Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-01 15:14:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 124
Электросамокаттардан келіп жатқан залал Шымкентте азаймай отыр. Көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан арыз-шағым көбеюде. Осыған орай Шымкентте полиция қызметкерлері заңсыз қойылған электросамокаттарға қатысты рейдтік шара өткізді
Нәтижесінде бірқатар самокат тәркіленіп, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Бұл жазалау емес, қауіп-қатердің алдын алу шарасы екенін атап айтқан құқық қорғаушылар Шымкентте жүріп тұру қауіпсіз болуы үшін, тұрғындардың қауіпсіздігін қатаң сақтау үшін осындай қадамдарға барып отырғанын айтты.
Самокаттардан зәре-зап болып отырған тек шымкенттіктер ғана емес. Еліміздің басқа да қалаларында өзекті мәселеге айналғандықтан электрсамокатты жалға беру қызметінің жұмысын реттеу ұсынылуда.
Бұған дейін электросамакаттарды жалға беруші кикшеринг қызметтеріне қатысты да мәселе көтерілген-ді.
ҚР Ішкі істер министрлігінде Jet, Яндекс Go, Woosh, Bolt және Бірыңғай микромобильділік операторы секілді ірі кикшеринг компанияларының өкілдерінің қатысуымен өткен жиында әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев электрсамокаттарды пайдалану тәртібін реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелерін атап көрсеткен.
ІІМ таратқан мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстанда электрсамокаттарды басқарушылар 213 жол-көлік оқиғасына себепші болған. Салдарынан 224 адам зардап шеккен, оның ішінде 42 жағдайда апат самокат жүргізушілерінің кінәсінен орын алып, 52 адам жарақат алған.
Заңбұзушылық Алматы қаласында көбірек тіркелгенімен, Шымкентте мұндай жағдай жоқ деуге болмайды.
Қазір қала көшелерінімен жүріп-тұру қиын. Тротуарларда, жаяу жүргіншілер аймағында электросамокаттармен ызғытып келіп, адам қағып кету жағдайлары жиіліген.
Министрлік мамандары арнайы мобильді патрульдік топтар құруды (полициямен бірлесіп), жаяу жүргіншілер аймағы, парктер, жағалау мен халық көп жиналатын орындарда самокатты автоматты түрде өшіруді қадағлауға нұсқау беріп отыр.
Рұқсат етілмеген аумақта жүрісті аяқтауға тыйым салынған. Қозғалысты бақылауды күшейту секілді техникалық жаңалықтар талқыланды.
Қайталанатын бұзушылықтар болған жағдайда самокаттар тәркіленеді.
Десе де электросамокаттарға деген сұраныс жоғары. Жаңа оқу жылы басталған тұста мектеп оқушылары мен студент жастар көбіне осы көлік құралын қолданатыны жасырын емес. Мамандар «Шымкентте, басқа өңірлердегідей, микромобильді құралдарды қауіпсіз пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымның жеткіліксіз» дегенді алға тартуда. Арнайы жол жүру жолағы нақтыланбаған аймақтар көп. Салдарынан электросамокаттарды пайдаланушылар жаяужүргіншілер жолымен жүруге мәжбүр.
ІІМ мәліметінше, Қазақстанда бар болғаны 594 шақырым веложолақ бар екен. «Ал қажеттілік 2000 шақырымнан асады» дейді мамандар. Соңғы бес жылда небәрі 218 шақырым веложол салынған. Осылайша баламалы көлік түрлерінің қарқынды дамымай отыр.
Шымкентте самокаттарға арналған заманауи инфрақұрылым жоқ.
Кикшеринг компанияларының өкілдері алғашқы кезектегі шараларды жақын арада іске асыруға дайын. Ал қалғанын мемлекеттік органдар және әкімдіктің әрекеті арқылы ғана жүзеге асатыны белгілі.
Шымкентте тап қазір көлік нөпірі әдеттегі нормадан арта түскен. Қала көшелерінде, әсіресе орталық көшелерде көлік тығыны байқалуда. Мұндай жағдайда сабаққа асыққан оқушылар мен студенттер көбіне электросамокатты қолданғысы келеді. Ал оның жүруіне арнайы жол жолағы барлық көшеде жасалмаған.
Құқық қорғау органдары әкімдікпен, коммуналдық қызметтермен және самокатты жалға беруші операторларымен өзара келісімге келе отырып, арнайы жоспар жасауы қажет-ақ.
Мүмкін сонда ғана Шымкентте көлік қозғалысын реттеуге, электрсамокаттарды жауапкершілікпен пайдалануға бағытталған мәдениет қалыптасатын шығар...