Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-10-20 11:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 85
Кейінгі кездері Қытаймен арада тығыз қарым-қатынас дамып жатыр. Қазақстанның қалаларынан қытай ұлтының өкілдерін көру үйреншікті құбылысқа айналды. Осы орайда қай-қайсымызға болса да бұл ел туралы біле жүрген артықтық етпейді.
«Робот-жұмысшыларды» көбейтуде
Таяуда америкалық әйгілі «Форд» концернінің басшысы Джим Фарли Қытайға барып, ол жақтан көргендерін айтып тауыса алмай жүрген көрінеді. Бұл жөнінде түрлі ақпарат құралдарында жазылып жатыр. Д.Фарли электр қуатымен жүретін өзін өзі басқаратын автокөліктерді, олардың бет-бейнеге қарап «адам танитынын» көріп таңқалыпты. Австралиялық миллиардер Эндрю Форрест те небір ғажайыптарды көріп оралыпты. «Алып конвейердің жанымен жүргенде сіз машиналардың еденмен жылжи отырып, қажетті бөлшектерді жинап бара жатқанын, шамамен 1 шақырымдай жүрген соң әлгі жиналған заттардан жүк көліктерінің құралып шығып жатқанын көресіз. Зауытта адам атаулы жоқ, бар жұмысты роботтар атқаруда», – дейді ол.
Бүгінде Қытайда жүрізушісіз автокөлік қана емес, ұшқышсыз ұшақтар да көптеп шығарылады. Мысалы, «Цзяньин 60» деп аталатын тонналаған салмағы бар ұшақ 20 тонна жүкті 4500 шақырымға дейін ұшқыштың басқаруынсыз-ақ жеткізе алады екен.
Әйелді «қолдан жасайды»...
Қытайда бүгінгі күндері 1 миллиард 460 миллионнан астам адам тұрады. Еркектерден әйелдер 60 миллиондай аз. Бұған негізінен 1970 жылдардағы «Бір отбасы – бір бала» саясаты әсер еткен. Ата-аналар отбасында қыз баланың өмірге келуіне мүдделі болмаған, әйелдер іштегі қызды түсік жасап отырған. Сол себепті бүгінде онда әйел жыныстылардың саны аз. 2015 жылдары Қытай аталған саясаттан бас тартты, дегенмен ол демографиялық ахуалдың жақсаруына себеп бола алмады. Өйткені жұрт отбасында бір ғана бала өсіріп үйреніп қалған. Халық саны көп болғандықтан бір баладан артық өсіруге құлықсыз. Кейінгі үш-төрт жылда өсім біршама тежелді. Мысалы, 2022 жылы Қытай халқы алғаш рет 850 мың адамға азайған. 2023-те тіпті 2 миллионға кеміпті. Ал өткен жылы 1 миллион 300 мың адамға кеміген. БҰҰ экономика және халық өсімі департаментінің есебі бойынша 2100 жылға қарай ондағы тұрғындар саны 1 миллиардтың төңірегіне дейін азаймақ. Өйткені бұл елде халық қартайып келе жатыр. Бұл елдегі жылдық табиғи өсім 7 миллиондай адамды құрауда. Отбасын құрушылар саны да азайып келеді.
Есесіне ғылым қарқынды дамуда. Кей ғалымдар бүгінде тірі адам секілді іс-әрекет ете алатын «қуыршақ-әйелдерді» де жасап шығарып жатыр. Олар тіпті «құрсағына» салынған адам эмбрионын жетілдіріп, «бала туатын» робот-әйел жасап та таңқалдыруда.
Гендік түрлендіру қолданылады
Қытайда гендік инженерия дамыған, гендік түрлендірілген (модификацияланған) ағзалар да көптеп шығарылады. ГТА бұл елдегі өсімдік шаруашылығында да қолданылады. ДНК-сы жасанды түрде өзгертілген өсімдіктің ауа райының қолайсыздықтарына, зиянкес жәндіктерге төзімді болатыны, өнімділігі, азықтық қуаты артатыны, ұзаққа сақталатыны да мәлім. Сондықтан Қытайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, мысалы, жүгері, соя, бидай, күріш, мақта дақылдарының әрқайсысының жекелеген бірнеше гендік өзгертілген сұрыптарын өсіруге рұқсат етілген.
55 миллиондай тақыр кедей бар
Қытай миллиардерлер саны жөнінен әлемде 1-орын алады. Онда қазіргі күндері 1000-ға тарта миллиардер бар. Дегенмен шығыс көршіміз әлемде кедей адамдар саны бойынша да алдыңғы орындардың бірінде тұр. 2022 жылы жарияланған бір деректе олардың саны 55 миллионнан асатыны туралы айтылған болатын. Қытай Компартиясы 2025 жылға қарай кедейлікті толық жоямыз деген. Алайда бүгінде ақпарат құралдары «жеңдік» деп жазғанымен, ресми билік тарапынан әзірге нақты жағдай туралы айтылмай келеді.
Қазақстанда қанша хань тұрады?
Қытаймен алыс-жақын 150-ге тарта шет елдерде қазіргі күндері 60 миллиондай хань ұлтының өкілдері тұрады. Олар біздің елімізде де кездеседі. Қазақстан халқы Ассамблеясының деректеріне сенсек, 2009 жылы олардың саны 3424 болыпты. Ал Қытайдың «Синьхуа» агенттігінің сол жылғы таратқан мәліметінде Қазақстанда этникалық қытайлар, қытай эмигранттары мен бизнесмендерінің саны шамамен 300 мыңдай болғаны айтылыпты. Анық-қанығын білмедік, бірақ 2021 жылғы жарияланған бір дерек бойынша олардың саны – 189 мың 762 адам.
Хань ұлтының өкілдері негізінен халқы көп Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында тұрады екен. Кей деректерде тіпті жүздеген хань ұлты өкілдерінің Қазақстан паспортына ие болғаны туралы да айтылады.
(Жалғасы бар).
Д. НҰРПЕЙІС.