Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-08-26 09:00:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 123
25 тамыз күні Ақсукенттегі Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Сайрам аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жаңа оқу жылына арналған ұстаздардың дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбымен өткен конференцияда аудандағы білім саласының жетістіктері мен жаңа оқу жылындағы басым бағыттар кеңінен талқыланды.
Бұл күні 2024-2025 оқу жылының қорытындысы жасалып, алдағы оқу жылына арналған стратегиялық міндеттер айқындалды. Онда «Адал азамат» ұлттық тәрбие бағдарламасын енгізу аясындағы жұмыстарды жүйелеп, кәсіби білім мен тәрбие сапасын арттыру бағытындағы нақты шаралар белгіленді.
Шараға арнайы шақыртылған қонақтар, Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев, облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы Күләш Нұржанова, аудан прокуроры Бақытжан Байғозиев құттықтау сөздерін арнады. Сондай-ақ, жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Шамхат Халмурадов, мекеме-ұйым басшылары, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары, ұстаздар, БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция барысында баяндамашылар заманауи білім берудің өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарды. Соның ішінде: адалдық пен кәсібилік, жасанды интеллекттің рөлі, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығы, цифрлық білім беру тенденциялары, инклюзивті және техникалық білімнің дамуы, кітап оқуға деген құштарлықты арттыру мәселелерін ортаға салды. Конференция барысында Дінбаев Миржан және PhD докторы, «Teacherslab» директоры Сәуле Зейнолла - «Заманауи білім беру жүйесінде кәсібилік пен адалдықты ұштастыру - басты міндет», педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Ақпараттық жүйелер және модельдеу» кафедрасының аға оқытушысы Ізтаев Жалғасбек «Білім берудегі жасанды интеллект: жаңа тенденциялар, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер», «Болашақ» жоғары колледжінің физика пәні жетекшісі, «Казроботикс» федерациясының өкілі Сүлейқұлова Гүлбану «Жасанды интеллект - болашақтың кілті» тақырыптарында баяндама жасады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов өткен оқу жылындағы жетістіктерге қысқаша тоқталып кетті. Ауданда 80 мыңнан астам оқушыны қамтыған 204 білім беру ұйымында 10 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оқушылар республикалық және облыстық олимпиадалар мен байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Солардың ішінде 5 оқушы республикалық кезеңге өтіп, 3-еуі жүлдегер атаныпты. «Мың бала» олимпиадасынан – 19 оқушы грант иеленген. 11 мың оқушы түрлі байқауларда жеңіс тұғырынан көрінді. Ұлттық мектеп лига жарысында 4 команда жеңімпаз атанды. «Айбын-2024» жиынында 2 мектеп 2-орын алды. 2198 бала жазғы лагерьлерде демалды. Цифрландыру және қауіпсіздік жүйелері барлық мектептерде орнатылды. Бала қауіпсіздігіне бағытталған «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы сәтті жүзеге асты.
Ардагер ұстаздарға гүл шоқтарын сыйлаумен басталған тамыз конференциясы білім саласына қосқан елеулі еңбектері үшін 26 педагог пен сала қызметкерлерін әртүрлі деңгейдегі марапаттаумен жалғасты. Атап айтқанда, «МК-Аяулым» жекеменшік бөбекжай-балабақшасы Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік балабақша – 2025» номинациясы, аудан әкімінің міндетін уақытша С.Дүйсебаевтың «Алғыс хаты» – 11 педагогке және әлеуметтік-педагог, мектеп кітапханашыларына, сондай-ақ, облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының, облыстық мәслихаттың және министрліктің марапаттары – 15 ұстаз бен мектептің кіші қызметкерлеріне табысталды. Конеренция мәдениет үйінің әншілері қойған концертке ұласты.
Ұ. БЕК.