«Қызға» барған, бәлеге қалған...

Құқық

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-07-31 11:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 30


«Қызға» барған, бәлеге қалған...


Бүгінде үлкен қалаларда меншігіндегі пәтерін ақыға беретіндер көп.  Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкентте де солай. Сағатқа, тәулікке жалға берілетін «квартираға» қызық қуып баратындар бар. Сондайларды арбап қармаққа түсіретін, бопсалап ақшасын тартып алатындар да жоқ емес. Таяуда осындай бір оқиға орын алды.

Шымкент қалалық полиция департаментінен алынған мәліметте екі қыз бен үш жігіттің бірігіп, адам бопсалаумен айналысқаны туралы айтылады. «Схема» мынадай: Қыздар әлеуметтік желі арқылы ер адамдармен танысып, олардың сеніміне кіреді. Сосын оларды арбап, жалдамалы пәтерге кездесуге шақырады. Әрине, басы айналған еркек бұған қуана келіседі, жүздесуге жетіп барады. Ал «қызықты» кездесу барысында пәтерге әлгі қыздардың сыбайластары баса-көктеп кіреді. Төбесінен жай түскендей болған «жігіт» не істерін білмей сасады. Келгендер өздерін қыздардың туыстары, ағалары немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, оның зәресін алады. Күш көрсетіп, соққыға жығады. Ісі әшкере болып, масқарасы шыққалы тұрған еркек оларға жалынады. Сол кезде «мәселені» тыныш шешу үшін одан қомақты ақша талап етіледі.

«Мың асқанға – бір тосқан» дегендей, оңай жолмен олжа тауып үйренген бесеу кезекті жәбірленушінің полицияға арыздануынан кейін құрықталған. Айтуынша, әлгілер оны ұрып-соғып, 800 мың теңге ақшасын тартып алған екен. Осылайша ақша бопсалаумен айналысқан топтың қылмыстық ісіне тосқауыл қойылған. Қылмыстық іс қозғалған. Полиция мәліметінде ұсталғандардың қалта телефондарын тексергенде осыған ұқсас өзге де қылмыс деректері анықталғаны туралы айтылады. Енді басқа да жәбірленушілерді анықтау және барлық заңсыз әрекеттерді құжаттау жұмыстары жүргізілмек.

Х. АСАН.


Пікір қалдырыңыз: