РЕСЕЙГЕ «Ә» ДЕСЕ, «МӘ!» ДЕП ОТЫР

Саясат

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-08-04 12:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 21


РЕСЕЙГЕ «Ә» ДЕСЕ, «МӘ!» ДЕП ОТЫР

Ресей мен Әзірбайжан арасы қырғиқабақ болып тұр. Негізі екі ел арасында салқындық былтырғы желтоқсан айындағы «Әзірбайжан әуе жолдары» компаниясы жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауынан басталғаны белгілі. Сол  күні Бакуден Грозныйға ұшқан жолаушылар ұшағына Грозныйдың да, сол аумақтағы тағы да бірер әуежайдың да қонуға рұқсат бермегені, әуеде зақымданған ұшақтың Каспий теңізі үстімен өтіп, Қазақстанның Ақтау қаласына жақын тұсқа жетіп құлағаны белгілі. Ұшақ бортындағы 70-ке тарта адамның 40-қа жуығы қаза тапқан еді. Әзірбайжан Ресейден осыған байланысты егжей-тегжейлі тексеру жүргізуді және өтемақы төлеуді талап етті. Ал Ресей жағы ел президенті В.Путиннің немқұрайды түрде кешірім сұрауымен шектелген болатын.

Негізі сол күндері Ресейдің көптеген өңірлеріне Украина дрондары шабуыл жасаған. Бұл шабуыл Солтүстік Кавказ аймағын да қамтыды. Сондықтан Ресей Солтүстік Кавказ бен Каспий аумағында әуеден қорғаныс бөлімдерін іске қосқан. Жолаушылар ұшағы сол күні зымыранмен атып түсірілген болуы әбден мүмкін. Әзірбайжан солай болғанына сенімді, ал бірақ Ресей жағы әзірге солай болды деп мойындаған жоқ.

Содан бері бұл екі елдің арасы жақсы болмай тұр еді. Өткен маусым айының соңында Ресейдің Екатеринбург қаласында орын алған оқиға отқа май құйғандай болды. Ресей күш құрылымдары онда оншақты жыл бұрын болған адам өліміне қатысы бар деп тұтқындаулар жүргізген. Акция түбі әзірбайжандық Ресей азаматтарына қарсы жүрді. Осы кезде ағайынды екі әзірбайжан қаза болды. Одан басқа әзірбайжан ұлтының бірнеше азаматы қамауға алынды. Оқиға кезінде бірер адамдар соққыға жығылды. Ол ақпарат құралдарында көрсетілді.

Осы оқиғаға байланысты Әзірбайжан жағы Ресейге өзінің наразылығын білдірді. Бірақ Ресей оған құлақ аса қойған жоқ. Ал арада көп өтпей Әзірбайжанда бірқатар Ресей азаматтары қамауға алынды. Оларға «шпиондық жасаған» деген айып тағылды. Ресейліктерді қамауға алу кезінде күш көрсетіп, соққыға жығу деректері орын алған. Осы оқиғаларға байланысты да екі жақ бірін-бірі кінәлаумен болды.

Таяуда Әзірбайжанның Таулы Қарабақ аумағында тағы да бір шулы жай орын алды. Осындағы Ханкенді қаласында Ресейдің бітімгершілік күшінің солдаттары түбі армян ресейлік суретші Иван Айвазовскийдің ескерткіш-бюстін орнатқан. Оны Әзірбайжан жағы тура суретшінің туған күнінде құлатып тастады. Осыны хабарлаған ТАСС агенттігі Ханкенді қаласын КСРО кезіндегі атауымен Степанакерт деп көрсеткен еді. Бұған жауап ретінде Әзірбайжанның бір ақпарат көзі Ресейдің біраз жерлерін бұрынғы атауымен атап жазды. Мысалы, Калининград Кенигсберг деп, Волга өзені – Еділ, Оренбург Орынбор деп аталды. Бұл кейбір ресейліктердің ышқырына шоқ салғандай әсер етті. Олар «Әзірбайжанды да Украина сияқты жөнге салу керек!» деп байбалам салуда.

Ал 10 миллионнан сәл-ақ асатын халқы бар Әзірбайжан Ресейден ығатын емес. «Келсең, кел!» дегендей сұс көрсетуде. Экономикасы жылдам дамып келе жатқан аграрлы-индустриалды ел кейінгі кезде әскерін де нығайтып алғаны мәлім. Армиясын заманауи қарумен жарақтандырып, Армения басып алып қойған Таулы Қарабақ өңірін 2020-жылғы соғыста толықтай қайтарды. Әлемдегі белді мемлекеттердің бірі, НАТО мүшесі Түркиямен тығыз байланыста, оған арқа сүйейді. Кейінгі кезде тіпті өз жеріне, Каспий бойына НАТО базасын орнатуға келісетіндей де ыңғай танытып, Батыс елдерін емексітіп отыр.

Ал Украинаға қарсы соғыста қалжыраған Ресейдің Әзірбайжанға бұрынғыдай дөңайбат көрсетуге шамасы келмей қалды. Жер көлемі шағын ғана Әзірбайжан осылайша Ресейге өзінің азуын көрсетіп отыр.

Х. АСАН.


Пікір қалдырыңыз: