«Неке сарайынсыз» қалған Шымкент...

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-01 14:55:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 207


«Неке сарайынсыз» қалған Шымкент...


2013 жылдан бері елімізде «Отбасы күні» мерекесі аталып өтіп келеді. Қыркүйек айының екінші аптасында деп бекітілген даталы күн биыл 8-қыркүйекке тура келіп отыр. Ал «отбасыны» «неке» сөзімен егіз ұғым десек, еліміздің әр үлкен қаласында «Неке сарайының» болуы заңды. Ал Шымкентте неге «Неке сарайы» жоқ? Қала басшыларының ондай мәдени нысан салу ойында бар ма, әлде тиімсіз деп бұл мәселені жылы жауып қойып отыр ма?

Осыдан 15 жыл бұрын «Береке» ЖШС қала орталығындағы «Шәмші аллеясының» жанынан «Неке сарайын» салып, пайдалануға бергені мәлім. Алайда, ол қала тұрғындарына оншақты жыл ғана қызмет көрсете алды, сосын жұмысын тоқтатты. Қызмет ақысы жоғары болды ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір жұрттың көбі некесін онлайн режимде тіркетіп немесе аудандардағы Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде рәсімдетіп жүрді. Тіпті, некеге тұру салтанатын тойханаларда, жекеменшік ғимараттарда-ақ атап өте беретін болды. «Неке сарайы» бос қалғандықтан (бір жағы жер теліміне қатысты құжаттары да дұрыс болмаған деген әңгіме бар) бұздырып тастады. 2022 жылдың соңын ала басталған бұзу жұмыстары биыл аяқталды. Бүгінде орны тып-типыл болып жатыр, сырты қоршалған. Ол жерге қонақүй салынатын болды. Жер иелері солай деп шешкен.


Өткен жылғы жазда қаланың «Асар-2» шағынауданында неке рәсімдейтін салтанат залы ашылды. Онда жұрт некеге тұру салтанатын, «Күміс той», «Алтын той», «Гауһар той» сияқты мерейтойларын да өткізе алады. Яғни қалада қажет еткендерге ақысына некесін рәсімдеп, салтанатын өткізіп беретіндер баршылық. Десек те, мегаполис мәртебесін иеленген үлкен қалаға арнайы, мемлекет теңгеріміндегі «Неке сарайы» деп аталатын орталық керек. Мысалы, мұндай нысан Алматының Абай даңғылында бар, ол жұртшылыққа жарты ғасырдан астам уақыттан бері өз қызметін көрсетіп келеді.

«Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз бар, мемлекет – мыңдаған, миллиондаған отбасылардан құралады. Сол отбасылар сапалы, толыққанды қалыптасуы үшін отбасы құндылықтарын дәріптеп-насихаттайтын Неке орталығы керек. Мұндай орталық Шымкенттің аурасы жайлы, ауасы таза, жолдары кең, адам көп баратын, жан-жағы жасыл желекке малынған көркем бір аумағында бой көтергені дұрыс. Өзені, субұрқағы бар аумақта салынса, тіптен жақсы. Себебі жастардың көбі жадыраған жаз айларында отбасын құратыны мәлім. Жас жұбайларды қаланың төрт тарабына түгел көз жіберуге болатын биікке шығаратындай жағдай жасалса, ғанибет. Өмірінің ең маңызды кезеңін Шымкенттің көркін биіктен тамашалап, оның төңірегіндегі әдемі көріністерге қарап, толғанған жастардың Шымкентке деген сүйіспеншілігі де арта түсер еді. Ондай салтанат сарайы, тіпті, ауыл жастарын некеге тұру рәсімін Шымкентте өткізуге тартуы да мүмкін. Бірте-бірте ол қаланың танымал, көрнекі орындарының біріне айналуы да ғажап емес қой.

Орталық салтанатты сәттің куәсі болып қана қоймай, жас жұбайларға отбасылық құндылықтарды ұғындыру міндетін іске асырудың да маңызы орасан. Дін өкілдері тарапынан өмірлік маңызы бар, болашақ өмірлеріне бағыт беретін ғибратты әңгімелер айтылса. Өкінішке қарай, қазіргі таңда отбасылық өмірді жеңіл-желпі сезініп, «талақ» сөзінің мән-мағынасына терең бойламай, оңды-солды қолданып жүргендер бар. Ал «Неке сарайындағы» дін өкілі жастарға некенің адамгершілік, шынайы мұсылмандық ережелері мен шарттарын, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің, ұрпақ алдындағы міндеттерін терең түсіндіре алуы тиіс. Сондай-ақ, «Неке сарайында» отбасылық өмір, өзара түсіністік, денсаулықты сақтау, жар таңдай білу, отбасын жоспарлау, бала тәрбиесі сияқты өмірлік маңызды тақырыптарда танымдық кітаптары бар, компьютерлендірілген оқу залы болса жақсы. Өмір жолы өнегелі, көпбалалы, ұрпағы кеңінен жайылған азамат, үлгілі отбасы, әулеттер туралы деректер де «Неке сарайының» кітапханасы төрінен орын алса, керемет болар еді. Қажет еткендер оқып танысады, ой түйеді, көңіл көкжиегі кеңейеді. «Мерейлі отбасы» республикалық байқауынан жүлделі орын алған отбасы мүшелерімен кездесулер ұйымдастырылып тұрса, нысанның «Неке сарайы» деген атына заты сай болып, жарасып тұрмас па еді?!

Міне, Шымкент сияқты шырайлы шаһарда көркі көз тартатын осындай Неке сарайы тұрса жарасады. Біздіңше, ол адамдарды адамгершілік, түсіністік-сыйластық, жауапкершілік сияқты жақсы қасиеттерге үндеп, баулып, шақырып тұрар еді.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

 


Пікір қалдырыңыз: