Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-09-28 15:45:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 86
Шымкенттің кәсіпкер қыз-келіншектері бірігіп жатыр. "Күшіміз біріккенде ғана" деген олар бизнесте биіктікті бағындырудың жоспарын жасады. Команда құрудың жолына кірісті. Мұның бәрін де оларға Aiel Space орталығы үйретіп отыр. Орталық кәсіпкер әйелдердің басын қосып, оларға заңгердің, маркетолог маманның, пиар жасаудың шебері SMM-шінің, психологтың да кеңесін ұсынуда. Орталық – белгілі заңгер Айжан Кесебай мен маркетолог, ментор Жібек Бейістің идеясынан туындаған жоба.
Шыны керек, біздің бүгінгі қоғам әйелдерге арналған орталықтар мен кеңестер,
қоғамдық ұйымдардан кеңде емес. Іскер әйелдер кеңесі, ауыл әйелдерінің одағы,
бизнес ледилер... тағысын-тағылардың бәрі де «әйелдерді қолдаймыз, дамытамыз»
деп ұрандатады. Түрлі семинар, форумдар, жиындар өткізуге де машықтанып алғаны
жасырын емес. Десе де сол көп жиыннан көшеде шұлық сатып, инстаграм арқылы
көйлек-көншек ұсынып отырған қарапайым кәсіпкер әйелге анау айтты көп пайда
тиіп жатыр ма? «Үйінде отырып-ақ сауда жасаған әйел дамып кетті» дей алмамыз
ба?
Сондықтан да Айжан
Кесебай мен Жібек Бейіс ұйымдастырған жоба – Aiel Space-ге де сондай күмәнмен
қарағанымыз рас. Оны жоба жетекшілерінің өзіне де айттық.
–Күмәнмен қарау дұрыс. Бірақ, сіз айтып отырған орталықтардан біздің
артықшылығымыз – ісімізді нақты нәтижемен дәлелдеудеміз.
– Мысалы?
–Бүгінгі сауда-саттық, кәсіпкерліктің басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы жасалуда.
Онлайн бизнес, онлайын сауда әлемдік дәрежеде дамып келе жатқан үрдіс. Бұл
үрдістен қазақтың қыз-келіншектері де сырт қалмауда. Тек тауар ұсынып қана
қоймай, оқу орталықтарын, қосымша білім беру қызметін ашқан, «үй тазалап, ыдыс
жуып беремін», «қамыр жайып, ет асып, қонағыңа дастархан мәзірін ұсынамын»
дейтіндерді де біз қазір тек әлемуеттік желі арқылы тауып, қызметін пайдаланып
жүрміз. Бірақ, олардың барлығы да заңды толық біледі дей алмаймыз. Толықтырулар
мен өзгерістер жиі еніп тұратын заңнан хабары жоқ кәсіпкер көп. Тіпті салық
төлеу, жарнама жасаудың талаптары мен міндеттерін де білмейді. Команда құру,
бизнес-жоба жасауды меңгерген дей алмаймын. Содан да болар, «ана блоггер
ұсталыпты», «мына блоггерді соттапты» дегенді жиі еститін, оқитын болдық. Көбі
заңды білмеуден опық жейді. Ал заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан
онлайын сауда-саттықтың өзін заң талаптарына сай жүргізе білу керек. Біздің
орталықта салық саласының маманы, бухгалтер есепші де бар. Олар кәсібін заңды
жүргіземін деген қыздарға тегін кеңес береді,-дейді Айжан Кесебай.
Aiel Space
орталығының жұмысымен танысу барысында білгеніміз – Шымкент қаласында түрлі
салада кәсібін бастап жүрген 35 ару осы орталыққа мүше болған. Жоба жетекшілері
бір легте 50 әйелді мүшелікке қабылдай аламыз деп отыр. Мүше болып кіру үшін
белгіленген жарнасы бар. Соны төлейді. Бұл жарна кәсіпкер келіншектің
орталықтағы маркетолог, заңгерден бастап
SMM-шінің қызметіне дейін 6 ай бойына тегін алуына құқық береді.
–Орталыққа топтасқан кәсіпкер әйелдердің өзара бір-біріне қолдау көрсетіп,
бір-бірінің бизнесін дамытуға жағдай жасалған. Бізде «бұл менің бәсекелесім»
деген көзқарас болмайды. Мысалы өзінің тігін немесе кондитер цехы бар келіншектің
қызметін инстаграмда оқырманы өте көп блоггер неге жарнамалап қолдау
көрсетпеске? Немесе оқу орталығын ашқан келіншекке кондитер ханым өз өнімін ұсына
отырып, орталықта білім алатын шәкірттерінің бір уақыт шәй ішіп демалуына неге
жағдай жасамасқа?! Біздегі басты идея осы,- дейді орталықтың маркетологы Жібек
Бейіс.
Яғни, кәсіпкерлікке қадам
басқан қазақ әйелдері біріге отырып жоғары жетістікке бірлесе жетуі, ауқымды
масштабтан көрінуі тиіс. Орталықтың мақсаты осы.
Сонымен бірге, бізде бизнес ашса міндетті түрде мемлекеттік тапсырысқа, мемлекеттік
тапсырыс –тендерге иек артатындар бар. «Онсыз кәсібің дамымайды» деген көзқарас
қалыптасқан. Бұл ойымызды да жасырмай Aiel Space-тің құрылтайшыларына көлденең
тарттық.
–Жоқ, бізде тендер
алуға ұмтылу, саясатқа араласу деген ой жоқ. Біздің мақсатымыз таза еңбекпен
бизнесті дамыту. Кәсіпкер әйелдердің басын бір орталыққа қоса отырып, олардың
бірге дамуына, бірін-бірі қолдай жүріп жоғары жетістікке жетуіне жағдай жасау. Орта
қалыптастыру. Мысалы, кез келген әйел сұлулық салонына барады. Шаш қидырып,
боятып, бет әрлетіп дегендей әсемдік салонының қызметіне жүгінеміз. Біздің
орталыққа мүше болған әйелдер арасында осындай салоны бар келіншекке: кондитері
бар, тігіншісі бар, бухгалтері, заңгері бар – бәріміз ортадан көмектесеміз.
Әркім өз қызметін ұсыну арқылы әлгі солонның жетістікке жетуіне, дамуына қолдау
жасаймыз. Дәл осылай кондитер өнімін ұсынушыға да, тігіншіге де ортадан қолдау
көрсетіледі.
Ең бастысы бизнесті заңды, сауатты жүргізудің жоба-жоспарын жасап береміз.
Заңдылық тұрғысынан үнемі оларға кеңес беріп отырамыз, – дейді Айжан Кесебай
Оның айтуынша, әлемге әйгілі кәсіпкерлер Илон Маск,
бағдарламашы кәсіпкер Марк Цукерберг сынды танымал табысты тұлғалардың дамуына
алдымен ортасы ықпал еткен. Олар ұсынған идеяны сол ортаның қолдауы, қуаттауы,
жөн сілтеуінің арқасында бүгінде табысы өте жоғары кәсіпкер ретінде әлемге
белгілі болып отыр.
«Біздің қазақтың әйелдері де осындай табысты болуы керек» дейді Aiel Space-нің
жетекшілері.
–«Жалғыздың үні
шықпас» деген бар. Жалғыз жүріп өз кәсібін дамыту жолында титықтап, небір
қиындыққа кезігіп, ауыртпалықты көтере алмай орта жолдан тастап кететін
кәсіпкерлер аз емес. Сол үшін де біз арнайы орталық құрып, қиындықты бірлесіп
жеңуге, заңдылық тұрғысынан да, экономикалық тұрғыдан да қолдау білдіруді
ұсынып отырмыз.
Айжан Кесебай осылай дейді.
Орталыққа шымкенттік кез келген кәсіп иесі жарна төлеп мүше бола алады. Ол
жарнаға орталықтағы мамандар сізге 6 ай бойына тегін қызмет ұсынады.
Бизнесіңіздің дамуына ықпал етеді. 6 айдан соң мүше болу мүмкіндігін әрі қарай жалғастыру,
жалғастырмау шешімін өзіңіз қабылдайсыз.
Кәсіпкер қазақ әйелдерін қолдауға білек сыбана кіріскен Aiel Space-ге барып көріңіз. Жарты жолда қалғанша, жарты жылда кәсібіңіздің нәсібін көруге әрекет жасаған тиімді-ақ. Әрі қарайғысы сол 6 айда өзі де белгілі болады емес пе?!
Жәмила Жайлаубек