20 миллион 370 мыңнан асты деп айтылған болатын. БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша департаментінің есебінше, біздің ел халқы 25 миллион адамға 2100 жылы жетеді деп болжанған. Парасатты адамға уайым жегізер болжам екен.

О. ТҰРАР.


Пікір қалдырыңыз: