Бауырды неге «май басады»?

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-08-19 15:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 115


Бауырды неге «май басады»?


Осы күні екінің бірі «бауырды май басудан» қиындық көреді. Оң жақ қабырғаның асты қызып, шаншып, ауырсынумен дәрігерге барғандардың көпшлігіне осы диагнозды қояды. Неге? Тіпті «Ковидтен кейін бауыры ауыратындар тым көбейіп кетті» дейтіндер де бар. Расымен солай ма? Неліктен бауыр «майланады»?

Медицинада «Майлы гепатоз» деп жүргеніміз бұл сіз ойлағандай тікелей мағынасындағы «майдың жиналуы» емес, бауырдың, гормондардың және ішектің қабынуы. Ағзадағы жасушалар инсулинге дұрыс жауап бермей бастағанда, қанда қант ұзақ сақталады. Организм артық глюкозаны «жасыруға» тырысады да, бауыр оны майға айналдырады. Бұл май бауырдың ішіне жиналады. Сондықтан гепатоз кезінде артық салмақ пайда болады.

Тәттілер, ақ ұннан пісірілген нан өнімдері, газды сусындар ағзада қант мөлшерін көбейтеді. Осыдан барып бауырды май басады. Рационында тәтті мен ұнды көп жейтін арық адамдардың да бауырында май жиналуы мүмкін.

Ақуызды көбірек тұтыну керек. Ол бауырдағы майды арнайы тасымалдаушы бөлшектерге «орап», бүкіл организмге таратушы. Ақуыз жетіспесе, май сыртқа шықпай, бауырда тұрып қалады.

Бұл орайда өттің қызметі маңызды. Өт тек майды қорытуға ғана емес, оларды шығаруға да қажет. Өт тоқтап қалса, май ыдырамай, бауырда қалып қояды. Мұндайда ауызда ащы дәм, майлы тамақтан кейін ауырлық, іш қату басталады. Сонымен бірге, ішекте «зиянды» бактериялар көбейгенде де олар бөлетін токсиндер қан арқылы бауырға түседі. Осыдан қабыну пайда болып, бауырды май басады. Сол үшін, ең алдымен ішекті тазартып, жұмысын реттеуге мән беру керек. Ол үшін ішетін тамағыңыздан көмірсуларды алып тастаңыз. Ақуызы мол балық, жұмыртқа, құс еті, бұршақ тұқымдастарды көп тұтыныңыз. Өтті айдау үшін дене белсенділігін күшейтіңіз. Ал ішектің кебуі, іш қатуды жою үшін пробиотиктер қабылдаған жөн. Күнделікті жаяу жүруді, жүзуге баруды, буынға салмақ түсірмейтін жаттығулар жасауды әдетке айналдырған дұрыс.

Дәруменнің көмегіне жүгінуге де болады. Омега-3 — қабынуды азайтады және бауырдағы майлық жүктемені төмендетеді. С дәрумені — омега-3-пен бірге әрекет етіп, бауырды антиоксиданттық қорғаныспен қамтамасыз етеді. Холин немесе күнбағыс лецитині — майды «орап», бауырдан шығаруға көмектеседі.

Егер жоғарыда айтылған кеңестерге құлақ асып, бауырға дұрыс жағдай жасалса бастапқы кезеңде «май басудан» арылуға болады. Айтпақшы, «COVID-19»-дан кейін бауыры ауыратындар тым көбейіп кетті» деген сөз негізсіз емес. Бұл вирус бауыр жасушаларына (гепатоциттер мен өт жолдарының жасушалары) ACE2 рецепторлары арқылы әсер етеді. Глюкоза мен липид алмасу жұмысын бұзады. Естеріңізде болса індет кең тараған жылдары адамдарда қозғалыс белсенділігі азайып, өңделген тағамдарға, тәттілер мен қантқа тәуелділік басым болды. Мұның өзі тікелей бауырдың «май басуына» әсер етуші.

Италияда ғалымдардың жүргізген зерттеулерінде COVID науқастардың шамамен 55 пайызында метаболикалық байланысы бар майлы бауыр ауруын анықтаған. COVID-19-дан айыққандарда бауыр тінінің серпімділігі, яғни зақымдану немесе фиброз болуы мүмкін деген көрсеткіштер анықталған. Оны ультрадыбыстық эластография (УЗИ) арқылы тексергенде мәселе «сол вирустан» деген қорытынды шығарған. Зерттеулер көрсеткендей, ковидтен кейінгі науқастардың жартысынан көбінде бауырда май жиналуы (майлы гепатоз) дамыған.

Бұл вирустан «азат» болғанымыз кеше ғана. Әлі де болса арқаны кеңге салмай, дұрыс тамақтануды қалыптастыруымыз керек. Ақ ұннан жасалған нан өнімдерінен бас тартыңыз. Тәтті жемеу, газдалған сусын ішпеу, күніне кемі 30 минут жаяу жүруді әдетке айналдырыңыз. Ең бастысы, ішек жолдарын тазалайтын дәрумендер ішіп, ағзадағы шлактың дер кезінде шығуына мән беріңіз.

Ауырмаңыз!

Сая Жұмағұлова.


Пікір қалдырыңыз: