Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-02 15:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 346
Дәрігерлер туралы сын аз айтылмайды, бірақ жағымды жайттар да жетерлік. Біз отбасымызбен Шымкенттегі №7 емханаға тіркелгенбіз. Ондағы дәрігерлерден бастап, мейірбикелерге дейін келушілерге сапалы қызмет көрсетеді.
Өткен аптада денсаулығымды бір тексертіп алу үшін емханаға бардым. Дәрігерлер қабылдап, кеңесін айтты. Қажетті ем-домын жазып берді. Бұл туралы алғысымды білдіру үшін емхананың бас дәрігері Нұрлан Жаңабаевқа барғанымда, ол кісі көше аралап, сырқаттардың жағдайымен танысуға кеткенін білдім. Бірақ көп ұзамай келіп қалды. Жұмыс барысы жайлы аз-кем әңгімелесіп қалдық. «№7 қалалық емханаға басшы болып келгеніме 2 жылдай болып қалды, – деді Нұрлан Смадиярұлы. – Содан бері «Д» есептегі науқастарды әрдайым бақылауда ұстауды өзім қадағалаймын. Олардың үйлеріне бейінді мамандарды, жалпы тәжірибелі дәрігерлерді, учаскелік медбикелерді ертіп барамын. Олар менсіз де жиі хабар алып, денсаулық жағдайын қарап, тексереді. Ауруханадан шыққан отадан кейінгі науқастарға таңу, байлау, өңдеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, әрбір науқастың жағдайына жеке көңіл бөлініп, айтқан мәселелері назарға алынып, дер кезінде шешім қабылдаймыз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таба береді».
Басшының мұндай іс-әрекетіне риза болған азаматтар Нұрлан Смадиярұлы басқарып отырған №7 қалалық емхана қызмекерлеріне алғыстарын жиі айтады. Кейде жақсы адамдардың жанымызда жүргенін байқай бермейтініміз рас.
Мақпал Райымбек.