Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-08-22 11:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 125
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шымкент қаласы дендрологиялық саябақ аумағында орналасқан Президент резиденциясы жаңа оқу жылынан бастап дарынды балаларға арналған лагерь ретінде жұмысын бастайды. Бұл лагерьге білім олимпиадаларының жеңімпаздары, үздік, өнертапқыш, ғылымға құштар және мәдениет пен өнерде ерекше жетістіктері бар оқушыларға жолдама берілетін болады.
Жыл он екі ай жұмыс істейтін лагерьде әр ауысымда 50-60 бала қамтылмақ. Осылайша бір жылда 2500-ге жуық жас дарынға білім мен тәрбие ерекше бағдарламамен ұсынылмақ. Спорт алаңдары, экологиялық таза аула, кітапхана мен медпункт қарастырылған аумақта балалардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген.
«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен педагогтардың тамыз кеңесінде осылай деген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл елдің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті. Маңызды жиынға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы келіп қатысты. Жиын алдында мектеп оқушыларының ғылыми жобалары ұсынылған көрме ұйымдастарылды. Жас өнертапқыштардың робототехника және STEM бағытындағы бұйымдары, сондай-ақ қолөнер туындылары ерекше қызығушылық тудырды. Әсіресе, STEM Academy – ғылым, технология, инженерия және математика бойынша білім беру орталығының, i7 Technologies – бағдарламалық өнімдер әзірлеу орталығының өнімдері таңқалдырды. Көрмеге шымкенттік кәсіпорындардың, кәсіпкерлік нысандардың да өнімдері қойылды. АзияShymСервис – IT-инфрақұрылымдық шешімдерін ұсынса, Transtelecom – ұлттық телеком және киберқауіпсіздік қызметтері, INDIGO, Mindal, TEMIR платформалары – мектепке дейінгі, қосымша білім және кадрлық процестерді автоматтандыру жүйелері кеңеске жиналғандарға түсіндірілді. Ал «Атамұра», «Көкжиек-Горизонт», «ШұғылаКітап», «Алматыкітап» баспаларының оқулықтар мен әдебиеттер көрмесі ұстаздарға пайдалы болды. IQAA аккредиттеу орталығы білім сапасын бағалау бағытындағы жұмыстарын түсіндірсе, Орталық Азиядағы ең ірі кілем фабрикасы БалТекстиль білім беру мекемлері үшін өз өнімдерін фабрика бағасымен ұсынып жатты.
Кеңес жиынында министр Ғани Бейсембаев ұстаздарға Мемлекет басшысының білім беру саласына жасаған қолдауы арқасында жүзеге асқан іргелі істермен таныстырып өтті. Жаңа оқу жылында педагогтерге жүктелер жаңа міндеттер туралы баяндады. Айта кету керек, жаңа оқу жылын Шымкент қаласы тың серпінмен бастағалы тұр.
– Соңғы екі жылда қалада 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ұлттық жоба аясында тағы 12 мектеп салынды. Алдағы екі жылда 37 жаңа білім ордасы бой көтереді, - деді Ғабит Сыздықбеков.
Қалада білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2020 жылдан бері аз қамтылған отбасылардың балалары мектеп формасымен толық қамтылып келеді.
– Биылғы оқу жылында 28 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Жаңа оқу жылына мектептерге оқулық толығымен жеткізілді, - деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова.
Балабақшаларда әлеуметтік жағдайы төмен балаларға тегін орындар қарастырылған. Ал жоғары оқу орындарында еңбек нарығына қажетті мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны артқан. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда 285 студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Жиын соңында үздік ұстаздарды министр мен қала әкімі түрлі деңгейдегі марапаттармен құттықтап, салтанатты түрде табыс етті.