Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-10-20 14:55:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 96
жәбірленушілерді сан соқтырып кетті
Шариғатта қайтыс болған адамның артынан жаман сөз айту құпталмайды. Алайда, кейде айтпасқа амал қалмайтын жайттар болады. Мәселен, марқұмның көзі тірісінде істеген іс-әрекеттері тірі адамдардың тынышын бұзып, өмірін өксікке толтыруы мүмкін. Сондай бір жағдай Сауран ауданында орын алды.
Алла өзі кешірсін, Сауран ауданының тұрғыны Розмұхамед Құрбановтың өзіне өзі қол жұмсауы бірталай тұрғындарды сары уайымға салды. Дәлірек айтқанда, Кентау, Түркістан қаласы мен Отырар, Сауран ауданының бірнеше ондаған тұрғындарын бас-аяғы 300-400 миллион теңгеге жуық қарызға батырғанға ұқсайды. Бүгінде оның қайтыс болғанына аптаға жуықтаса да марқұмның есігінің алды қарызын сұрап барушылардан босамауда. Тіпті, айқай шығарғандар да бар. Соншама адамның дүрлігуіне себеп болған марқұм кім және ол не істеген?
Марқұм болған жігіттің жасы небәрі 30-дан енді асқан екен. Артында жесірі, екі ұл, бір қызы қалған. Соңғы 2-3 жыл көлемінде тұрғындарға тұрмыстық техника алып беремін деп кемі 1,5, көбі 20 миллион теңгеге дейін ақшасын алған. Көпшілігіне несие рәсімдеткен. Олардың сеніміне кіргені соншалықты, кейбіреулеріне 2-3 несиеге дейін алғызған. Нәсиенің алғашқы 2-3 айын өзі жауып отырған. Күмән болмас үшін. «Оның сенімімізге кіргені сондай, кейде «әпке келе жатырмын, жақсы жаңалығым бар, шәй қойып қоя беріңіз» деп емін-еркін үйімізге келіп, отбасымыздың бір мүшесіндей болып кетіп еді. Ақыры, міне, әпкем, сіңлім, абысынымдарды қосқанда әулеттен 6 адамды 19,5 миллион теңгеге қарызға батырып кетті. Депозиттен шешкен қаражатымызды қоса есептегенде 23 миллион теңгеге жуықтайды. Енді оны кімнен сұрарымызды білмей отырмыз.
Жаназасы өткен соң 10-15 адам жиналып, үйіне бардық. Әкесі мен бауырлары ештеңе білмейтіндерін айтты. Содан соң мешітке барып, молдадан «қарызы болса әкесі төлеуді мойнына алғанын» сұрап білдік. Оны молда келіп әкесінің өзіне айтты. Бірақ ол «Ақшамыз жоқ, бізге ештеңе берген емес. Ешкімнің қарызын қайтара алмаймыз, оған жағдайымыз келмейді. Қазір сізге ақша берсек, ертең басқасы келеді» деп ашық айтты.
Біз марқұмның әкесінің үйінің ауласында тұрғанда қарызын сұрап тағы бірнеше адам келді. Олармен тілдескенімізде, тіпті біреуінен 20 миллион теңге қарыз екенін білдік. Оның барлығымыздың атымыздан несиені үсті-үстіне қалай рәсімдегенін түсінбедік. Біз бір несие алсақ екіншісін бермейді. Бір таңқаларлығы, 100 мың теңге зейнетақы алатын қарияларға банк ай сайынғы төлем мөлшері 200-300 мың теңге болатын несиені қалай берген? Олардың қатарында мүгедектер де бар», – дейді кентаулық Рәзия Мұхамедова.
Жан-жақты ізденген жәбірленушілер кірістер басқармасынан да мәліметтер іздестіріпті. Марқұмның атына «BEREKE» шағын кәсіпкерлігі тіркелген екен, бірақ ешқандай кіріс, шығыс болмаған. Марқұмның әкесі баласының іс-әрекеттері жайында бейхабармын дегенімен, оның атына ақша аударылып тұрған деген дерек бар. Мұның барлығының анық-қанығын білу, әрине, құзырлы органдардың құзыретінде. Дегенмен, осылай деп күдіктенгендердің бірі Ақмарал Смайыл былай дейді: «Бүгін тағы да үйіне бардық. Әкесі «Сіздерді түсінемін, бірақ не істей аламыз? Несиені қалай рәсімдеп, ақшаны қайда жұмсағанын білу бізге де маңызды. Сонша қаражаттың барлығын бір өзі жымқырып, жаратуы мүмкін емес қой. Банктегі есеп шоттарын, жазбаларын тексерту үшін енді біз де жәбірленуші ретінде шағымданамыз», - дейді. Не істерімізді білмей отырмыз?».
А.Смайылдың сөзіне қарағанда, марқұм әкесінің атына «Береке» жеке кәсіпкерлігін тіркепті. «Демек, біршама ақша аударымдары сол ЖК арқылы өткен болуы да мүмкін» дейді. Бұл жайттан, тіпті банкте өз атында есеп шоты бар екенінен де хабарсызбын деген әкесі марқұмның мұны кезінде бір қағаздарға қол қойғызғанын жасырмапты. Қазір жәбірленушілер полицияға арызданғанымен, күдіктінің өмірден өтуіне байланысты істің қысқартылып кетуінен қауіптенеді.
Жәбірленушілердің саны күн санап артып, марқұмның үйіне қайта-қайта жинала беруінің соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Айқай-шудың арты үлкен дау-дамайға ұласып кетпесіне кім кепіл? Осындай қауіптің алдын алу үшін біз Сауран аудандық әкімдігіндегі жауапты мамандар мен Қарашық ауылдық округінің әкіміне хабарластық. Аудандағылар жағдайдың бақылауда екенін, ауылдық округтің маманы Қайрат Исаев дүйсенбі күні кешкі сағат 17-ге дейін сол жерде болғанын, әлі де мән-жайды назарда ұстап отырғандарын айтты.
Ай сайынғы несие қарызы зейнетақысынан 2-3 есе асып кеткен қариялар да енді не істерлерін білмей отыр. Ашуға булыққандардың арасындағы кейбірі «бұл алаяқтық басқаларға сабақ болуы үшін марқұмның мәйітін қазып алып, жер бетіне шығарып тастау керек, сонда ғана алаяқтар өлгенімен жазадан құтылмай, денесі ит пен құсқа жем болатынын өз көздерімен көрер еді» дейді. Әрине, бұл ашу-дұшпанның айтқызып отырған қатыгездігі. Ешкім мұндайға бара қоймас, бірақ, марқұмның қабірдегі жағдайы қалай боларын кім дөп басып айта алмақ? Қалай болғанда да дұшпаныңа да тілемейтін жақсы өлім емес. Адамның ақысына кіру, алаяқтықпен ақша жымқыру, қарызға белшесінен батудың ақыреттегі жазасы тұла бойыңды түршіктіреді. Алла сақтасын! Алаяқтықтан абай болайық, арты жақсылыққа апармайды.
Ұлықбек ҮМБЕТ.