Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-11-03 15:45:00 |
Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 223
Қазақ мәдениетінің тарихына зейін қояр болсақ салт-дәстүрге негізделген жөн-жоралғы, әдет-ғұрыптан кенде емеспіз. Сондай бір міндетті жөн-жоралғы – қызға қалыңмал төлеу. Оның өзі әр өңірде әртүрлі. Қыздың дәулетті жерден шыққанын әкесі берген жасауына қарап бағамдаған қазақ айттырып келген күйеудің мал-мүлкін де беретін қалыңмалына қарап таныған.
Ертеде бай-бағландар мырзалығын таныту үшін қалыңмалға үйірімен жылқы берген. Осылай байлығын паш еткізудің үрдісі – қалыңмалдың ең жоғарғы деңгейі «Бас жақсы» аталып кеткен. Оның құрамында мал-мүлікке қосып бір күң беру де әдетке енгені тарихтан белгілі. «Аяқ жақсы» деп аталатын қалыңмал жиынтығында 3 түйеге қосып бір жалшы адамды қосақтаған. Кедейлер қалыңмалдың нарқын 5-6 уақ малмен шектеген. Төре, би-болыстың бұлайша шашылуы мырзалығын дәлелдеу деп бағаланған.
Бір анығы бай да, кедей де өз деңгейіне қарай шешсе де қазақта қалыңмал беру дәстүрі болған. Соған сай қыз жасауы жасалған.
Басынан талай жер дауы мен жесір дауын өткерген бұл қазақтың тұрмыс салтында қалыңмалға қатысты да дау-дамайы аз болмаған. Сондай бір қызық мәліметті жуырда тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбекұлынан естіп білдік. Ол еліміздегі мемлекеттік мұрағаттардан бөлек жақын шет елдердің де мол тарихи мұрасы сақталған архивтерден құнды деректерді тауып, зерттеп жүрген азамат.
Нұржан Сәдірбекұлы архивтен қалыңмал дауына қатысты мынадай деректі тауыпты. «Ноғайқора болысы, №5 ауылдан Мұсабек Байғазыұлының арызы. Мен Мұсабек, Бөріжар болысының №7 ауылының қазағы Әбдісәмет Қалдыбаевтың қызын аламын деп қалыңмалын төлеп едім, ол сөзінде тұрмады, қызын басқаға берді, ал енді менің төлеген қалыңмалымды қайтармай жүр. Қалыңмалдың мусаммасы 3 түйе, 6 жылқы, 4 қаршыға, 44 қой, 1 ішік тон. Осы айтылған қалыңмалды өз еркімен қайтармай отыр. Сондықтан осы даулы мәселені Ноғайқора және Бөріжар болысының билері жиналатын Билер Құрылтайында қарап, мәселені шешіп беруін өтінемін.
1914 жыл 2 июнь».
– Осы арыз бойынша 1915 жылы Ноғайқора болысының басшысы бұл істі Құрылтайға дейін жеткізбей өзі шешіп, сұраған қалыңмалы қайтарылып, Мұсабек арызын кері алған, - дейді Нұржан Сәдірбекұлы.
Ноғайқора болысына арыз жазған Мұсабек Байғазыұлының даулап отырған қалыңмалының құрамына көз жүгіртсеңіз, мал-мүлікпен қатар 4 қаршыға қызықтыра түсері рас. Осының өзі қазақтың тұрмыс салтындағы қалыңмалдың деңгейі жоғарыда айтқанымыздай сан алуан болғанын айғақтайды.
Белгілі тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, «Бас жақсы» қалыңмал құрамында түзу мылтық, берік сауыт, қашса құтылатын, қуса жететін бір сәйгүлік, түйе немесе олардың орнына 20 жылқы болған. Қалыңмалдың құрамы орташа есеппен, мысалы үшін «Бас жақсы» -10 жылқы немесе 16 бас құлынды бие болыпты. «Жанама жақсы» - 1 таңдаулы жүйрік ат не түйе. «Аяқ жақсы» - 4 бас жылқы. Барлығы 47 бас мал. Ірі қара саны бір 20-дан бес 20-ға дейін барған.
«Ілу» - қызын тәрбиелегені үшін ұрын барғанда берілетін кәде ретінде ілгеріде бір тоғыз киім болса, кейін қара малмен орайлас қымбат зат болып белгіленген. «Ілуді» қыздың неше анасы болса сонша береді. Яғни көп әйелі бар отбасынан қыз алсаң сол әйелдердің бәріне ілу арнау керек болған. Мысалы, «Қаракесектен шыққан Қожан тентек: «Қара шорыңмын, Құдайдан да зорыңмын» дейді екен. Он жеті қатын алған ол «отыз ұлды Қожан» атанған. Сол Қожанның «Ілуінен» қашып, ешкім қыздарын айттырмапты. Қызының алды қырыққа келсе де байға тимепті. Қырық қызы күйеу алмай отырып қалыпты. «Ілу» деген түйе бастаған тоғыз, мұның бір қызына күйеу болғанға қалың малдан бөлек қатын басына бір тоғыз «ілу» керек. Ол аз мал емес. Сонда бір қатыны Қожанға: «Ұлы жиын бір аста жар шақырып, «Менің қызымды алатұғын адам қыздың өз шешесінен басқаға ілу қылушы болмасын!», - деңіз деп кеңес берген екен. Содан кейін ғана бір жұрттан он төрт қыз ұзатылыпты.
Қалыңмалға қыздың әкесінің ғана иелік етуге хақы бар. Егер қыздың әкесі қайтыс болса, берілген қалыңмалға иелік ету тек қыздың аға-інісі, немесе әкесінің туыстарының ішіндегі ең жақын ер адамға рұқсат етіледі. Егер қалыңдық жігіттен бұрын төсек көрген болып шықса, жігіт жағы қалыңмалына қоса бір тоғыз айып талап етуге хақылы. Ондайда қайын атасының отауының алдына күйеуге деген атын пышақтап, шапанын дар айырып кетеді. Ал төсек көрген жігіттің ісі билердің үкіміне түсер болса, сол іске кінәліден қыз әкесінің пайдасына тоғыз даулауға хақы бар, - дейді ғалым Жамбыл Артықбаев.
Қалыңмалды даулауға қатысты этнограф Серік Ерғалидің да өзіндік пайымы бар. Оның айтуынша қалыңмал қыздың құны емес. «Ежелгі таным бойынша қыз бір рудан, әулеттен кетеді. Оның орны белгілі бір нәрсемен толуы керек. Мал да жанның бір түрі. Сондықтан алушы жақ кеткен қыздың орнын малмен толтырған. Қазақ қызды алғанда мың жылға алады. «Құда мыңжылдық» дегеніміз сол. Егер күйеуі қайтыс болса, қызды әмеңгерлікпен жігіттің туыстары алады. Қыз қайтыс болса, ол әулеттен басқа қыз береді. Бұған көнбеген кезде ғана қалыңмал дауы туындаған», – дейді Серік Ерғали.
Қалыңмал – үй болуға келіскен екі жасты бір-біріне жақындастырып, екі арадағы сезімге алтын арқау болатын дүние екені де жасырын емес. Себебі қалыңмалы төленіп, құлағына сырға тағылған қыз біртіндеп келін болу әдебіне көшеді. Келіндік тұрмысқа дайындалады. «Бөтен жігіттерге еріп, ел қыдырмайды. Беталды жалғыз жүрмейді. Басы – байлаулы, жігіті сайлаулы қалыңдық атанады. Салтқа бағынып, әдеппен өмір сүруге дағдыланады. Қалыңмал өтеген жігіт те енді бөтен қызға көз сүзбей, тәртіппен өмір сүреді. Егер қалыңмал өтеп қойған жігіт қызға опасыздық істеп, қызды алудан бас тартса, онда қыз жаққа өтеген қалыңмалы қайтарылмайды. Қайта ауыл ақсақалдары опасыз жігітке айып қойып, сын тезіне алады. Опасыздық жасаған жігіт қыздың абыройына нұқсан келтірген болып, өтеген қалыңмалы сол айыбының орнына өтеледі. Оны жігіт жақтың әке-шешесі де сұрамайды. Қайта қыз жақ құдаларынан кешірім сұрап, ұлдарының айыбын бірге көтереді. Егер қалыңмалы өтелген қыз опасыздық жасаса, онда жігіт жақтың өтеген қалыңмалын қаз-қалпында қайтарып береді. Ол жігіттің абыройын төккенінің өтеуі болып саналады», - деп жазады этнограф-жазушы Болат Бопайұлы.
Қалыңдық ойнау
Тарихқа қайта үңілсек. Құда болу, айттыру, қалыңмал төлеу салтымен қатар қазақта бүгінде ұмыт болған «Қалыңдық ойнау» үрдісі де болған. Оны қалыңмал дауына қатысты архивтерден табылған жазбалар арасынан байқадық. Мысалы тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбекұлы Төрегелді Шоқаевтың қызына қатысты дау туралы архив мәліметінде осы дәстүр айтылады. Сонымен, Қаракөл болысында тұратын Құрманқұл Бауқарин деген жігіттің әкесі Бауқара 15 жыл бұрын яғни 1874 жылы сол өз еліндегі ысты Төрегелді би Шоқаевтың Ұлболсын деген қызын алу үшін қалыңмалын келіскен. Төрегелді елге беделді датқа, би, болыс болған. Ол заманда әкесінің беделіне қарай қыздың қалыңмалы да қымбат.
– Қалыңмал мусаммасы: 12 түйе, 5 жылқы, 120 қой және ақшамен 210 сом. Бөліп төлеу шарты болса да қалыңмал толық төленіп біткен. Бірақ қыз да, жігіт те әлі жас болғандықтан, қыз әкесінің үйінде қала тұрады. Күйеу Құрманқұл жігіт ержеткенде қалыңдық ойнап, қыздың үйіне келіп жүреді. Арадан 14-15 жыл өтеді. Қыз бойжетеді, жігіт те ер жетеді. Бір жолы Құрманқұл қалыңдық ойнап келгенде: «Шырағым бұның дұрыс емес, шариғат бойынша күнә болады. Неке қимастан қалыңдық ойнауға болмайды» деп келуге мүлдем тыйым салады. 1888 жылы бір келгенде Құрманқұл өзімен бірге неке қиятын бір молданы және некеге куәлік ететін екі күйеу жолдасты алып келеді. Бірақ қыздың әке шешесіне айтпай өздері жеке отау құрып, сол жерде қыз бен жігіттің некесін қияды. Некенің екі куәсі бар. Сондықтан Құрманқұлдың ойынша енді Ұлболсын оның заңды әйелі саналады. Бірақ 1889 жылы сәуір айында қыздың атасы Шоқай, болыс Қонарбаевпен дос болып, Құрманқұлға беремін деп отырған немере қызын Қонарбаевқа беруге келіседі. Олардың сөзіне қарағанда болыс Қонарбаев қызды келісімсіз алып қашып кетіпті. Осыған ызадан жарылардай болған Құрманқұл былай деп Ташкентке губернаторға арыз жазады: «Баяғы ескі заман болса бұрынғының билері біреудің қатынын алып қашқанды халық алдында зинақор деп «тасборан» қылып өлтіруші еді, алпыс жылқы айыбын төлетуші еді. Алып кеткен қатынын қайтарып беруші еді. Император Патша ағзамның низамы бойынша да біреудің қатынын алып қашқанның жазасы беріледі деп естіген едім. Сондықтан біріншіден осындай қылмысқа барып отырған болыс Қонарбаевты болыстық қызметінен алып тастау керек, екіншіден билер сотына беру керек, мен куәлерімді алып келемін. Бірақ бірінші шарты алдымен орындалуы керек. Әйтпесе сот әділ өтпейді, егер болыстық билік Қонарбаевтың қолында болса билер болыстың сөзін сөйлеп кетеді де әділдік болмайды».
Құрманқұл Бауқариннің бұл арызын қазақшадан орысшаға сол кезеңде тілмаш Айдаров аударған екен. Хаттың соңғы жағына «бұл арыз Облыстық басқармада қаралды. Ташкент шаһары 7 август 1889 жыл. Бұл арыз 11 августта Билер сотында қаралуы үшін Уездік басқармаға жіберілді» деп жазылған. (Орталық Мемлекеттік Архив 145 фонд, 3-опись, 17-дело, 12 парақ). Бұл даудың ақыры қалай біткенін білмейміз. Байқағанымыз, сол кездердің өзінде салт-дәстүрлер ескіріп, билерден әділдік кетіп, ескі Әдет заңдарынан алыстай бастағаны байқалады, - дейді тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбекұлы.
Бұл даудың соңы қалай болғаны бізге де қызық. Десе де біздің оқырманға жеткізбек болғанымыз «қалыңдық ойнау» деген салттың болғанына мысал келтіру еді.
Қалыңмал мәһрге жата ма?
Бүгінгі қазақтың салтында қалыңмал беру әлі де бар. Бірен-саран өңірлерде болмаса, барша қазаққа ортақ дәстүр – қалыңмал беру әлі де бар. Десе де, қоғамда жиі талқыланып, кейде дауға ұласатын мәселенің бірі – қалыңмал мен мәһр. Мұның бір-бірінен айырмасы бар ма? Әлде діни наным-сенімге орай соңғы жылдары қолға алынған мәһр беру үрдісі қазақтың о бастағы қалыңмалы ма?
Дінтанушы ғалымдар «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында: «Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдында және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар», – деген. Соның бірі – мәһр. Яғни қалыңдық неке қияр алдында күйеуінен мәһр талап етуге құқылы» дегенді алға тартады. Исламтанушы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Медет Құрмашұлының айтуынша, Исламда ер адамның әйеліне мәһр беруі – уәжіп. «Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ол туралы Мұхаммад Әбу Заһра өзінің «Әл-ахуалу әш-шахсия» кітабында: «Мәһр – күйеуінің мойнына жүктелген әйелдің алатын ақысы. Ол үйлену келісімінің бір үкімі немесе нәтижесі ретінде қаралады. Некенің дұрыс болу шарты емес. Сол үшін мәһрі аталмай қиылған неке дұрыс саналады. Бірақ некені қиған сәтте мәһр беру міндеті жүктеледі. Тіпті ерлі-зайыптылар мәһр бермеуге келіскен болса да, оны күйеуі беруі тиіс», - дейді ол.
Яғни, неке қиып жатқан сәтте мәһрді атап өту – сүннет. Мәһрді неке уақытында және кешіктіріп беруге, сонымен қатар бөліп төлеуге де рұқсат. Ханафи мәзһабы бойынша мәһр заттай не ақшалай берілуі керек. Арты дауға ұласпауы үшін заттың түрі, құны, ерекшеліктері нақтылануы тиіс.
– Мәһрдің ең жоғарғы өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 20-аятында: «Олардың біріне мол мәһр берген болсаңдар, одан ештеңе де қайтарып алмаңдар», – дейді. Ал мәһрдің ең аз мөлшері – Ханафи мәзһабы бойынша он дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде мәһрдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтынмен есептелетіні жайлы пәтуа қабылданды. Мәһрдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны сол мөлшерге толтыру керек, - дейді Медет Құрмашұлы.
Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы дәл осы мәһр мен қалыңмалға қатысты сұрақ өте жиі қойлатынын айтады. Тіпті «ҚМДБ қалыңмалды жойып жіберді, маһрмен теңестірді» деп айыптайтындар да көбейген екен.
– Мәһр - ердің қызға беретін сыйақысы. Бұл міндет болып табылады және некеде айтылмаса да жігіттің мойнында міндет болып қалады. Ал бұрынғы кезде ата-бабаларымыз жігіт жақтың тарапынан қалыңмалды қыздың жасауы етіп жіберген кезде қыз осы жасауды мәһр ретінде қабылдаған. Бұл - дәстүр және үрдіс ретінде жүріп келген дүние. Оны халық та, қыз да білетін. Уақыт өте қалыңмал біршама өңірлерде берілмейтін болды. Ондай кезде мәһр айтылуы керек. Осы себептерден мәһр айтыла бастады. Ал енді қалыңмал берілетін өңірлерде сол қалыңмалды мәһрге жатқызуға бола ма? Пәтуада осы мәселе қозғалған болатын. Қорытындылай келе, жігіт жақтан берілген қалыңмалды қыздың артынан жасау қылып жіберетін болса, қыз осы жасауды мәһр ретінде қабылдауға келісім берсе, сол жіберілген жасау мәһр болып есептелінеді. Бірақ ол мәһр болып есептелінуі үшін қыздың ризалығы керек. Сондықтан ҚМДБ мәһрді жойып жіберген жоқ, дініміз бен дәстүріміздің ұштасқан көрінісін қайтадан жаңғыртты, - дейді Елбек Тасболатұлы.
Осылайша Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі қалыңмалға қатысты да пәтуа шығарды. Онда күйеубала тарапынан берілетін қалыңмалға қыз разылық білдіріп, мәһрге жатқызуға келісім берсе ғана мәһр деп саналады. Әрі оны қыздың разылығымен артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады. Ал кей өңірлерде үрдіске айналған сый-сияпат түрі – «Әке еңбегі» (әке күші), «Ана сүті» секілділер қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік болғандықтан мәһрге жатпайды.
Түйін: Қалыңмалға қатысты салт-дәстүрдің шығу тарихынан бастап, оның дінмен байланысы, үрдіске айналған кей ғұрыптарды егжей-тегжейлі баяндағандағы мақсатымыз – дәстүрімізді білу, олардың шығу мәдениетінен хабардар болу. Бүгінгі оқырманның танымын кеңейту.
Әркім «көрпесіне қарай көсілетін» заманда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді де ұмытпаған абзал. Әйтсе де «Қалыңсыз қыз болса да кәдесіз қыз болмайдыны» ұстанған қазақ үшін қыздың сән-салтанатпен, жасауымен аттанғаны жөн-ау...
Ж.Жайлаубек