Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-08 12:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 32
Жадыраған жаз күндерін пайдаланып, алыс-жақын шетелдерге саяхаттап келіп жатқан жерлестеріміз баршылық. Солардың бірі – шымкенттік Зейнеш Шәлімбетова (суретте) Жапонияға барып келді. Біз оған арнайы жолығып, өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.
16 қабатты лайнермен барған
Зейнеш Қуанышбекқызы Жапонияға «Қытай – Жапония топтық туры» бойынша туристік сапармен барып қайтыпты. «Алматы әуежайынан Қытайдың астанасы Бейжіңге 5 сағатта жеттік, – дейді ол. – Бейжіңнен Шанхайға 2 сағатта ұшып бардық. Жалпы, барып-қайтуға ұшақ билеттеріне 250 мың теңгедей ақша жұмсалды. Барарда да, қайтарда да ұшақта көрсетілген сапалы қызмет есімде қалды. Мысалы, бара жатқандағы біраз уақыт кешіккеніміз үшін Бейжің әуежайында бар жағдайымызды жасап, тегін тамақтандырды. Біз Бейжіңге кешігіп жеттік. Сонда ұшақты әуежайдан арнайы қызмет орындары күтіп алып, бәріміздің жай-күйімізді тексеріп, қонақүйге апарып орналастырды, барлық жағдайымызды жасады. Барлығы тегін болды, алдын-ала төлеген 200 юань ақшамызды өзімізге қайтарып берді».
Туристер Жапонияға Қытайдың портты қаласы - Шанхайдан кемемен жетіпті. Оларды «Күншығыс еліне» американдық «Роял Кариббиян» компаниясының 16 қабатты лайнері жеткізген. Зейнеш Қуанышбекқызы осы лайнердің 13 қабатындағы каютада тұрыпты. «Арнайы карта беріледі, сол картамен бөлмеңізге кіріп-шығып жүресіз. Бөлмедегі жарықты да осы карта арқылы жағасыз. Каюта өте керемет, ішінде барлық жағдай жасалған, 2 кісілік балконымен болды. Шет-шегі көрінбейтін, тұңғиық теңіздің ортасында тұрып таңның атуын, күннің батуын, тулаған теңіз толқыны мен шулаған шағаланы өз көзіңмен көру адамға ерекше әсер береді екен. Шағалаларды алманың қабығымен азықтандырып отырдым.
Негізі мен «Қытай – Жапония топтық турына» орынды наурыз айының басында броньдап қойғанмын. Билет құны 650 мың теңге болды. Осыған лайнердегі бүкіл қызмет ақысы кіреді. Лайнердің ішінде тек вайфай ғана ақылы болды. Бір күндігі – 28 доллар. Байланысқа сол арқылы шығып отырдық. Лайнердің ішінде театр, цирк, би алаңы, балалар ойын алаңы, бассейн, джакузи, сауна, фитнес, картинг орталығы, футбол алаңы, сауда орталықтары, бірнеше ресторандар, асханалар мен пицца орталықтары бар. Бейне бір үлкен қала іспетті. Жабық бассейнге шомылдық, саунаға түстік, кітапханасын барып көрдім. Джакузиде жылы сумен себезгілетіп массаж жасайды екен, онысы да ұнады. Ауасы таза, ылғалды болғасын ба, шаршауды аса сезінбедім. Рестораннан тамақ ішіп, түрлі шоуларда ойын ойнап, театрдан түрлі қойылымдар көріп, теңіздің үстіндегі екі күннің қалай өткенін білмей де қалдық. Кемедегі әрбір орталықтың қызмет көрсетуі өте жоғары деңгейде. Әсіресе ресторан, кафелерде тамаққа тапсырыс беру кезінде даяшы ас мәзірін ұсынып, тамақ түрлерін жіті түсіндіреді. Тапсырысты тамаққа, теңіз өнімдеріне аллергияң бар-жоғын анықтап сұрап алып барып қабылдайды», – дейді З. Шәлімбетова.
Таңқалдыратын керемет көп
«Қытайда да, Жапонияда да кейбір ресторандарда робот-даяшылар қызмет көрсетеді екен. Олардың да көмегін көрдік. Мысалы, сусын қажет етсең, жазып көрсетсең, сұраған сусыныңды құйып береді. Қонақүйлерінде робот-тазалықшылар қызмет көрсетеді. Тағы бір қызығы, әлгі адам жегіліп алып сүйрейтін «рикша» деген арбасына да мініп көрдік. Рикшалардың өз алдына бөлек тұрағы болады екен. Төрт әйел сол жерге тапсырыс бердік. Сүйреушісі шағын денелі әйел екен, біз мінген рикшаны аса қиналмай-ақ желе-жортып сүйреп жүрді. Бір көшенің басынан аяғына дейін араладық. Ақысын адам басына 1,5 иенадан, біздің ақшаға шаққанда 5000 теңгеден алды.
Біз Жапонияның Токио, Осака, Кобе, Киото, Иокогама қалаларында болдық. Кобе қаласы таудың бөктерінде орналасқан екен. Тарихи жерлері өте көп. Осака қаласындағы әйгілі музейді – Самурайлар сарайын да көрдім.
Әрбір қала өзіндік стилімен ерекше. Барлығы тап-таза, халқы өте сабырлы, мәдениетті, әдепті. Киото қаласы да өзінің тазалығымен көз тартады, оған туристер көп барады екен. Бұл қала әсіресе «Фусими – Инари» ғибадатханасымен ерекшеленеді. Іші – храм, бірнеше қақпалары бар. Бұл жапондар үшін байлық мекені, өзіне сәттілік пен молшылық тілеген адам осы жерге келіп табынады екен. Бұл жерде он мыңнан астам қазғылт-сары қақпалар бар. Жапон кәсіпкерлері Құдайдан байлық тілеп, осындай қақпа орнатуға миллиондаған иена жұмсайтын көрінеді.
Бұл жерге жапон оқушылары да мұғалімдерімен бірге келіп, ғибадат жасайды екен. Аудармашы арқылы мұғалімдерімен ағылшын тілінде сөйлесіп, оқушылардың бұл жерде неге мектеп формасымен жүргенін сұрадым. Мұғалім оларда қазір сабақ уақыты екенін, сыныптан сыныпқа өту үшін сынақ тапсыратынын түсіндірді. Сынақтан жақсы өту үшін дұға жасауға барлық оқушылар ұстаздармен бірге осында келеді екен. Садақаларын беріп, тілек тілеп, дұға жасап отырған оқушыларды көп көруге болады. Жапон оқушылары тамыз айында, яғни 1 ай ғана демалады екен. Оқу жылы сәуір айында басталып, 11 айға созылады. Жалпы, білім саласы өте жоғары деңгейде екен», – дейді З.Шәлімбетова.
Жапония білім беру жүйесінде «Лессон стади» деп аталатын әдіс қолданылады екен. Түрлі пәндердегі ұқсас тақырыптарды кешенді түрде біріктіріп оқытатын бұл әдіс бүгінде бізде де енгізіліп жатқан көрінеді. Соны үйрену үшін бүгінде көптеген мұғалімдеріміз Жапонияға барып, арнайы курстан өтіп келуде.
Сатушысы жоқ дүкендер
З.Шәлімбетованың бір аңғарғаны – ол жақта етжеңді, артық салмақты адам жоқ есепті екен. Өйткені олар дұрыс тамақтану тәртібін қатаң ұстанады.
Жапонияда жаңбыр жиі жауатындықтан тұрғындары қолшатырды ұдайы пайдаланады. Әрбір мекеменің алдында арнайы құмыра қойылған, жаңбыр тоқтаса, қолшатырды соған салып кетеді екен. Ал жаңбыр жауа қалса, кез-келген адам өзіне қажет қолшатырды сол құмырадан алып, пайдалана береді.
«Жапонияның көптеген дүкендерінде сатушылар болмайды екен, – дейді З.Шәлімбетова. – Қалаған затыңды алып, себетке салып, есептеуші терминалға барсаңыз бағасын есептеуші касса өзі шығарып береді. Қадағалап тұрған ешкім жоқ, дүкен осылай жұмыс істей береді. Такси қызметі де өте жоғары деңгейде. Олардың өз арнайы тұрақтары бар, сол жерден кезекпен, тәртіпті сақтай отырып, тапсырыс беріп мінесің. Салон іші тап-таза, ақ көйлекті, галстук таққан жүргізушісі өте сыпайы, қалаған нүктеңе жеткізіп салады.
Токиода бүкіл қаланы жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік беретін «Шибуя-Скай» деп аталатын өте биік ғимарат бар. Оған да шығып көрдік. Билет бағасы біздің ақшаға шаққанда 13000 теңге болды. «Магнет бай Шибуя» деп аталатын ғимараттың шатырында орналасқан лаунджға да бардық. Ол жерден Токионың адам көп өтетін танымал көше қиылысын жоғарыдан тамашалауға болады екен. Билет бағасы 1,8 иена, яғни 6000 теңге».
Кимоно киіп, такаяки жеп...
Жапонның негізгі тағамдары күріштен және теңіз өнімдерінен әзірленеді. З.Шәлімбетова олардың «такаяки» деп аталатын ең танымал тағамдарының дәмін татып көріпті. Такаяки – сырты қытырлақ, ішіне соус қосылған жұмсақ сегізаяқ салынған тағам. Яғни «такаяки» сөзі «қуырылған сегізаяқ» дегенді білдіреді. «Дәмі қуырылған балықтыкіне, чикенге ұқсады. Жастар жағы чикен сияқты екен деп сүйсіне жеп жатты», – дейді ол туралы Зейнеш Қуанышбекқызы.
Кейіпкеріміз жапонның әйгілі кимоносын да киіп көріпті. Бірақ оны киюге көп уақыт жұмсалады екен. «Мен аз уақытқа әзер шыдадым. Өйткені онымен алшаң басып жүре алмайсың, етегін тар етіп орап тастаған. Қадамды қысқа басып, сызылып жүруге тура келеді. Біраз қазақ қыз-келіншектер оны біршама уақытқа дейін киіп жүрді. Бұл киім қыз баланы инабатты, сыпайы етіп көрсетеді екен», – дейді ол.
Ағылшын тілін үйренбек
Зейнеш Қуанышбекқызы білім саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, зейнетке шыққан ұстаз екен. Жолдасы Ибраим Омаров Шымкент мұнай өңдеу зауытына қарасты құрылыста еңбек етіпті. «Отбасында екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Үлкеніміз Назерке отбасылы, екі баланың анасы, ағылшын тілінің мұғалімі. Кіші қызым Мерей үздік оқушы, биыл 10-сыныпты бітірді.
Мен бұған дейін Грузияға, Қытайға, Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласына да саяхаттап барып қайтқанмын. Жапонияны көру бір арманым еді, ол биыл орындалды. Осындай керемет саяхатқа 1 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Ендігі арманым – Еуропаға саяхаттау.
Біз Жапонияда адамдармен көбінесе ағылшын тілі арқылы қарым-қатынас жасадық, қасымызда гид аудармашы болды. Дегенмен көптеген қазақ жастарының қытай, жапон, ағылшын тілдерінде еркін сөйлей білетінін байқап, сүйсіндім. Тіл білу адамға үлкен мүмкіндіктер береді екен. Сондықтан алдағы уақытта ағылшын тілін үйренуді жоспарлап отырмын», – дейді З.Шәлімбетова.
Иә, «Атың барда жер таны желіп жүріп...» демекші, денсаулық жарап, мүмкіндік жетіп жатса, ел аралап, жер танығанға жетсін!
Д. ОРАЗ.