Шардаралық жігіт әкесін ұрып өлтірді ме?

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-07 15:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 357


Шардаралық жігіт әкесін ұрып өлтірді ме?

Өткен апта соңында Шардара ауданының Қоссейіт ауылында қаза болған бір қарияның жаназасы оқылып, қара жер қойнына тапсырылды. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға жиналған көпшілік ақсақалдың «қайғы жұтқан» перзенттеріне көңіл білдіріп, бекем болуларын айтып тарқасты. Алайда, көршісі түсіріп алған бейнежазба әлеуметтік желіден таралғанда жаға ұстамаған жан қалмады.  

Өз әкесін жер-жебіріне жеткізе боқтап, аяусыз ұрып, бет-жүзін қан жоса етіп, «қабырғаңды сындырамын» деп қорқытқан жігіттің қатыгездігін жайбарақат отырып көру мүмкін емес. Қатыгездікке көмектескен келін мен ұлдың адам шошырлық бұл істеріне лағынет жаудырғандардың жазбалары әлеуметтік желіні қаптап кетті. Жұртты шошытқан оқиға полиция назарына да ілігіп, қылмыстық істің қозғалуына негіз болды. Күдікті қамауға алынды. «Әлеуметтік желіде жарияланып жатқан әкесін соққыға жыққан жігіт, яғни Шардарадағы қайғылы оқиға бойынша түсіндіріп өтейін. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда болған оқиғаның мән-жайы анықталуда. Қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады». Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов өз парақшасына осылай деп жазба қалдырды.

Бұл оқиға бізді де бей-жай қалдыра алмады. Қатыгездікке үнсіздік таныту – оның әрі қарай жайылуына себеп болады деген оймен өз тарапымыздан журналистік зерттеу жүргіздік. Жерлестерінен сұрадық, таныстарын сөзге тарттық. Бізге белгілі болғаны – бейнежазбадағы әкесін сабаған «батырдың» есімі Алмас Садақбаев екен. Қоссейіт ауылындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет атқаратын ол асабалық өнерді де меңгерген болып шықты. Талай тойды жүргізіп, жастарға ақылын айтып, көпшілікке тәрбиелік мәні терең әңгіме арнап жүрген асаба жігіт тағылымды термелерді шырқағанда тіпті жан-жүрегіңді елжіретеді екен. Онымен бұрыннан аралас-құраласы бар ауылдастары мен таныстары «артық сөзі жоқ, жуас жігіт еді ғой» деп аң-таң. «Жуастан жуан шығады» деген осы болса керек. Бейнежазбадағы «батыр» тіпті де момын жігітке ұқсамайды. Әрекеті қандай ақтауға болса да келмейді. Дегенмен, қабағы қатулы, жұдырығы түюлі жігіттің өз әкесін аяусыз соққыға жығуының бәлкім басқа да бір себептері бар шығар? Оны да сұрастырып көрдік.

«Алмас жайлы қандай пікір айтарымды да білмей отырмын. Иә, ол бізде жұмыс істейді. Кезекті еңбек демалысында болатын, енді қамалды деп естідік. Осы оқиғадан кейін өз өтінішімен жұмыстан кететін шығар, әйтпесе еңбек демалысының мерзімі біткен соң жұмыстан шығарамыз», - дейді Шардара аудандық мәдениет үйінің директоры Ағабек Дөңбай.

Әкесінің өліміне қатысты қамауға алынған А.Садықбековты ауыл мешітінде азаншы болып жұмыс істейді деген мәлімет те тарап жатыр. Бұл, тіпті, көпшілікке отқа май құйғандай әсер қалдырды. Алайда, бұл шындыққа жанаспайтын ақпар секілді. Өйткені, аудандық мешіттің бас имамы Марат Асановқа Алмас жайын сұрап, хабарласқанымызда ол былай деді: «Күдіктінің мешітке еш қатысы жоқ. Азаншы да емес. Азаншы болу үшін арнайы тіркелу керек. Екі жылдай мешіттің ауласындағы үйде тұрған, жамағатпен бірге намаз оқитыны да бар екен».

Әрине, ауданның бас имамы әр ауылдың жамағатын тани бермейді ғой. Сол себепті Қоссейіт ауылдық мешітінің имамы Нұрахмет Бейжігітовтен де мән-жайды сұрап көрдік. «Үйленіп, бөлек шыққан соң, біраз уақыт мешітке қарасты үйде тұрды. Биыл мамыр айында баспаналы болып, әкесін қолына алды. Мешітке келіп намаз оқып жүреді, мұндай болады деп кім ойлаған.

Тамыз айында ауыл әкімі «Алмас әкесіне дөрекі сөйледі деген сөз шығып жатыр» деді. Осыған байланысты Алмаспен сөйлескенімізде ол бәрін жоққа шығарды. Әкесінің құлағы ауыр еститінін, сол себепті қатты дауыстап сөйлейтінін айтып, соны кейбіреулер теріс түсініп жүрген шығар деп құтылды.

Алмас әкесінің бақилық болғанын айтқан күні барып жуындырып, жаназа намазын оқыдым, денесінен ешқандай көгергенді байқамадым. Бірақ, үйіне барғанда оның жүзінен аса қайғының нышанын байқамап едім, оның себебін енді түсінгендеймін», - деді ауыл имамы.

Мән-жайға тереңірек қанығу үшін Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнарға да хабарластық. «Маған 13 тамыз күні ауылдың аға дәрігері Гүлжан Шүкіманова «Алмас әкесіне дөрекі сөйлейді деген сөз бар, сөйлесіп қойсаңызшы» деді. Осыдан кейін ауыл имамы, учаскелік инспектор, медиатордың қатысуымен онымен сөйлестік, бәрін жоққа шығарды. Арада 20 күн өткенде ағамыз дүние салып, сол күні бейне түсірілім тарап кетті ғой», - деді ауыл әкімі.

Алмастың әкесіне дөрекі сөйлейтінін айтқан аға дәрігер Гүлжан Шүкіманова мейірбикелермен бірге ауылды аралап тұрады екен. «13 тамыз күні ауылдың мәселесімен әкімге бардым, қайтарда «Алмас әкесін боқтайды екен, соны айтып қойсаңыздаршы» дедім. Оны маған үйлерді аралайтын мамандар айтқан, - дейді аға дәрігер. - 12 тамыз күні Алмастың үйіне өзім барып, ағаны тексергенде ешқандай шағым айтпады. «Бұрын дәрі алып тұратын едіңіз, сол тоқтап қалды, тағы керек па?» дегенде қысқа ғана «жоқ» деп жауап берді. Есіктен кіре берісте горшок тұр, ағаның төрде орналасқан төсегі ақ жаймалармен жабылған. Үйдің іші де, төсек орны да таза болды. Алдында айран, иогурт бәрі тұр. Ешкім жаман ойлай алмайды. Ертесіне тағы бардым. Сол көрініс. Келіні жүгіріп жүрді.

2 тамыз күні түс ауа Алмас «әкем тамақ ішпей жатыр» деп хабарласты. Қалаға сырқатты апарып келген соң, кешкі сағат 20-лар шамасында үйіне барсам, ағаның жағы қарысып қалған. Ондай адам тамақ іше алмайды. Анығын айтқанда, өлім мен өмірдің арасында жатыр. Имамды шақыра беріңіздер деп кеттім. Сол күні түнде дүние салды, ертеңіне күндіз жаназа болды. Ал, кешкісін бейнетүсірілім тарағанда шок жағдайға түстік. Мен барып көргендегі жағдай мен мына әрекеттің арасы жер мен көктей. Барып тұрған екіжүзділік емес пе?

Ағаның үлкен ұлы мен қызы Қарағандыда тұрады. Олар әкелерін 2023 жылы емдетеміз деп алып кеткен. Өткен жылы қайта алып келді. Қара шаңырақта бір баласы бар, ол да ажырасқан. Бізге жалғызбасты болып тіркелгендіктен жиі хабар алып тұратынбыз. Бірақ ол кезде де үй мен төсек таза, ағаның алды айран, иогуртке толып тұратын».

Біз қозғап отырған мәселе қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Күннен күнге жаңа ақпараттар шығып жатыр. Мәселен, бір әлеуметтік желі қолданушы өз постында былай дейді: «Бір емес, екі баласы қол көтерген екен. Бұл туралы ауылдасы айтты. Оның айтуынша, қария басында кіші ұлының қолында болған. Ол әкесіне қол көтеріп, дұрыс қарамағасын, туыстары екінші ұлы, яғни видеодағы баласының үйіне апарған екен. Ол жақта да жағдайы мәз болмапты... Сонымен қатар, ауыл участковыйының да жауапкершілігін қарау керек. Өйткені, видео авторы полиция өкіліне айтқан. Ол іске кірісудің орнына «дәлелің бар ма?», - деп дөрекілік көрсеткен көрінеді. Содан кейін видео тараған...».

Иә, көзі тірісінде қарияның өз перзенттерінен көрмеген құқайы қалмаған секілді. Ақыры ажал құшты. Мұнымен енді тиісті органдар жіті айналысып, күдіктінің қылмысы дәлелденген жағдайда қатаң жауапкершілікке тарту керек. Өзіне де, өзгелерге де сабақ болу үшін. Бұл енді құқық қорғау органдарының міндеті, ал бізді «ел арасында мұндай қатыгездік неге көбейіп кетті, тентегін тыяды деген ауыл ақсақалдары, билер, медиатор секілді қаптаған белсенділер қайда қарап, қандай жұмыстар атқарып жүр? Әлде олардың бар бас ауруы – сайлау, көкпар секілді додалардың көрігін қыздырып, «ақылы» бата беріп, зерлі шапан кию ғана ма?» деген сауал мазалайды. Қызға қырық үйден тыйым жасаған, тентегін дер кезінде тыйып отырған аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар қайдасыздар? Қоғамның жыртығын жамауда Сіздердің де жауапкершіліктеріңіз бар емес пе?

Балқы БАЗАР.


Пікір қалдырыңыз: