Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-08-31 15:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 67
Күздің алғашқы айындағы ауа райы қандай болады? «Қазгидрометтің» бір айға алдын-ала жасаған болжамы төмендегідей: айдың бірінші және екінші онкүндіктерінің бас жағы қуаты секундына 15-20 метрге дейін жететін желдің тұруымен ерекшеленеді. Жел үшінші онкүндікте жиілейді. Бұл онкүндіктің басы мен соңында шаңды дауылдар болуы ықтимал.
Оңтүстік өңірінің басым бөлігінде бұл айда жауын-шашынның түсуі қалыптағы айлық нормадан аз болады. Кей күндері өткінші жаңбыр жауады. Өткінші жаңбыр айдың бірінші-екінші онкүндіктерінің орталарында, үшінші онкүндіктің ортасы мен соңында жауады деп болжанған.
Ал ауаның орташа айлық температурасы бұл ай үшін қалыпты шамада, +12,5+21,4 градус аралығында болады. Бірінші онкүндікте түнгі температура +13+18 градустан +8+13 градусқа дейін, күндіз +27+32 градустан +22+27 градусқа дейін төмендейді. Таулы аумақтарда +8 градустан +3 градусқа дейін ауытқиды. -3 градусқа түсіп, үсік жүруі де мүмкін.
Айдың екінші онкүндігінде де күн райы осы шамалас болады. Кей күндері күндізгі температура +17 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.
Үшінші онкүндікте ауа біршама қызады, түнде +13+18 градусқа, күндіз +27+32 градусқа дейін ысиды. Таулы аумақтарда да температура түнде +8, күндіз +22 градусқа дейін көтеріледі. Онкүндіктің екінші жартысында күн райы біршама салқындай бастайды. Температура түнде +6+11, күндіз +16+21 градус шамасында болады. Таулы аймақтарда түнгі температура +1 градус болады. Кей жерлерде топырақ бетіндегі температура -3 градусқа дейін төмендейді. Ал күндізгі температура +11 градус шамасында болады.
Бұл – бір айға алдын-ала жасалған консультативті болжам. Ауада шекара жоғы белгілі. Алда кейбір құбылыстар орын алып, болжамнан ауытқу байқалып жатса, оған таңданбаспыз. Сондықтан ауа құбылыстарына мән беріп, маусымға сай киініп жүрген артықтық етпейді.
О. ТҰРАР.