Соқыр ата

Дін мен дәстүр

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-11-20 12:45:00 |

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 162


Соқыр ата

Естелік-эссе

       

Соқыр ата деп отырғаным Әбдіқадыр деген кісі. Үлкен молдалығы,  арабша ілімі бар ақсақал Құран білген, тақуалығы биік азамат болған. Менің анамның әкесімен ағайынды еді. Сондықтан маған да алыс емес, нағашы ата болады. Балаға дем салатыны есімде. Естуімше, ауырып келген нәресте бірер демінен кейін-ақ, аяққа тұрып, жүгіріп кетеді екен.    

Қазақтың танымында аузы дуалы, сөзі уәлі, дұғасы қабыл адамдар өткен. Әдетте олар ерекше құрметке ие болған. Олар – тілегі қабыл, сөзі уәлі, батасы дарып, қарғысы қауіпті жандар ретінде сипатталған. Бұлар көбіне әулиелер, батагөй қариялар, ақсақалдар, әруақты адамдар деп аталған.

Қазақтың түсінігінде әулие деп елге әділ, діндар, парасатты, дұғасы қабыл, емші не көріпкелдік қасиеті бар адамды айтады. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи, Домалақ ана, Бекет ата, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды тұлғалар елдің санасында әулие адам ретінде қалыптасқан. Әулие адамның негізгі қасиеттері ретінде түнде намаз оқитыны, Құранмен жүретіні, елді ақылмен, сабырмен жөнге салатыны, тек Алланың разылығы үшін өмір сүретіні аталады. Олай болса, Соқыр атаның да бойынан осы қасиеттер табылатын. Соған қарағанда Соқыр ата деп отырған Әбдіқадыр атаның дәрежесі әулие деген атқа сай кеп қалатындай. Бір сөзбен айтқанда, бес уақыт намазын қаза етпеген, аузында Алласы, жүрегінде иманы бар, сөзі пәтуалы қария болатын. Елді бітімгершілікке шақырып, талай араздықты бейбітшілікпен шешетін қазылығы да бар-тын. 


Соқыр ата қазіргі Ордабасы ауданы, Көлтоған (бұрынғы Мамаевка) елді мекенінде туып өскен. Табиғаты сұлу, жанынан Арыс өзені ағып жатқан орман-тоғайлы жер. Менің балалық шақтағы балғын сезімдерге толы дәуренім Мамаевкамен де тығыз байланысып жатыр. Нағашы жұртқа қыдырып барғанда анам бізге жақсы киімдер кигізуге тырысатын. Ол кездері оқушының жазғы аяқ киімі үсті майда тесіктерге толы тәпішке болатын. Сандалик деуші еді ғой. Осы тесік аяқ киімді көрсе Соқыр ата тыныш отыра алмайтын. Аяғымдағы жаңа киімнің сапалы болғанына қармастан:  

– Әй, балам, бері кел. Аяғыңдағы тесік аяқ киімді кім әперді? – деп тиісетін. Сонда мен: 

– Жоқ, бұл тесік емес! – деп ақталатынмын.

– Жоқ, менің бір көзім соқыр болғанымен, екінші көзім көреді. Міне, тұр тесігі, мына жері де тесік – деп, тәпішкенің бар тесігін санап беретін.

– Жоқ ата, бұл зауыттан солай шыққан. Арнайы тесілген аяқ киім.

– Иә, әдейі тесіп тастаған киімді саған әперген ғой.

– Жоқ, әдейі емес!  

Фабрикалық өнімнің өзі солай шығарылғанын түсіндірумен шарашаймын да, ақыры жылап тынатынмын.

– Қой жылама, ол сенің нағашы атаң болады. Сенімен әдейі ойнап жатыр, – деп мұндайда анам араша болады. Жұбатады.

Балалық шақтағы осы көрініс көңілде ұзақ жыл сақталды.

Соқыр ата сұсты, тіпті үрейлі көрінетін. Бәлкім, бір көзінің соқырлығынан да болар. Есейе келе атамен болған әңгіменің қаншалықты жылы, тіпті махаббатқа толы көрініс екенін сезіне бастадым. Қыздан туған жиенін жек көрмегенін, қайта жақсы көргенін, сондағы менің наразылық танытып, ашына сөйлеген сөзімнен қария рахаттанғанын кештеу ұғындық. Сөйтсем, жасы ұлғайса да, Соқыр ата әзілге бір табан жақын болған екен ғой.    

Арада болған әңгімеден кейін өзі рахаттанып күліп алатын. Үйде бала қарайды, дем салады. Құран оқиды. Бес уақыт намазы бар. Қолы қалт еткен сәтте сыртқа шығып, таза ауамен тыныстап, айналаға көз жүгірткенде барып маған көзі түседі екен де. Ойлап қарасам, қазіргі тілмен айтқанда, «рекламная пауза» болсын деп, өзін-өзі сергіткен әрекеті, демалыс жариялаған амалы екен ғой.

Ата дүниеден өткен сәт есімде қалмапты. Біз бала едік. Үстіндегі ақ киімі мен қолындағы үлкен тәспісі ғана санамда сақталыпты. Үлкен ұлы Бақытжан аға атаны еске алған сәттерде бір демі балаға жеткілікті болатын деп отырады. Ал, келетін адамды алдын ала сезетін дейді.

– Баласын арқалап, бір ана келе жатыр. Дәрет алып, дайын отырайын, – дейді екен ата. Сол күні баласын көрсетуге әйел келіп, Соқыр атаға дем салдырады екен. Бірнеше күн мазасызданып, ұйықтамады деген баласы атаның демінен соң терлеп-тепшіп, бірден ұйықтайтын көрінеді.

Бұл күнде атамның үйі - қара шаңырақта Бақтияр атты ұлы отыр. Тағдыр шығар, Бәкеңнің үйіндегі жеңгем өмірден ерте өтті. Қыздары өсіп-жетілді. Қыздарға қолғанат Бейсенай әпке бар. Атамның қасиеті әпкеге де дарыған, балаға дем салады.   

Үлкен ұлы Бақытжан нағашым Шымкентте тұрады. Теміржол саласында еңбек етті. Бүгінде зейнеткерлікте. Діндар атаның жолын осы Бақытжан аға ұстанады. Көркем мінезді. Кісіге ауыртпалығы сезілмейді. Құранын оқып, дұға жасаудан жалықпайды. Бес уақыт намазын серік еткелі ширек ғасырдан асты. Құран оқытсақ, молданың тұяғы деп, алдымен осы нағашымды бірінші кезекте үйге шақырамын. Білген уағызын бізге жеткізуден шаршамайды. Бізге ұғынықты тілде, қарапайым, ауызекі мысалмен түсіндіреді.

Қалдығыз жеңешем екеуінен Алла берген Бақдәулет есімді бір ұл бар. Бір ұл болса да, он ұлға татырлық оған ұзақ ғұмыр нәсіп болсын деп тілеймін. Соқыр атаның ұрпағы, асылдың тұяғы ғой. Бақдәулетке қарап, кішіпейілдігіне, әсіресе, үлкенді сыйлауда ізетшілдігіне тәнті боламын. Осындай сәттерде бұл баланың атасы тақуа кісі – Соқыр ата ғой деймін. Иман байлығы зор Әбдіқадыр ақсақал Алладан салих ұрпақ тілеген шығар. Сол тілегіне сай Жаратушы Ием Бақдәулетті берген болар деп ойлап қоямын кейде.  

Ал атаның өмірлік серігі болған, сондай тақуа жанның үйіне жылулық сыйлап, бала-шағасына асыл ана болған – Нышанкүл апаның орны ерекше. Шешемнің туыс жеңгесі болғандықтан, маған нағашы әже болады. Балалық шақта анам апаны арнайы үйге шақыратын.  

Балалық шағымда әкешім мен анашым жаз айларында жиі қыдыратын. Қырымға курортқа көп баратын. Алматы, Сарыағашқа кететін. Осындай уақытта үйдегі бала-шағасы – біздерге бас-көз болатын кісі қалдырады. Бірде осы міндет Нышанкүл апаға жүктелді. Адам баласына ашулану былай тұрсын, ренжуді білмейтін жан еді. Нышанкүл деген есімі ерніндегі қоян жырыққа қатысты қойылса керек. Үйдегі телефонды бұрын-соңды көрсе де, пайдалануды білмейді екен. Телефон шыр етсе көтеріп, кімді шақырса да ақырын, баяу үнімен: «Айналайын, Бота», «айналайын, Айгүл» – деп немесе маған келіп, «Ерішжан, сені сұрайды, телефонды барып ала қой» – дейтін. Барсаң, телефон тұтқасы қойылып тұрғанын көресің.  

– Өзіңіз телефонға шақырасыз да, тұтқаны қойып қойғаныныз қалай? – дейміз біз.

– Ой, жаным қойып қойыппын ба? – деп күлетін де қоятын. Сөйтсем, тұтқаны жанына қоя тұру керектігін білмейді екен ғой, жарықтық.  

Онысына біз де ренжімейтінбіз. Осынша жасымен мектеп оқушысы – бізден елпектеп кешірім сұрап, байқамадым деп ақталатын. Бірқалыпты жүретін. Өмірден сол сабырлы күйде, сол көркем мінезбен өтті. «Неткен сабыр, неткен шыдамдылық?» деп таңқалатынмын. Нышан апа да атамыз секілді намаз оқитын. Дұғамен қорғанды. Қабірдегі қалін көзі тірісінде көп ойлағандар қатарында болды. Жалғанның сынақ екеніне күмәні болмады. Дүниеден өтер шағын Бақытжан ағадан еститінмін.  

– Апам ақырғы күнге дейін есін біліп, сөйлеп жатты. Жеңілдік болар деп, діни ілімі бар кісілерге дем салдырттым. Қайыр-қош дестік. Алланың аманатын тапсыру сәт таяған кезде де есін жоғалтпады. Басымды құбыла жаққа бұрып жатқызшы дегенді өзі түсіндіре білді. Солай жатқыздым. Апам ақырын ана өмірге аттанып кете барды, – дейтін Бәкең.  

Бір қарағанға жеңіл өлім секілді. Әрине, жан тапсыру оңай емес. Қиын. Жалғанды қимайсың. Бірақ, пәни өмірінде Алласына неғұрлым жақындаған адам өзіне аманатын қайтару сәтінде бір жеңілдікке кезігетіндей көрінеді маған. Жасаған құлшылығыңның бір өтеуі дегендей. Анығын бір Алла біледі. Қалай болған күннің өзінде Нышанкүл апаның ақыреті қайырлы болсын деп тілеймін. Адам баласына ауыртпалығы жоқ, көркем мінезді әженің жаны жәннатта шалқысын! Өйткені, менің білуімде ол кісі жалған өмірден көрі ақыретін көп ойлаған адам. Қайта тірілетініне кәміл сенген. Амал дәптерінің оңынан келуін, ал ақыретте иман таразысы салмақты болуын Алладан шынайы тілеген. Сондықтан Алла ақырғы демі таяған сәтте күш-қуат беріп, соңғы сөзі кәлима болуын нәсіп етті. Ал, ақырғы сөзінде кәлимаға тілі келген адам жаннаттық деседі ғой.   

Соқыр ата мен Нышан апалар уақыты көптіктен, қолы бостықтан құлшылық жасамады. Олар Алладан қорықты. Тоқтамынан тыйылып, рұқсат еткенімен ғана жүрді. Тақуалықтың үлгісіндей болған ата мен апаның салиқалы ұрпақтары көбейе берсін!  

Әйтсе де атам қазақ «тозбасты ұста соқпайды, өлместі Құдай жаратпайды» деп тағдырға бойсұнған, жүрегін қайғының қара батпағына көміліп қалудан сақтаған. Ақыретте қайта тірілетініне сеніп, иманды ұрпағы немесе әке-шешесімен жаннатта қайта қауышатынына кәміл сенген. Уақытша өмірде ажыраса да мәңгілік дүниеде бірге болатынынан үміт етіп, қайғыға сабыр еткен, Раббысына ризашылық білдірген.   

Айтуға оңай, бірақ дана бабалардың жолы сол, дәстүрі осы. Алла әрбірімізді кенеттен келер қайғыдан, көтере алмайтын сынақтан, түпсіз уайымнан сақтасын!

Ерлан Қуандық,

Шымкент қаласы.


Пікір қалдырыңыз: