Президент тапсырмасы Шымкентте неге орындалмай отыр?

Мәселе

Жариялаған: admin | Уақыты: 2025-11-25 10:15:00 | Соңғы рет жаңартылған уақыты: admin on

Бөлісу: Facebook | Whatsapp | Қаралым саны: 91


 Президент тапсырмасы Шымкентте неге орындалмай отыр?

      Немесе


Ескі ғимарат, сабылған науқастар...

   

Елімізде денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлінуде. Президент 2024 жылы бұл салаға бюджеттен 3,3 триллион теңге бөлінгенімен оның нәтижесі әлі көрінбей отырғанын айтқан болатын. Әрине, биыл бұл қаржының көбеймесе кемімегені тағы анық. Олай болса неге Шымкенттегі №10 емхана жетім баланың күйін кешуде?

Бір түсінбегеніміз, бұл емдеу мекемесінің басшылары отыратын ғимарат пен сырқаттарды қабылдайтын ғимарат екі бөлек жерде орналасқан. Бірқатар мамандар мүлдем басқа ғимаратта отырады. Былайша айтқанда, басы ауырып, балтыры сыздаған жан анализ өткізіп, науқасын анықтап, дәрігердің қабылдауына кіру үшін аталған үш-төрт ғимаратты шыр айналып шаршайды. Олардың ара қашықтығы жаяу адамға жақын болса бір сәрі, әбден сабылуына тура келеді. Сонда онсыз да сырқат адам не үшін осыншама әбігерге түседі?

Осы жайтқа Қайтпас-1 шағын ауданының бір топ тұрғыны наразылығын білдірді. «Бізге қызмет көрсететін №10 емхананың жұмысына көңіліміз толмайды. Барсаң «анау, мынау жоқ» деп әр жерге жіберіп әбігерге салады. Мамандарға көрінуді айтпағанда, тіпті, анализдің өзін әр жерге апаруға мәжбүрміз. УЗИ мен рентген аппараттары да дұрыс жұмыс істемейді. Бірде жарық сөніп қалады, енді бірде «база істемей тұр» деп онсыз да сырқат адамның жүйкесіне салмақ түсіреді. Дәліз де өте тар, қысылып-қымтырылып әрең жүресің. Қазіргідей тұмау күшейіп тұрған кезеңде емханаға ем іздеп барып, қосымша ауру жамап қайту оп-оңай. Мүмкіндігі барлар басқа емханаларды таңдаған, бірақ оған барлығының бірдей жағдайы келе бермейді ғой. Әсіресе, егде жастағылар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік осал топтағыларға қиын», – дейді Қалдарбек Жатабаев есімді тұрғын.

Шағымын жеткізген кісілер жастары үлкен зейнеткер болса да кезінде жауапты қызметтер атқарған, сауатты азаматтар. Президенттің Жолдауларын қалт жібермей қарап отыратындарын айтады. «2022 жылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.

Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді», деп айтқаны ақпарат құралдарында айтылып, жазылды. Алайда, мегаполис деп мақтана айтып жүрген қаламыздың дәл орталығында орналасқан Қайтпастағы емханада ешқандай өзгеріс болған жоқ», - деген Кәлима .... (фамилия) мемлекет басшысының үш жыл бұрынғы Жолдауынан үзінді оқып берді.

Тұрғындар айтқан Жолдауға біз де қайта көз жүгірттік. Рас, мемлекет басшысы 650 елді мекенде емдеу мекемесінің жоқтығын, алдағы екі жылда ол мәселе шешімін табатынын, төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артатынын айтқан. Олай болса ондаған мың тұрғыны бар Қ.Төлеметов көшесі, Қайтпас-1, Ақжайық, Қайнарбұлақ шағын аудан тұрғындарына неге сапалы медициналық қызмет көрсететін заманауи үлгідегі емхана жоқ?

Тұрғындар сөзінен кейін айтылған шағымның қаншалықты рас екеніне көз жеткізу үшін аталған емхананың Қаһарман көшесіндегі №68 үйде орналасқан ғимаратқа арнайылап бардық. Түс қайтқан мезгіл болатын. Кезекте адамдар отыр. Ғимаратта жарық жоқ. Емхана меңгерушісінің міндетін атқарушы Гүлжамал Исмайлова (?) жарықтың сөнуін жол-құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты екенін айтты. Бұл емханада УЗИ, рентген аппараттары бар, хирургтар ем-дом жасайды. Жарық сөнген жағдайда электр энергиясын беретін қосымша құрылғылар болуы керек емес пе?

Тазалық – денсаулық кепілі, лас жерден ауру көп тарайды. Бұл дәрігерлер жиі айтатын кеңес. Алайда, емханаға кіре берістегі контейнердің қоқысқа толып, сыртына дейін шашылғанына қарап, осы кеңесті дәрігерлердің өздері де көп ескере бермейтіндей сезілді. Емхананың шаруашылық істері бойынша меңгерушісі қоқысты алып кететін көліктің бұзылып қалғанын айтты. Ал емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әйгерім Тлеубергенова туындаған сұрақтарға басқарма басшысының келісімінсіз жауап бере алмайтынын ескертті.

Арада төрт күн өткенде тұрғындар емханада тағы да жарықтың жоқтығын айтып хабарласты. Дүйсенбі болатын. Бұл күні науқастар әдеттегіден көп болады. Емханаға сағат 11 шамасында барғанымызда шынында да жарық жоқ екен. Себеп - тағы сол жол-құрылыс жұмыстарының жүруі. Сонда жолды жөндеу үшін қайта-қайта жарықты сөндіріп, науқастардың, мектеп оқушыларының, басқа да төңіректегі мекемелер мен тұрғындардың құқын бұза беру керек пе? Рентгенге түсуге келген адамдар светтің келуін сабылып күтіп отыр.

Тағы да басшылықтың пікіріне жүгіндік. Емхана заңгері Нұрболат Байзақов былай деді: «Жарықтың өшуінің басты себебі - жол жөндеу жұмыстарының жүруі, ағаштарды кесу де бізге кедергі келтіруде. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания тарапынан немесе әкімдіктен бізге екі күнде де жарықты өшіретіндері жайында алдын ала хабарламады. Ертерек ескерту жасалса бір амал еткен болар едік. Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ және алдағы уақытта да қайталанбасына кепіл жоқ. Сол себепті, бұл келеңсіздік жайында қалалық денсаулық сақтау басқарма басшылығына хат дайындап отырмыз. Ал енді емхананың жағдайына келсек, ғимараттың ескі екені рас. Жаңа ғимарат салуға «Тұран» шағынауданынан жер берілген, әкімдік осы мәселені ертерек шешіп, халық сұранысын қанағаттандырса екен дейміз».

Сұрастырып білгеніміздей, №10 емханаға 45 мыңдай адам тіркелген екен. Ал бас дәрігердің «Ана мен бала» денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Қаржауова өздеріне қарайтын аймақта халық саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады. Көптеген тұрғындар басқа емханаға тіркелген болса керек. «Емханамызға жаңа ғимарат салынар болса, өзге емханаға таңдау жасаған тұрғындардың дені қайта өзімізге келер еді. Тіпті, көрші Тұран шағынауданынан да келіп тіркелер азаматтар қатары артуы бек мүмкін», – дейді Б.Қаржауова.

Жаңа емхана салу, науқастарға заманауи медициналық құралдар арқылы сапалы қызмет көрсету – заман талабы, қала берді Президент тапсырмасы. Ендеше Президент тапсырмасының Шымкентте орындалуына кім кедергі болуда?

Ұлықбеу ҮМБЕТ.

 

 


Пікір қалдырыңыз: