Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-08 14:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 99
Түлкібас ауданы Балықты ауылында кәсіпкерлікке ден қойғандар қатары артып келеді. Округ бойынша алсақ, кәсіпкерлік нысанын ашқандар саны 160-қа жуықтаған. Солардың бірі - «Раяна» ауылшаруашылығы кооперативі күніне тұрғындардан орта есеппен 800-дей литр сүт жинап, одан ірімшік, айран, қаймақ, құрт және түрлі тәттілер жасайды. Өнімін аудан аумағы мен Шымкент қаласындағы сауда орындарына өткізуде.
Сол сияқты жеке кәсіпкер «Короткова» да аудан аумағынан дәрілік шөптің 100-ге тарта түрі мен ара балының түр-түрін жинақтап, Шымкент қаласына өндеуге жөнелтуде. Дәрілік шөп түрлерін, тіпті, Ресейден, еліміздің басқа өңірлерінен де алғызады екен. Еңбек еткеннің өзегі талмайтынын «СапарНұрСтой» ЖШС-нің құрылтайшылары да дәлелдеуде. Олар 1 гектарға жуық жерге 3 жасанды тоған жасап, жыл басында біреуіне 10 мың дана сазан балығының шабақтарын жіберген. Жуырда тоғаннан алғашқы 4 тоннаға жуық өнім алыпты.
Балықтыдағы кәсіпкерлердің ісімен арнайы барып танысқан аудан әкімі Асқар Естібаев шаруаға мығым азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Аудан басшысы келесі кезекте ауыл жанашырларының күшімен бой көтерген күрес залында болды. Қазіргі таңда сылақ жұмыстары атқарып жатқан нысан толық аяқталған соң ауыл әкімдігінің меншігіне берілмек. Игі іске мұрындық болып, демеушілік көрсетіп жүрген ауыл белсенділеріне аудан әкімі алғысын білдіріп, көпке үлгі болатындай сауапты істеріне ризашылығын жеткізді.
Ж.ЖАЙЛАУБЕК