Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-01 20:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 67
«Қазақстан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде қолдайды» осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қытайдың жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жаһандық ұйым құру бастамасын қолдайтынын да атап өтті. Қытай елінің цифрландыру мен технологиялар саласындағы жаһандық жетістіктерін жоғары бағалаған Мемлекет басшысы Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту бойынша жүйелі қадамдар жасалып жатқанын да айрықша атады. «Биыл елімізде өңірдегі алғашқы суперкомпьютер іске қосылып, AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды» деді ол.
Сарапшылардың болжамынша, 2033 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, бұл сала технологиялық индустрияның 30%-ын құрауы мүмкін.
Тоқаевтың сөзінше, Alatau City жаңа қаласын салу жобасына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл қала аймақтық деңгейдегі ірі инновациялар, криптоиндустрия және технологиялық кәсіпкерлік орталығына айналуы тиіс. Жақын арада жоба дербес экожүйе мәртебесіне ие болады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ China State Construction Engineering Corporation компаниясымен келісімді қолдайтынын және Alatau City құрылысын жедел бастау көзделіп отырғанын айтты.
«Біз қытайлық компаниялармен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз және жаңа жобалар Қазақстандағы инновациялар дамуына серпін береді деп сенеміз», – деді Тоқаев.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 27 миллиард долларға жеткенін мәлімдеген болатын.