Айтысқа қызықпайтын «орыстілді» қыз Бекарыстың жүрегін жаулап алды

Мәдениет және өнер

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-04 15:10:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 20


Айтысқа қызықпайтын «орыстілді» қыз Бекарыстың жүрегін жаулап алды

Бір әнінің шығу тарихы

1996 жылы «Жамалым» деген жаңа ән жарқ ете қалды. Қазіргі тілмен айтсақ, «хит» болды. Домбыра ұстаған, яки әлдебіреуге ғашық болған жастардың барлығы ойын-жиында осы әнді шырқап, былайша айтқанда, қыздардың «көз құртына» айналды. Бірақ ол кезде ешкім де ән авторларын білмейтін еді. Кейін Саят Медеуов әнді телеарналардың бірінен орындап шыққанда ғана ән авторлары белгілі болды...

Айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков Түркістандағы Ясауи университетінің шығыстану факультетінде оқитын. Бірде оқу орнының жаңа жылдық бал-маскарады өтеді де, артпа-арт ол факультеттің шырша тойына ұласады. Бұл кештің асабалығы Бекеңе жүктелген-ді. Кештің шырайы кіріп, ойын-сауық қызып жатқан тұста, болашақ шығыстанушылардың ортасына тарих-филология факультетінде оқитын, бірі-бірінен өткен сұлу, үріп ауызға салғандай екі қыз имене басып кіріп келеді. Бірі – Гүлмира, екіншісінің есімі – Гүлжамал.

– Шығыстану факультетінде Гүлмира деген жерлесім, әрі құрбым оқитын. Сол қояр да қоймай қолқалап жүріп, мені университеттің жаңа жылдық шыршасынан кейін өзінің факультетіндегі кешке ертіп барды, – дейді бүгінде Бекарыстың жары болып отырған Гүлжамал сол күндерді еске алып. – Алқалы ортада елді ауызына қарата, жұртты қыран-топан күлкіге батыра асаба қызметінде жүрген Бекеңе көзім түсіп кетті. Бұрын-соңды көрген адамым емес. Бекеңнің де назарының маған түскенін байқадым. Жанындағы достарынан мен жайлы ақпарат сұрастыра бастағанын сездім.

– Сұрастыра келіп Гүлжамалдың осы университетте оқитынын білдім, – деп әңгімеге араласты Бекарыс. – Көрмеппін. Кездеспеуімнің себебі, мен таңертең оқимын да, ол түстен кейін ғана сабаққа келеді. Бір қызығы, дәрісханадағы терезелеріміздің өзі бір-біріне қарсы қарап тұрады екен...

– Сол кеште ебін тауып, Бекең маған жанай келіп: «Мені танисыз ба?», «Айтыс көріп тұрасыз ба?» деді. Мен танымайтынымды және айтыс дегенге мүлдем қызықпайтынымды айттым. Шынымды айтсам, бала-бақшада да, мектепте де орысша оқығандықтан ба, айтысқа оншалықты қызықпайтынмын. Үйде ата-анам теледидардан айтысты көре бастаса болғаны, мен басқа арнада болып жатқан концерттерді тамашалайтынмын.

Сол күнгі кеш Бекарыс үшін жүрек лүпілі мен сезім сергелдеңі қатар айқасқан мазасыз кеш болды. Жатақханаға келген соң «қарақат көзді» аруға арнап өлең шумақтары өрілді.

Қарақат көзді қарағым,

Аймалап ескен самалың.

Шарлатқан шаттық аралын,

Маралымсың.

Еркесі еркін даланың,

Байлаулы саған жанарым.

Көңілдің бұзған қамалын,

Жамалымсың...

Бекарыс жатақханада бір бөлмеде Досай досымен бірге тұратын. Бір күні бұларға қонаққа бірер жас үлкендігі бар айтыстағы адуын ағасы Жәкен Омаров келе қалмасын. Ескі дос Бекеңнің бұрынғыдай емес, құлықсыз, көңілсіз отырғанын байқайды. Шәй үстінде Жәкен Досайдан жан айырмас досының көңіл-күйінің болмау себебін сұрайды. Досай Бекеңнің «қарақат көзді бір қызға» өлең шығарып, ғашықтық құсалықпен отырғанын жеткізеді. Жәкең өлеңді оқып, қолына домбырасын алып, «Жамалымның» алғашқы ноталарын шерте бастайды. Бекең елең ете қалады. Манағыдай емес, жүзіне қан жүгіріп, ыңылдай әнге қосылады. Іздегені осы! Ғашықтық ғазалындай тамылжыған ән бірте-бірте үш жігіттің қоңыр үнімен әуелеп кете барады...

Көп ұзамай айтысқа мүлдем қызықпайтын «орыстілді» қыз әдемі әнді естіп, кеудесінде ғашықтық оты тұтанып, бірте-бірте өзі де білдірмей Бекеңнің жүрегін ұрлай бастайды...

Бекжігіт Сердәлі,

журналист, композитор.

 


Пікір қалдырыңыз: