Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-11 12:14:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 32
Осыдан 30-40 жыл бұрын ғана бір Шәуілдірдің өзіндегі Шөлтөбе, Автобаза, Ынталы, Орталық бөліктерінен 4 табын шығатын. Орталықта 300-ден аса сиыр болатын. Бүгінде содан ештеңе қалмады. Ауыл халқының қорасы қойға да толы еді. Жуырда Шәуілдірден қой іздеп таппадық. Бұрын әр үйде кемі 10-15 қой, 2-3 сиыр бартұғын.
Ауылдың күнкөріс көзі – төрт түліктің азаюы жақсы үрдіс емес. Әрине, тұрғындар мал асырағысы, көбейткісі келеді, бірақ кедергілер көп. Оның біріншісі – жайылымның жоқтығы. Барлығы жекенің қолына өтіп кеткен. Оның кейбірі ештеңе істемесе де жерін қоршап алып, кейбірі бос жатқан жеріне мал жайғызбайды. Жем-шөптің бағасы да ұшып тұр. Амал жоқ, ауыл адамдары малын сата бастайды. Жуырда бір танысым қорасындағы малын түгел сатып жіберіпті. Себебін сұрасам «өзін ақтамады» дейді. Сүттің литрі - 500 теңге, тері мен жүні - қоқыс. Сүттің ақшасы бұзаудың шөбіне де жетпейді. Шығын көп болғандықтан сатып құтылыпты.
Осындай олқылықты тоқтату үшін жер сатуға тыйым керек. Әйтпесе ауылды жойып, құрып бітеміз. Жекелерді қауымдастықтарға біріктірмесе болмайды. Сөйтіп мемлекеттік қолдау мен бақылау керек. Ауыл болмаса да, ауданнан тері, жүн өңдейтін цехтар ашу қажет. Синтетикалардан жасалған өнімдерден өзіміздің жүн мен теріден тігілген өнімдер әлдеқайда сапалы, әрі пайдалы. Төрт түліктен алынатын шикізаттарды пайдаға асырып, құнын көтермесек, жайылым, жем-шөп мәселесін шешпесек, қазақтың қорасы босап, ауылдың ажары қашатыны айтпаса да түсінікті. Ал ауыл оңалмай, қазақ оңалмайды.
Хасен Тұрлыбеков,
Отырар ауданы.