Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-03 10:12:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 31
Ит тістегендер одан да көп
Түркістан облысы аграрлы саланы дамытуда елімізде жетекші орынға ие. Егін мен мал шаруашылығында өркендеу бар. Бұл қуантарлық жағдай. Алайда, мал басының артуы тұрғындарға кейбір қолайсыздықтарды да туындатуда. Соның бірі – кене.
Деректерге сүйенсек, осы жылдың алғашқы 6 айында облыс аумағында кене шағу оқиғасы көбейген. Дәлірек айтқанда, 183 адам кене шағудан зардап шеккен. Оның біреуінде Қырым қанды безгегі (ҚҚБ) анықталған. Абырой болғанда ақ халаттылардың дер кезінде, әрі сапалы қызметінің арқасында науқас аман қалды.
Мамандар пікіріне сенсек, ерте көктемде ұйқыдан оянған кенелер жаздың шілдесінде күшіне мінеді. Ал құрғақшылық кезінде олардан келер қауіп тіпті артады. Мұндай қауіпті кезең қыркүйек пен қазан айына дейін жалғасатынын ескерсек, алдағы уақытта бұл сан әлдеқайда артуы да мүмкін. Әйтеуір адам шығыны орын алмасын деп тілейік.
Оқырманның есінде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан қаласында қырым қанды безгегіне шалдыққан науқасты емдеген бірнеше дәрігер ажал құшып, біреуі сотталған сұмдық оқиға болған еді. Әрине, дәрігерлерден де қателік кеткен болар, бірақ, мұндай жағдайда бірінші кезекте ветеринар дәрігерлерден сұрау болу керек емес пе? Неге десеңіз, кенеден келетін кеселдің алдын алып, болдырмау, кенелерді жою ветеринарлардың мойнындағы міндет. Кененің көбейіп, шағу, ауру жұқтыру қаупінің күшеюі – ветеринарлардың жұмысының салғырттығын көрсетсе керек.
Түркістан облыстық жедел жәрдем орталығы берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Түркістан қаласында 40 адам кене шағу салдарынан дәрігерлер көмегіне жүгенген. Тұрғындары кенеден көп зардап шеккен өңірлердің көшін Ордабасы (19), Сайрам (10) аудандары жалғастырады. Облыстық ветеринария басқармасының Түркістан қалалық филиалынан алынған мәлімет бойынша, кене шақты деп шағымданғандар саны 96 адамды құраған. Демек, кене шаққандардың көбі дәрігерлер көмегіне жүгінбеген деген сөз. Өте қауіпті. Бұл кенеге қарсы насихат жұмыстарының облыс орталығында өз деңгейінде жүргізілмегенін көрсетсе керек.
Жалпы, ветеринар мамандарының жұмысына қатысты сыни пікірлер көп. Соның бірі – қаңғыбас ит-мысықтар тақырыбы. Бақылау болмаған жерде иттер көбейіп, адамдарға айбат шегеді, құтыру ауруының асқыну қаупін күшейтеді. Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, айтылып отырған 6 ай ішінде облыс орталығы - Түркістан қаласында 236 адам иттен зәбір көріп, жапа шеккен. Бұл жергілікті тұрғындардың уайымын күшейтіп, қонақтардың, туристердің үрейін ұшыратыны сөзсіз. Осы мәселеге орай Түркістан қаласындағы ветеринарлық қызметтің басшысы Сәбит Есіркепұлына хабарласқанымызда ол былай деді: «96 адам кене шағумен тіркелді. Біздің мамандар барып тексергенде олардың 17-сінің меншігінде малы бар екен. Бәрінен қолхат жаздырып алынды. 79 адам өздерін не шаққанын білмейді. Дәрігерлер «Кене шақты ма?» деп сұрағанда «иә» дей салғанын айтыпты.
Тұрғындар малын заң жүзінде тіркету керек, сонда көктем мен күзде мемлекеттен тегін дезинсекция жұмыстары жүргізіледі. Басқа кездерде ақылы негізде дәрілетсе болады. Біз дезинсекция жұмыстарын тозаңдату, бүрку әдісімен жүргіземіз. Екінші кезең, яғни малды жазғы шомылдыру жұмыстары әлі басталмады. Күннің күрт ысуына байланысты басқармадан тамызда басталатын науқанды шілдеде бастауға нұсқау келіп, біз қазір соның қамымен жүрміз.
Ал енді ит қабу туралы айтсам, шынында да қауіп көп болып тұр. Жыл басынан бері 231 адам иттен жарақат алды. Бұл көрсеткіш былтыр 216 еді. Әлгі 231 иттің 131-нің иесі бар, басқалары қаңғыбас. 109 байланысы арқылы шақыру бойынша бізде 1-ақ аңшы жұмыс істейді. 1 итті аулауға 1680 теңге бөлінеді. Ол ақшаға итті іздеп табудан бастап, аулау, дәрі егу, питомникке жеткізу жұмыстары атқарылады. Түркістанда 250 мың адам тұрады. Жақын ауылдардағы тұрғындар тарапынан да иттерді көшелерге әкеліп тастау оқиғалары жиі орын алады. Ит ұстау ережесін сақтамау салдарынан Түркістан қаласында 2012 жылдан бері 103 890-нан аса ит ауланған.
Менің бұл қызметке келгеніме көп уақыт болған жоқ. Байқағаным, қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу керек сияқты. Мәселен, біздің аңшы аулаған итті Сауран ауданының орталығы - Шорнақ ауылындағы питомникке апарып өткізеді. Ол жерде белгілі уақыт ұстаған соң агрессивті мінез байқатпаса, кастрация жасатып, қайтадан ұстаған жеріне апарып тастау керек. Дәл мұндай әдіспен иттер санын да, қаупін де азайту мүмкін бе?».
Сала мамандары осылай дегенмен, тұрғындардың айтар уәжі басқа. Шардаралық белсенді азамат Қанатәлі Момбеков ветеринарлардың жұмысына көңілі толмайтынын төмендегіше түсіндіреді: «Менің қолымда қой мен сиыр ғана бар. Оларды кенеден өзіміз тазалаймыз. Шомылдыру бір машақат. Әкімге бір, ветеринарларға бір айтып, керолинді өзіміз табамыз деп жалынғандай болып жүріп хауызға су құйғызамыз. Бірақ, ол құйған суға қой батпайды. Қой толық батпайынша шомылған бола ма? Оның үстіне бұрын керолинге шомылып шыққан қойға кене жоламай, 10-15 күн таза жүретін. Бүгінде шомылған қойдан кене түсіп қалу былай тұрсын, судан шыққан бойда-ақ үстінде өрмелеп бара жатады. Соған қарағанда керолиннің де сапасы нашарлаған секілді. Менің ойымша ветеринария саласының жұмысын толығымен қайта құру керек, әйтпесе кенеден келер кеселден құтылу қиын».
Осылайша көктемде жер бетіне шығып, қара күзде ғана белсенділігін төмендететін кене жазы ұзақ оңтүстік тұрғындарын 7-8 ай бойы үрейде ұстайды екен. Биылғы шілденің аптап ыстығынан болса керек, уы адамды өлтіруге қауқарлы қара құрт та көбейіп, жұртты әбігерге салуда. Қашанғы үрей құшағында өмір сүрер екенбіз? Залалсыздандыру жұмыстары сапалы жүргізілмейінше, көрген күніміз осы болса керек!
Ұлықбек ҮМБЕТ.