Түркістан облысы: Сиырды асылдандырмай сүтке жарымаймыз

Агрокешен

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-10-05 11:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 72


Түркістан облысы: Сиырды асылдандырмай сүтке жарымаймыз

         

           

Таяуда Бразилияда жироландо тұқымдас бір сиыр 1 күнде 120 литр сүт берді. Сөйтіп ол осыдан тура 6 жыл бұрын, 2019 жылғы тамыз айында 1 күнде 127,6 литр сүт берген сиырдың рекордына жетуге жақындады. Ал оның алдындағы рекорд сонау 1981 жылы жасалған еді. Сол жылы кубалық бір сиыр 1 тәулікте 110,9 литр сүт беріп, рекорд орнатқан болатын.

Жироландо сиыры голштин және гир тұқымдас сиырларды қосу арқылы алынған. Яғни ол – голландиялық бұқа мен үндістандық сиырдан туған ұрпақ. Жылына 305 күн суалмай сүт береді. Кей күндері одан 120 литрге дейін сүт саууға болады. Мұндай сиырлардан жылына 20 тоннадан астам сүт өндіріледі. Таяуда болған турнирде жироландоның әлгі өкілінен 3 күнде 343 литр сүт сауылды.

Шетелдерде сүтті сиырлардың турнирі жиі өткізіліп тұрады. Жарысқа қатысатын малға тыйым салынған азық беруге болмайды, турнирге ол сайыс басталардан ары кетсе екі күн бұрын ғана жеткізіледі. Сондай-ақ сиыр 1 тәулікте арасында 8 сағаттан үзіліс жасап, 3 мәрте сауылуы тиіс.


Зеңгі баба тұқымының өміріндегі бұл жаңалықты біз неге айтып отырмыз? Қазығұрт ауданының Үшбұлақ ауылында Иса Дадабаев (суретте) есімді қария тұрады. Елімізде сиыр тұқымын асылдандыру керек деген мәселені сонау кеңестік кезеңде-ақ көтерген адам. Бертінде отбасымен шаруа қожалығын құрды. Бүгінде оншақты сиыр өсіріп, олардан алынған сүтті өңдеуші кәсіпорындарға өткізумен айналысады. «Біздің сиырлардың озғаны жылына 1 – 1,5 мың литр сүтті әзер береді. Көп үйлердегі сиырлар 1 тоннаға да жеткізе алмайды. Өйткені ауданда кезінде басталған мал асылдандыру жұмыстары ойдағыдай жүргізілген жоқ. Бір кездері әкелінген асыл тұқымды бұқалардан тұқым қалмады. Кейбір сиырлардан олардың белгілері аздап білінеді. Бірақ толыққанды тұқым алу сол күйі іске аспай қалды. Ол үшін кемінде үш ұрпақ алынуы керек еді. Оған жетпеді. Дамыған шетелдердегідей деңгейге жету үшін сол жұмыстарды қайта жандандыру керек. Ауыл-ауылдардағы сиыр тұқымын асылдандырған жөн. Адамның істегенін адам істейді, сонда бізде де он тонна сүт беретін сиырлар пайда болады, миллионер фермерлер бізден де шығады», - дейді ол кісі.

Иә, дамыған шетелдерде қазір жылына 10-нан 25 тоннаға дейін сүт беретін сиырлар бар. Мұндай сиырлар мал басын асылдандыруға байланысты мемлекеттік бағдарламалар мен нақты шаруаға жасалатын қамқорлықтың арқасында өмірге келіп, көбейген. Олардың денсаулығы, өнімділігі ғылыми жолмен бақыланып, бағытталып отырады. Соның арқасында сүт пен сүттен алынатын өнімдер саудасынан байып, миллионер атанған мал иелері бар. Мемлекет сиыр өсіретін фермерлерге, сүт өндірушілер мен өңдеушілерге, оны экспортқа шығарушыларға барынша жағдай жасайды. Олардың өнімін өткізуге жол ашып береді. Мал азығын субсидиялайды. Сондықтан да оларда «сүтті байлар» бірнеше жүздеп саналады.

Біздің елде де будандастыру арқылы алынған сүтті сиыр тұқымдары бар. Дегенмен олардан алынатын өнім шетелдік «туыстарынікінен» біршама аздау. Мысалы, бүгінде жұрт сүтін ішіп отырған «шаруа сиырлардың» көбінің жылдық өнімі 1 тоннаның о жақ бұ жағын құрайды. Негізінен еліміздің шығыс, батыс өңірлерінде және Алматы облысы аумағында өсірілетін ақбас сиыр мен «Алатау» тұқымды сиырлар жылына 1,5 – 2 тонна, 2,5 – 3,5 тоннадан сүт береді. Ал шетелдік асыл тұқымды сиырлармен будандастырылған «Ақ Ырыс», «Ертіс», «Сайрам» тұқымдас сиырлардың беретін өнімі жылына 2,5 тоннадан 5 тоннаға дейін жетеді. Жылына 6-7 тоннаға дейін сүт беретін сиырлар да бар.

Соңғы жарияланған статистикалық деректерге қарағанда, Қазақстанда қазіргі күндері ірі қара мал басы 9 миллион 600 мыңнан асады. Әрине, оның бәрі бірдей сүт беретін мал емес. Дегенмен сауылатын сиырлардың қарасы да аз болмаса керек. Қалай болғанда да еліміз сүтпен өзін-өзі әлі де болса толықтай қамтамасыз ете алмай келеді. Ресейден әкелінетін арзан сүт пен Қытайдың құрғақ сүті нарықта көп. Сүт пен сүт өнімдері бізге сондай-ақ Қырғыз елінен, Украина, Беларусь, Польша, Түркия, Иран, Германия, Дания, Уругвай, Жаңа Зеландия және тағы басқа елдерден де жеткізіледі екен.

Мамандардың есебінше, егер тиісті жұмыстар жолға қойылар болса, Қазақстан өзін-өзі сүтпен және сүт өнімдерімен толықтай қамтамасыз ете алады. Демек, елімізде сүт өндіруді жақсылап жолға қою керек. Асыл тұқымды сүтті мал басын көбейту қажет. Осындай малды өсіретін шаруаларға барынша көмек көрсеткен жөн. Бұл өзі іске асыруға болатын нәрсе сияқты.

Д. НҰРПЕЙІС.


Пікір қалдырыңыз: