Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-01 11:15:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 39
Лейла
Зулейха, Джон Хопкинс университетінің саясаттану бойынша
докторанты:
Әйелдер арасындағы кедейлік деңгейін саралайтын ұлттық статистика 2001 жылдан бастап жүргізіледі. Соған қарасақ, кедейлік деңгейі айтарлықтай төмендеген: 50 пайыздан 4,5 пайызға дейін. Динамика оң, бірақ айқын гендерлік айырмашылықтар бар.
Әйелдер кедейлігінің басты себебі – патриархат және одан туындайтын әлеуметтік қағидалар: ер адам – «асыраушы», әйел – «ошақ сақтаушысы» деген түсінік. Іс жүзінде бұл модель қазір өзінің маңызын жоғалтқанымен кедейлік шегінде өмір сүретін әйелдер санының өсуіне әкеп соғуда.
Басты себеп - әлеуметтік-экономикалық рөлдерді әлі де айқындайтын патриархалды қағидалар. Мемлекет пен мемлекеттік институттар әйелдердің ақысыз еңбегін ескермейтін модельді ұстанады. Балаларға, қарттарға немесе науқастарға күтім жасау міндеті көбінесе әйелдердің мойнына түседі. Бұл сағаттар ақылы еңбек уақытына кірмейді, сондықтан әйелдер объективті түрде әлдеқайда осал жағдайда қалып отыр.
Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы 1,68 миллион әйел мүлде жұмыс істемейді. Бұл - барлық әйелдің 37,1 пайызы, ал ерлер арасында бұл көрсеткіш 27 пайыз. Яғни, әрбір үшінші қазақстандық әйел үйінде отыр. Өз қалауымен емес, жұмыс таппағандықтан, жұмыс тапса да оны отбасылық міндеттерімен ұштастыра алмағандықтан.
Әйелдер жүктілікке, босануға және бала күтіміне байланысты еңбек жолын үзеді, бұл зейнетақы жинақтарының азаюына және өмірлік табысының төмендеуіне әкеледі. Ұзақ мерзімді перспективада кедейліктің бет-бейнесі шынымен де әйелдің бет-бейнесі.
Әйелдің жағдайы көбіне әлеуметтік қорғалуына байланысты, яғни тұрып жатқан өңіріндегі балабақшалар мен медициналық мекемелердің санына. Егер отбасында немесе қауымдастықта сапалы денсаулық сақтау қолжетімді болмаса, бұл міндет әйелдің мойнына жүктеледі. Бұл онжылдықтарға созылуы мүмкін. Негізінен әйелдерге бүкіл денсаулық сақтау институтын алмастыру және отбасындағы науқастарды толықтай күту міндеті жүктеледі. Пандемия әйелдердің жұмыспен қамтылуына және ақы төленетін еңбекпен айналысу мүмкіндігіне әсер етті. Балабақшалар мен мектептердің жабылуына байланысты балалар мен отбасының басқа мүшелеріне қамқорлық жасау жұмысының негізгі бөлігі әйелдердің мойнында қалды. Ғылыми ортада жүргізілген зерттеуде пандемия кезінде әйелдердің жарияланымдары ерлерге қарағанда әлдеқайда сирек шыққаны анықталды. Бұл жағдайдың өзгеруіне байланысты әйелдер ерлермен бірдей жұмыс істей алмайтынын көрсетеді. Біздегі мәдени ұстанымдар бойынша, әйел үйдегі ақысыз еңбекті атқаруы тиіс, бірақ осының кесірінен олар жақсы табыс таба алмай отыр.
Бүгінде әйелдердің 21,6 пайызы жоғары білімге ие, ал ерлердің арасында бұл көрсеткіш 17,8 пайыз болады. Университеттерде студенттердің 53 пайызы, магистранттардың 57,5 пайызы және докторанттардың 62,2 пайызы – қыздар.
Әйелдер елдегі барлық зерттеушінің 53,6 пайызы. Олардың ішінде ғылым докторлары көбірек (2 607 әйел және 2 359 ер адам) және ғылым кандидаттары да артық (8 885 әйел және 7 930 ер адам). Бірақ соған қарамастан, ректорлар мен ЖОО басшыларының 79 пайызы – ерлер. Әйелдер білім өндіреді, ал оны басқаратын – ерлер. Әйел жақсы оқиды, бірақ аз табыс табады.
Қазақстандағы әйелдер кедейлігі - бұл жеке жағдай емес, жүйелік проблема. Ел әйелдерге еңбекке, жалақыға және ресурстарға тең мүмкіндік бермейінше, толыққанды экономикалық өсу мүмкін болмайды.