Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-04 11:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 123
Мұғалім мәртебесі заңмен бекітілді. Жалақылары өсті. Бәрі дұрыс. Болашағымыздың білімі мен тәрбиесімен айналысатындардан ештеңе де аянудың жөні жоқ. Ендігі жерде ұстаздарға қарсы сөз айтар болсаңыз қомақты көлемде айыппұл төлеуге мәжбүр боласыз. Әрине, ұстаз – ұлы тұлға. Қандай құрметке де лайық. Алайда, сол ұлы тұлға деп жүрген ұстаздардың арасында қылығы қызықтыратын емес, қызартатындар аз емес.
Басқа жақты айтпай-ақ қояйын, өз Шардарамызда соттасудан шаршамайтын, боқтасудан арланбайтын мұғалімдер жетерлік. «Боқтампаз ұстаздар» өз арамызда жүр. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатын ондай ұстаздардан қандай шәкірт тәрбиеленіп шықпақ? Сонда біз осындай мұғалімдердің барын білсек те ауыз ашып ештеңе айтпауымыз керек пе? Айтсақ айыпты болып, қалтамыздан қағыламыз ба? Бұл қандай әділдік?
Біз өзге елдердің тәжірибесін үлгі етуге құмармыз ғой, ендеше неге жапондық тәсілге көңіл аудармаймыз? Біле білсек, Жапон елінде ажырасқан, сотталған адамды білім саласына мүлдем жолатпайды. Ондай адамдардың тек мектепте ғана емес, мемлекеттік қызметте де жұмыс істеуі қиын. Міне, бізге де керек тәжірибе осы емес пе?
Ұстаз балаға өз білгенін ғана үйретеді, ал оның білгені құқықбұзушылық, боқтық сөйлеу болса, болашағымыз қалай тәрбиеленіп жатыр? Бұл, әрине, барлығымыз үшін бей-жай қарамайтын мәселе болуы тиіс.
Қанат-Әлі Момбеков,
Шардара ауданы.