Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-08-03 11:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 83
Ата-бабаларымыздың ұрпағына мұра еткен қасиеттерінің қастерлісі – жақсы сөз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл көп еститін көне мақал екені екінің біріне аян. Әкенің батасы мен ананың әлдиіне арқау болған батихалы сөздерді жаңғыртпасақ, мына жаңа заманның жастарының сөздік қорының сүті тартылып, суалып барады. Баласын еркелеткен келіндер «жаным, күнім, айымнан» аса алмайтынын байқаймыз. Бала тұрмақ байын да «жан» деп шақыратын бопты.
Бұрынғы әже-апаларымыз ұрысса да ұртынан жақсы сөз шығатын. «Құдай тілеуіңді бергір, көсегең көгергір, көбейгір, етегің құрғамағыр, жетегіңе жұрт ергір, босағаң берік болғыр, қораң қойға, шараң майға толғыр, еңбегің рәтті болғыр, қоржының босамағыр, қанжығаң майланғыр, шырағың шамдай жарқырағыр, жолың болғыр» дейтін сөздерді естіп өскен боларсыз. Тіпті «қараң қалғыр» деген сөздің мағынасы артыңда қарайып ұрпағың көп болсын деген батасы екен әжелеріміздің.
Осындай өнегелі сөздер ұмытылып, есесіне түсініксіз сөз тіркестері пайда болып жүр. Кейінгі жастардың жұғымсыз сөздерді көп айтуына, түсініксіз сөздердің тез таралуына әлеуметтік желінің әсер ететінін ел біледі. «Мына бала телефонға жатып апты, қуасың ба, шәймаш, тема екен», – дейтін сөзсымақтар қолданысқа қалай енді, қайдан келді? Баланың бал тіліне бұндай былапыт сөздер қалай араласты? Енді не істеу керек?
Сауал көп. Оған бір ауыз сөзбен немесе бір адамның пікірімен жауап беру жеткіліксіз. Қоғам дертін қоғам жазады. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Ақмарал Леубаева,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері,
ақын, сазгер.