«ЕСКЕК ЕСУ» КІМГЕ КЕРЕК ЖОБА?

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-10-06 11:20:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 79


«ЕСКЕК ЕСУ» КІМГЕ КЕРЕК ЖОБА?

Түркістандағы заманауи «Ескек есу» арнасының іске қосылғанына да бір айдың жүзі болды. Осы күндерге дейін онда су спортынан бірқатар жарыстар да өткізіліп үлгерді. Бұйыртса, ірі халықаралық жарыстардың ұйымдастырылғанына да куәгер болармыз.

Дегенмен халық тек спортпен ғана күн көрмейді ғой. Бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігі маңызды десек, артық айтқандық болмас. Осы орайда кейінгі кездері жиі көтеріліп жүрген су тапшылығы мәселесі ойға оралады. Түркістан тұрған аумақ жартылай шөлді өңір болғандықтан ондағы егістік жерлерге су молынан керек. Жылдан жылға қарқындап өсіп келе жатқан қаланың өзін де қажетті су инфрақұрылымымен қамтамасыз ету оңай бола қоймас.

Өткен қыста қар аз болып, көктем мен жазда жаңбыр сирек жауды. Сол себепті Түркістан облысында егін суғаруда бірқатар проблемалар орын алған болатын. Облыстың басым бөлігінде су тапшылығы байқалды. Көптеген бұлақтар тартылып, жерасты суының деңгейі төмендеп кеткенін айтып жүргендер бар. Өзендері көп саналатын Төлеби ауданының өзінде кей ауылдар су тапшылығын сезінді. Сайрам ауданы жерінен өтетін Ақсу өзенінің суы жылдағыдан бірнеше есе аз болды. Бұл аудан шаруалары еккен дақылдарының біразын қуратып алып, басшыларға жиі шағымданумен болды. Сол кездері сайрамдықтардың аузынан судың көбі Түркістан, Ордабасы, Отырар жақтарға алынып жатыр екен деген сөздер жиі айтылып жатты.

Түркістан облысы – су тапшылығы жиі сезілетін аумақ. Облыс орталығында осындай проблемаларды болдырмас үшін оған жақын тұстан су қоймалары салынған болатын. Дегенмен сол қоймаларға су беретін жергілікті шағын өзен-көлдердің де шамасы белгілі. Ірі деген Сырдария өзенінің де жайы онша емес, биыл онда да су аз болып, «Шардара» су қоймасының деңгейі елеулі түрде төмендеп кетті. Осындай кезде Түркістанда қолдан ірі су айдынының салынуы жұртшылық арасында түрлі пікірлер тудырды. «Мұндай спорттық нысан облысқа қажет қой. Бір есебі Түркістанның абаттандырылып-көгалдандырылуына, экологияға оңды әсері болады деп те салынған шығар. Тек ойлантарлығы, бізде әзірге су мәселелерін терең зерттейтін мықты мамандар аз. Кезінде осы бағытта жұмыс істеген зерттеу орталықтары, оқу орындары жабылып қалған. Енді-енді қайтадан ашылып, іске кірісіп жатыр. Ондай су нысандары түрлі табиғи жағдайларға, апаттарға төзімді болуы керек. Жалпы, осы мәселені терең зерттеген мамандар қарады ма – мәселе сонда», - дейді Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Шардара» су қоймасын салуға еңбегі сіңген азамат Тәңірберді Ағыманов.

Әрине, «Ескек есу» арнасының қаланы халықаралық деңгейде танымал етуге, су спорты түрлерін дамытуға, өңірге туристер тартуға пайдасын тигізер. Қала берді қаланы абаттандырып, көгалдандыруға, оның экологиясын жақсартуға да оңды әсерін тигізер. Алайда ұзындығы 2 шақырымнан асатын, ені 260 метрлік, тереңдігі 4 метрге тең «Ескек есу» арнасын қажетті сумен қамтамасыз етіп отыру үшін жылына қанша миллиондаған текше метр су керек болады? Оны сумен тұрақты толтырып отыруға мүмкіндік қаншалықты? Бұдан өзгелер, бірінші кезекте диқандар, ауыл тұрғындары зиян шекпей ме?

Тұйық су көзінің тез ластанатыны, уақтылы алмастырылмаған судың түбіне шөгінділер отырып, лай басатыны, балдыр өсетіні белгілі. Көп тұрған су бүлінеді, сасиды. Осындайды болдырмас үшін «Ескек есу» арнасының суын белгілі бір тәртіппен алмастырып тұру қажет. Ал оған қаншалықты шығын жұмсалады? Оның жыл бойғы тұрақты жұмысын тиісті деңгейде ұстап тұру үшін қанша электр қуаты қажет? Техникалық қызмет ақысына, жұмысшылардың жалақысына қанша қаражат жұмсалады? Оны қыста күтіп ұстау жағы қандай болады? Осындай сұрақтар көп.

Әрине, мемлекеттік деңгейде шешім жасалып, қолға алынған жұмыстың өз тиесілі есеп-қисабы жасалғанына шүбә жоқ. Мүмкін шығындар орнын түрлі деңгейдегі жарыстардан, көрермен-жанкүйерлерден, серуендеушілерден, туристерден түскен қаржымен толтыруға болатын да шығар. Дегенмен жыл сайынғы су тапшылығы мазаны алып тұрғанда осындай шығыны көп нысандарды салмай-ақ қойған да дұрыс-ау деген ой келеді. «Ескек есу» зиянын тигізіп жүрмесінші, әйтеуір...

Х. АСАН.

 

 


Пікір қалдырыңыз: