Ет жемейтін бала көбейді

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-10 10:45:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 245


Ет жемейтін бала көбейді


Бүгін байқап жүргеніміздей ет жемейтін қазақтың ұл-қыздары өсіп келеді. Қайсыбір үйде болмасын ет жемейтін бала бар. Дастархан басында тамақтың ішінен етін теріп алып тастайтын баланы жиі кездестіретін болдық. Ал, қойдың етін, қойдың басын көргеннен мұрындарын тыржитатын ұрпақ өрбіп келеді. Көбі әлжуаз. Ағзасында темірдің аздығынан қан жетіспеушілік- анемияға ұрынған. Қажыр-қайраты төмен, күші жоқ, тез шаршап, тез тоңғыш, жиі ауыратын балалардың көбі – ет жемейтіндер.

«Ас адамның – арқауы» дегенді айтқан қазақ ұлттық болмыстың қалыптасуына ішкен, жегеніміздің де әсері көп екенін білген. Ата кәсібі мал шаруашылығы болған ұлттың дастарханында табақ-табақ ет, саба-саба қымыз-қымыранның тұруы заңдылық. Құнарлы астың пайдасын талай тарих дәлелдеді. Бабаларымыздың мығым, қара күшке бай, сүйегі ірі болуы тектен тек емес. Басқаларға қарағанда қазақтың қан тазалығының басты негізі де осы қан байытатын ас – ет жеп өскенінде. Оның ішінде әсіресе, мал патшасы деп дәріптелген жылқының етіне көбірек мән берген. Себебі жылқы өте таза мал. «Жылқы туыстық, қандастық қатынасты бұзбайды. Айғырлар өз үйірінен туған, қандастық туыстығы бар билерге шаппайды» дейді атбегілер. Жә, ол жайлы сәл кейінірек айтармыз. Әзірге айтпағымыз, әр ұлт өзінің ұлттық асымен бай-қуатты. «Ас адамның – арқауы» деген сөздің түп төркіні осында жатыр.
 

«Ет жемейтін баланың ағзасында ақуыз, яғни белок алмасу бұзылады. Ол баланың өсуіне, миының, санасының дамуына тікелей әсер етеді. Балада гемоглобин төмендеп, анемия –қаназдық пайда болады. Иммунитеті төмендеген бала аурушаң боп өседі. Бала ағзасында ақуызды іздеп тұратын, оны қорытатын арнайы рецепторлар түзіледі. Ал ет құрамында ақуыздан бөлек аминқышқылдар, темір, кальций, мырыш, омега-3 май қышқылдары, және В12 дәрумені бар» дейді Шымкент қалалық №5 емхананың білікті педиатор-дәрігері Жібек Қаратаева.

Білмегенге ескертейік, ақуыз адам ағзасында маңызды рөл атқаратын дәрумен. Ас қорыту процесінде ақуыздар амин қышқылдарын бөледі, бұл өз кезегінде дененің басқа ақуыздарын жасау үшін қажет. Етпен ағзаға берілетін ақуыздар толығымен дерлік сіңімді ас. Ақуыздың құрамында 20-ға жуық амин қышқылдары бар екен. Оның 8-і маңызды рөл атқарады. Адам ағзасына олар міндетті түрде ет тағаммен бірге келуі керек.
«Бұрынғының баласы ет жеп, сүйек мүжейтін» дегенді де осы күні жиі естиміз. Дәрігерлер баланың жақ сүйегінің дамуына сүйек мүжудің пайдасы көп екенін де алға тартады. Сүйек мүжу жақтың қимыл қозғалысын жақсартып, тіс жиегінің нығаюына септігін тигізеді. Бұл бала тілінің дамуы мен жасына сай сөйлеуіне де негіз екен. Қазір балалардың тілінің кеш шығуы «тек сотка көріп отырумен» ғана байланысты емес, сүйек мүжімеудің де кесірінен.

 

Қан тазалығына төңген қауіп

 

Еттің адам ағзасына тигізер пайдасы көп екенін бала түгілі жас ата-аналарға да үнемі айтып отыру қажеттілігі туып тұр. Ет –ақуыз бен темірге бай. Бұл дәрумендер қанның түзілуіне негіз болады. Қан тазалығы талай ауру-сырқаудан арашалап қалары сөзсіз.

Қазақ ықылым заманнан етті таңдап жеген. Көбіне тазалығы үшін жылқының етін тұтынады. «Жылқы су ішкен жерден су іш» дейтініміз де содан. «Төрт түлігімнің басы» деп жылқы малын қадірлеген қазақ жылқының көп қасиетін білгендігінен. Мысалы, лай, лас суатқа бас қоймайтын жылқының еті де құнарлы, пайдалы. Ақуызға бай жылқы еті аминоқышқылдармен жақсы үйлеседі. Дәрігерлер жылқы етін диеталық ет, өт айдауға септігі мол екендігі үшін жиі ұсынады. «Қандағы  холестеринді төмендету мүмкіндігіне байланысты жылқы еті ағзадағы зат алмасу процесін реттейтін өнім ретінде тиімді, ал төмен майлылығы диета үшін, салмақ тастау үшін тамаша мүмкіндік» дейді дәрігерлер.

Құрамындағы көптеген дәрумендер мен микроэлементтер адам ағзасына өте пайдалы. Әсіресе, А, Е, В тобындағы дәрумендер және темір жылқы етінде көп. Әрі гипоаллергенді.



Қой етінің пайдасы оның құрамындағы магний, йод, калий, темір, B тобы дәрімендерінің көп болуынан. Құйрық майы суықтан қорғайды. Вирусты жұқпалы ауруларды жұқтырып алмауға қорғаныш болады. Кеше ғана талайларды ажал құрығына алып, баудай түсірген, әлемді алаңдатқан «Ковид-19» вирусын жеңуге қойдың құйрық майы, қой етінен жасалған сорпа көмектеспеді ме?! Халық емшілері «қой етінен жасалған сорпаны көп ішіңіз, құйрық май жеңіз» деп жатты. Ағзаға қажетті темір дәрумені қой етінде көп. Осыдан барып ол қан құрамын жақсартады, теміртапшылықты емдеуге көмектеседі. «Қой етіндегі лецитин заты ағзада холестериннің дұрсы алмасуына әсер етеді» дейді дәрігерлер.

Сиыр етін қазақ сирек қолданған. Себебі сиырдың сүті жақсы болғанымен, ішім-жем таңдамайтын қомағайлығына қарап етінің тазалығына күмәнмен қараған. Төрт түліктің ішінде мал ауруының көбі ірі қарада кездесетіні де жасырын емес. Оны қазақ бір ауыз сөзбен «Сиыр еті-суықтық» деп қоя салған. Адам ағзасында «ет пен тері арасына жел жинайды» деп те сиыр етін көп тұтынбаған. Десе де «сиыр етін мүлдем жемеңіз» дей алмаймыз. Бастысы  – қажетті мөлшерде пайдалана білу керек.

Қымыз 40 ауруды емдейді

 

Мал өнімдерін айтқанда сүт өнімдерінің де өзіндік қасиетін ұмытпағанымыз жөн. Дастарханынан ағарғаны үзілмеген қазақ сауып ішер сиыры, қымызын баптап ішер юиесі жоқ үйге «аққа жарымай отыр екен» деп аяушылықпен қараған. Аққа жарыған үйдің адамдарында күш-қуат көп деп санаған. Ал ағзадағы қуат еңбекөнімділігін арттыратындығын айтпай-ақ білген. Ағарған ішкеннің ағзасы таза, таза ағза сананың дұрыс қалыптасуына негіз емес пе?!  Белгілі академик, Қазақ тағамтану академиясының президенті болған, дәрігер Төрегелді Шармановтың бір сұхбатында былай дегені бар:

–Қазақтың ұлттық тағамдары дегенде құрт-ірімшік, сүрленген ет ойымызға оралады. Олардың барлығы денсаулығымызға пайдалы. Мәселен, қымыз адам денсаулығына өте пайдалы, ол адамның шаршауын ұмыттырып, көңіл күйін көтереді. Қымыздың құрамында адамға рақат сыйлайтын дәрумендер бар. Тіпті орыс жазушысы Лев Толстой көңілі құлазыған сәттерде апталап қымыз ішіп жататын болған екен, - дейді ол.

Сүт өнімдері: құрт, айран, қаймақ, ірімшік, май, шұбат, қымыз, қымыран бәрі де дәруменге бай. Талай ғалым зерттеп, құрамын жалпақ жұртқа жайғалы шетелдіктердің өзі қазақтың ұлттық тағамдарына қызығып, жасалу жолын меңгеріп, технологиясын дамытып жатқаны мәлім. Бұл жоғарыда айтқанымыздай қазақтың тек таза тағам, ағзаға пайдалы ас тұтынып келгендігінің дәлелі.

Дәрігер-гастрентолг мамандардың айтуынша сүт өнімдері ас қорыту бездерінің жұмыс істеу қабілетін үнемі жақсартып отыратындықтан сүт оны жиі пайдаланатын адамдарда асқазан, ішек жолдары аурулары сирек кездеседі екен.

Мысалы, ғалымдар «1 литр қымызда 20 г қоректік ақуыз бар» дейді. Ол сиырдың 100 г етіне тең келетін қуаттылық. Саумал мен қымызда дәрумен өте көп. Әсіресе ол A, C және D дәрумендеріне бай. Сонымен қатар, B тобына жататын ең маңызды дәрумендер: тиамин (B1), рибофлавин (B2) пантотен қышқылы, фолий қышқылы, биотин көп.

Сол сияқты шұбат, қымыранда да А, В1, В2, С витаминдер мол. В1, В2 витаминдерi сиыр сүтіне қарағанда түйе сүтiнде көп екен. «Шұбаттың бiр литрi адам организмінің С витаминiне және рибофлавинiне тәулiктiк қажеттiлiгiн қанағаттандыра алады» дейді мамандар.

Қымыз-қымыранды былай қойғанда қазақтың айран көжесінің өзі ағзаға мол дәрумен беретін пайдалы ас екенін білесіз бе? Оның құрамында ферменттер көп. Тез қорытылып, тағамның оңай сіңуін қамтамасыз етеді. Оның үстіне ашытылған көже ішкендердің бүйрегінде тас, тұз тұрмайды екен. «Ата-бабамызда бүйрек, бауыр, өт, несеп жолдары, қатерлі ісік, қаназдық (анемия) ауруының сирек кездесуі де осыдан» дейді диетолог мамандар.  

Ал қазір өз асынан жерініп, еуропалық тағамдарға қызығатын ұрпақ қалыптасуда. Олар қурылған картоп, гамбургер, хот-дог секілдіні жеп, түрлі газдалған тәтті сусындарды ішкенге мәз. Ағзаға дәрумен болмақ түгілі кересінше зияны көп бұл ас түрлері ұрпақты әлсіретіп, ауру түрін көбейтіп әлек.

Ет жейді деген жастың өзі көбіне отқа шала-жансар қақталған стейк, кәуапты місе тұтады. Түрлі жұқпалы аурудың алдын алу үшін мамандар етті кемі 3 сағат қайнату керек деп жүр. Ұзақ қайнатылған еттің сорпасы дәруменге тіптен бай. Қазақтың «ақ сорпа», «сіңір сорпа», «сірне» деп тамсана ішіп-жейтін тағамдарының құнарлығы көп болуы да ұзақ қайнатылуында екен.

 

«Ауру – астан»

 

Жиі қайталасақ та осы сөздің мән-мағынасына терең бойламайтынымыз рас. Ол – таза ас ішпеу, таза ет жемеу, уақытылы тамақтанбау. Ұсақ-түйек боп көрінгенімен әдетке айналған мұндай өмір салты әсіресе, бүгінгідей адамдардың бәрі асығыс, уақыт тапшы заманда ешқандай  ұлттың денсаулығына үлкен қауіп төндіріп тұр. Қазақтың ұлттық тағамдарының бәрі де таза, қоспасыз, табиғи. Тек ендігі жерде соған мән беріп, күнделікті тұтыну рационымызға ендіріп, тек ұлттық ас ішуді үрдіске айналдыра білген жөн. Сапалы ұлт, саналы ұрпақ кепілі де осы ұлттық асымызда жатқанын ұмытпайық. Қанымыздың тазалығын, ағзаның қуаттылығын сақтаймыз десек, ұрпағымызға алдымен ет жеу мәдениетін үйретіп, қалыптастырайық.

 

Ж. Жайлаубек

 

 


Пікір қалдырыңыз: