Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-10-06 14:15:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 70
Отырар ауданында жыл басынан бері жалпы өңірлік өнім көлемі 38,0 млрд. теңгеге жетіп, өсім 31,5 пайызды, жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 752 мың теңгеге жетіп, өсім 34 пайызды құраған. Осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстар жайы Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбаймен болған әңгіме барысында айтылды.
- Қайрат Жолдыбайұлы, ауданға инвестиция тарту жұмыстары қаншалықты қарқынды?
- Соңғы есепті кезеңіне дейін негізгі капиталға 19,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 186,9 пайызға өсті. Инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында Қарғалы ауыл округінен 85 гектар аумақты құрайтын индустриялды аймақ құрылып, онда ірі мақта өңдеу зауытының құрылысын жүзеге асыру, Қарақоңыр ауылдық округінен 86,5 гектар жерге «Отырар-Мақта» индустриялды аймағын құру жоспарлануда. Қазіргі таңда екі мақта өңдеу және тамшылатып суғару құрылғыларын өндіру кәсіпорындарының құрылысы жүргізілуде.
Ауыл шаруашылық саласында өндірілген өнімнің көлемі 11,4 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 110,3 пайызды құрады. Бұл салада 6,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, жоспар артығымен орындалды. Биылға 64 техника алу жоспарланса, бұл меже шілде айының өзінде артығымен орындалып үлгерді. Осы жылы 11 603 гектар су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып, 7 айда 28180 гектарға орындалды.
Биылғы жылдың 7 айында ауданға 147527 турист келсе, оның ішінде 9687-сі шетелдік саяхатшылар. Аудан көлемінде 8 қонақ үй туристерге қызмет көрсетіп, өсу қарқыны 5 543 адамға жетті. Ағымдағы жылы жеке кәсіпкер ЖК «Нұрыш А» сыйымдылығы 100 орындық қонақ үй құрылысын жүргізуде, нысан құрылысы жыл соңында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында Отырар төбе қалашығы маңынан «PANA ASIA» ЖШС тарапынан қонақ үй, монша, тамақтану және тарихи көрме жайы құрылысын салу жоспарлануда. Аудан әкімдігі тарапынан кәсіпкерді жер телімімен қамтамасыз ету қарастырылуда.
- Мұныңыз дұрыс екен, ал тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші қандай? Жалпы аудандағы құрылыс жайын да айтып өтсеңіз.
- Ауданда тұрғын үй кезегіне 2471 азамат тіркелген. Өткен жылы 50 пәтер иелеріне табысталды. Биылғы жылға тұрғын үй сатып алуға қаржы қаралмаған, алайда «NK Building» ЖШС өз қаржысы есебінен 4 қабатты 32 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс көлемінің 55 пайызы орындалған, нысан қараша айының соңына пайдалануға беріледі. Оны сатып алу үшін салалық басқармаға өтінімдер ұсынылған.
Ш.Қалдаяқов ауылындағы конкурстық құны 742,5 млн. теңгені құрайтын шағын футболға арналған жабық спорт залының құрылысы 2024 жылы басталып, қазір аяқталу сатысында.
- Тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру аясында қандай жұмыстар атқарылуда?
- Тұрғындар жайлы өмір сүруі үшін ең алдымен инфрақұрылым реттелуі тиіс. Мәселен, былтыр Ызакөл мен Бестам елді мекендері толық орталықтандырылғын ауыз сумен қамтылды. Бұдан бөлек, 5 елді мекеннің ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өткізілді. Сырдария, Ақкөл елді мекендерінің ауыз су құрылысына қаржы қаралып, құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылуда. Маяқұм, Балтакөл, Аққұм, Жаңа Шілік елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, салалық басқармаға ұсынылған. Биыл, сондай-ақ, Балтакөл елді мекені ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,0 млрд. теңге қаралып, құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылуда. Пайдалануға беру мерзімі қазан айы. Сонымен қатар, Қостерек, Жаңа Шілік, Көлқұдық, Шеңгелді, Қарақоңыр, Отырабад, Ақтөбе, Ескі Шілік, Қостүйін, Ш. Қалдаяқов, Маяқұм елді мекендерінің ауыз су жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 931 млн. теңге қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 863,3 шақырымды құрайды. 2024 жылы 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол үшін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 417,8 млн. және жергілікті бюджеттен 722,9 млн. теңге бөлінді. Биыл да дәл осы жүйемен 51 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық маңызы бар 1 жолдың 8,8 шақырымының орта жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 65 млн. теңге қаралды.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 871,9 млн теңге қаралып, Ш.Қалдаяқов, Бестораңғыл, Шәуілдір-2, Қоғам, Қарғалы, Шойманов, Темір, Самырат балалар ойын алаңшасы, Қоғам, Шәуілдір, Шеңгелдіге спорттық ойын алаңшалары, Отырар ауданына кіре берістегі «Шығыс қақпа», Балтакөл ауылындағы Тәукебай көшесін, Шәуілдір, Қоғам ауылдарын абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Түнгі жарықтандыруға аудандық бюджеттен бес елді мекеннің жеті көшесіне түнгі жарық орнатуға 80,6 млн. теңге қаралды.
- Отырарлықтар жаңа оқу жылына қандай дайындықпен келді?
- Аудандағы 41 мектепте 11955 оқушы білім алса, оларға 2318 мұғалім дәріс береді. Биылғы оқу жылында 11 сыныпты 849 оқушы бітіріп, 88 оқушы «Алтын белгі», 49 оқушы «Үздік» аттестат алды.
Аудан көлемінде үш ауысымдағы, апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. 2025 жылға жеті мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттама жасалып, облыстық білім басқармасына ұсынылды. Нәтижесінде Ш.Қалдаяқов, Қ.Мұңайтпасов, М.Шаханов атындағы мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірнеше мектеп пен балабақшалардың жылу жүйелерін газға қосуға қатысты да сметалық құжаттар салалық басқармаға ұсынылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы Шәуілдір ауылында 600 орындық мектеп құрылысы пайдалануға қабылданып, толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. №1 «Жайлы мектеп» бірінші оқу жылын 440 баламен сапалы аяқтады.
- Жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыс нәтиже беруде ме?
- «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға» арналған тұжырымдамасы аясында биыл 4571 жұмыс орнын ашу жоспарланса, алғашқы 7 айда 2719 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін жоспар толығымен орындалады деген сенімдеміз. Жалпы, аудан халқының экономикалық белсенді бөлігі 22 мың 882 адамды құраса, жұмыспен қамтылғандары 21 мың 770. Оның ішінде өзін-өзі қамтығандар 7315 адамды құрады. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі екі пайызды құрайды.
Жыл басынан бергі жеті айда аз қамтамасыз етілген 98 отбасыға 25,2 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кедейшілік деңгейі 2,3 пайыздан 1,2 пайызға төмендеді. Мемлекет басшысының жыл сайын «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасына сәйкес, ауданда 650 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 7 айда 343 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына 7 айда 661 жұмыссыз азамат тартылды. «Белсенді ұзақ өмір» мекемесінің ғимаратында 450 зейнеткерге қызмет көрсетілді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Р. ШАЛҚАР.