Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-10 09:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 336
Былтырғы атышулы «Талғар оқиғасының» дақпырты басылмай жатып онда кісі өлімімен аяқталған тағы да бір қайғылы оқиға орын алды. Талғар ауданының Қызылқайрат ауылында тұратын 27 жастағы азамат аса ауыр қылмыс жасады. Ол әйел зорлап, оның ағасын атып өлтірген, кішкентай қызын алып кеткен.
Жәбірленушінің адвокаты Гауһар Сариеваның айтуынша, күдікті аталған әйелмен бұрыннан араласып тұрған, оның атына автокөлік рәсімдеген екен. Тағы да біреуін атына аудармақ болғанда әйел қарсы шығады. Сол үшін оны зорлап, суретке, видеоға түсірген, соны таратамын деп қоқан-лоққы жасаған. «Айтсаң, өлесің!» – деп қорқытқан. Зәбір көрген әйел полицияға шағымданғанда оны пышақпен қорқытып, арызын қайтарып алуды талап еткен, сот-медициналық сараптамасын алып кеткен. Бұдан кейін жәбірленуші тағы да арыз жазып, адвокаты зорлықшыны полицияға ұстап берген екен, бірақ оны босатып жіберіпті. Арада көп өтпей әйелдің ағасын атып өлтіріп, кішкентай қызын алып кеткен. Содан кейін ғана полицейлер оны қолға түсіріп, тергеу басталған. Сондай-ақ күдіктіні алғаш ұсталғанында босатып жіберген полицейлерге қатысты да іс қозғалып отыр.
Осыған қарап отырып ойланасың. Президенттің «Заң және тәртіп» курсының жарияланғанына көп бола қойған жоқ. Қазіргі күндері елімізде азаматтардың құқын қорғау, қоғамда тәртіп орнату, құқық қорғау органдары мен халық арасындағы өзара сенімді нығайту, заң мен тәртіп алдындағы жауапкершілікті күшейту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Демек, заң бұзу, әлі жеткенге күш көрсетіп, зорлық жасау, қылмысты жасыру деген нәрселер тиылуы тиіс еді. Полиция заңды қорғап, тәртіп орнатуы керек. Сол үшін оларға құзірет берілген. Дегенмен оның қатарында өз міндетіне немқұрайды қарайтын, өз құзіретін теріс пайдаланып жүргендер әлі де аз емес екен.
Осы, екінші мәрте орын алған «Талғар оқиғасындағы» полицейлердің әрекетіне қандай баға беруге болады? Зорлықшы ұсталғанда олар оны оп-оңай-ақ босатып жібере салған. Зәбір көрген адамның қауіпсіздігін тіпті де ойламаған. Оның ақыры қосымша ауыр қылмыс жасалуына апарып соқты. Президенттің заң мен тәртіптің сақталуына қатысты қатаң тапсырмалар бергеніне, бұл жөнінде күнделікті дерлік айтылып жатқанына қарамастан осындай өрескел жағдайға жол беріліп отыр. Салдарынан өз тірлігімен жүрген бір үйдің асыраушысы ойда-жоқта қаныпезер атқан оқтан мерт болды. Өз міндетіне салғырт қараған полицейлер осындай ауыр қылмыстың жасалуына жол берді. Ал ондайларға азаматтардың амандығын, қоғамның тыныштығын қалай сеніп тапсыруға болады? Ондай «форма кигендерге» полиция қатарында мүлдем орын болмауы керек қой. Өйткені мұндай жайлар құқық қорғау орындарына деген сенімді төмендетеді.
Жалпы, кейінгі бір айдың ішінде ғана полицейлерге қатысты бірнеше жағымсыз оқиға орын алды. Мысалы, таяуда Шымкенттің Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы қамауға алынды. Оған жедел бөлімнің қызметкерімен бірігіп, пара алған деген күдік келтірілген. Бастық пен бағыныштысы бір қылмыстық істі басқаша етіп дәрежелеу үшін пара алған деседі. Осы оқиғадан көп уақыт өтпей-ақ Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары қамауға алынғаны туралы ақпар тарады. Әзірге белгілісі – ол «заңға қайшы» әрекет жасаған.
Кезінде әбден былыққа батқан саланың тазаруы оңайға түспей жатыр. Біреулер өз міндетіне атүсті қарайды, біреулер қылмысты жасырады, енді бірі пара алады дегендей, полиция атына кір келтіретін жайлар әлі де жалғасып келеді. Тіпті зәбір көрген адамның өзіне қысым жасап, зорлықшының үстінен жазған арызын қайтарып алдырған, қылмысты тіркемей қойған оқиғалар да болып тұрады екен.
Ендеше бұл саланың түбегейлі тазаруы үшін не істеуге болар еді? Мүмкін М.Саакашвили 2004-жылы Грузияда қолданған әдістегідей үлкен-кіші полицейлерді жұмыстан түгел босатып, орнына жаңадан адамдар алу керек шығар? Қалай болғанда да бұл салада елге шынайы қызмет ететін, өз ісіне адал, таза, жауапкершілігі жоғары азаматтар жұмыс істегені дұрыс қой. Әйтпесе бұл саладағы өз міндетіне жүрдім-бардым қарау, қылмысты жасыру, пара алу сияқты келеңсіз құбылыстарды түбегейлі жою оңайға түспейтін сияқты.
О. ТҰРАР.