Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-02 11:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 151
«Прайм Клиник» клиникасының балалар хирургы, балалар андролог-урологы Жасұлан Тұрматовтың айтуынша, сүндеттеуде жасқа қойылатын шектеу жоқ. Ота ұл бала өмірге келгеннен 7 күннен кейін-ақ жасала береді. Баланың әшуінде ешқандай ақау немесе асқыну аурулары болмаса, операцияға кедергі жоқ. Бізде, Оңтүстікте ұлдарды негізінен 3 жастан бастап сүндеттете береді. Көбіне ол 3 – 7 жас аралығындағы балаларға жасалады. Кейде түрлі себептермен кешігіңкіреп қалған 9 – 11 жас аралығындағы баласына жасататындар да кезігіп тұрады. Тіпті жасы одан асып кеткендерді сүндеттейтін жайлар да болып тұрады екен.
«Осыдан бес-алты жыл бұрын 38 жастағы бір азаматты да сүндеттегенбіз. Кішкентай кезінде әкесі сүндеттетуге үш-төрт мәрте әрекет жасаған екен. Алайда ол қашып кеткен, тығылып қалған, әйтеуір дәл керек кезінде қолға түспей қойған. Сосын әкесі ашуланып: «Бопты, өзің біл енді! Өскенде өзің жасатып аларсың», - деп қоя салыпты. Әлгі ағамыз сол күйі сүндеттелмей қалып кеткен. Мектеп бітіргесін Солтүстік Қазақстан жаққа барып, сонда тұрыпты. Кеш үйленген. 38 жасында үйленетін боп жатқанда алдынан осы проблема шыққан ғой. Содан бізге келіп өтініш жасады, сүндеттеп бердік. Рахметін айтып, қатты қуанды. Сосын ол үйленіп алды», - дейді Ж.Тұрматов бұл жайында.
Ж.Тұрматов мұндай шаруамен 15 жылдан бері айналысады екен.
«Біздің қызметімізге мұсылман балаларынан бөлек, кәріс, орыс сияқты өзге ұлт өкілдері де жүгінеді, - дейді Жасұлан Мырзакәрімұлы. - Осыған дейін 10 мыңнан аса ота жасадық. Жылына 800 – 1000 баланы сүндеттейміз.
Бүгінде ел ішінде бала сүндеттеумен айналысатын қожа-молдалар да бар. Бірақ бұрынғыдай емес, сирек кездеседі. Өйткені қазіргі экологиялық жағдай, қоршаған орта бұрынғыдай емес. Кейбір сүндеттелген балаларда қан тоқтамауы, асқынулар орын алған жайлар бар. Сол себепті молдалардың көбі қазір сүндеттей бермейді. Оның үстіне қазір жұрттың көбі сүндеттеуді заманауи әдіспен жасатқанды дұрыс көреді. Мұндай ота кезінде бала жыламайды, стресс алмайды. Асқынулар аз. Осыны көріп, біліп, түсінгендіктен молдалардың арасында бұрынғыша сүндеттеу жасайтындар өте сирек».
Дәрігердің айтуынша, лазерлік сүндеттеу тәсілінің өзіне де жылдан-жылға жаңадан өзгерістер енгізіліп жатыр екен. «Ол медициналық тұрғыда «коагулятор» деп аталады. Әшу ұшындағы теріні кескен кезде бүкіл қан тамырларын күйдіріп, қанды тоқтатады. Жарақат болған жер қанамайды, тез жазылады. Дегенмен жарақат орнының тез жазылуы мүшесінің сүндеттелуге алдын-ала дайындалуына байланысты. Егер ұшы оңай ашылатын болса ол тез, екі-үш күнде жазылады. Бала ойнап, жүгіріп кетеді. Ал егер ұшының ішкі қабаты жабысып қалатын болса, оны сүндеттеу барысында ұшы ашылады, сыдырылып, жара боп, жазылуы шамамен 7-10 күнге созылады. Жалпы, сүндеттелген соң баланың ата-анасына жазып, түсіндіріп тиісті кеңестер береміз», - дейді дәрігер.
Айтуынша, сүндеттеуден кейінгі асқыну оқиғаларының ең жиі кездесетіні - қан ағу, қан кету процесі. Сүндеттелуден кейін кей бала жүгіріп ойнап, кесілген тұсты бір жерге ұрып, секіріп, қолмен ұстап қанатып алатын жайлар болады. Ондай кезде дәрігер көмегіне жүгінген жөн. Қан тоқтатып, алғашқы көмек беріледі. «Жалпы, бала сүндеттеу сияқты жауапты шаруаны балалар урологы және андролог маманы жасағаны дұрыс. Асқынулардың алдын алу, баланың өміріне қауіп төнбес үшін бұл аса қажет», - дейді маман.
Осыны есте ұстаған дұрыс. Өйткені бүгінде кейбір хирургтердің, басқа да мамандардың сүндеттеу жасап жүргендері бар. Сондықтан бала сүндеттеуді балалар урологы мен андролог маманына жасатқан, оның жұмыс тәжірибесіне мән берген жөн болмақ.
Д. НҰРПЕЙІС.